Тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен бері ұлттық тарихымыздың қадір-қасиеті мен өзектілігі күн санап артуда. Бұл ауқымды саланы заманауи талаптар биігінен зерделеуге соны серпін берген тұлға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екеніне ешкімнің дауы жоқ. Мемлекет басшысының тарихи көзқарасын: «Өткендердің қадірін білу, олардың арман-мүдделерін жалғастыру – адамгершілік парыз ғана емес, қоғамдық дамудың, ілгері басудың негізгі алғышарттарының бірі», «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ», деген ой тұжырымдарынан байқау қиын емес. Тәуелсіздік мемлекетке, азаматтарға ғана емес тарихқа да қажет екенін тереңінен толғанған Елбасы оны екі бағытпен жүзеге асырды.
Бірінші бағыт – тарих білімі мен ғылымының ілгерілей дамуына қажетті
алғышарттар мен қажеттіліктерді өтеуі. Бұл орайда Президентіміздің тікелей араласуымен тарихи білім беру жүйесі реформаланды, жаңа буын оқулықтар мен оқу құралдары жазылды, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары ашылды. Зәрулігі өткір мамандықтар бойынша маман даярлау қолға алынды.
Қысқасы, атқарылған істерді тізіп шығу мүмкін емес. Сондықтан да шығар, қолына қалам ұстаған көзіқарақты жандардың бәрі тарихшы болуға шақ қалды. Мұның жақсы да, жаман да жақтары бар екеніне көзіміз жетуде. Атын шығарудың оңай жолын таңдағандарға айтылған сын-ескертпелер баршылық. Елбасы да бірде былай деген еді: «Тарихтың тағылымы біреу-ақ: ол ешқандай тағылым бермейді дейтін тұжырымға мен үзілді-кесілді қарсымын. Тарихты жеңіл-желпі аңыз сөздердің жиынтығы деп қарайтын адамдар шынында да тарихтан тағылым ала алмайды». Түптеп келгенде, қазіргі Қазақстанда тарихи білім мен ғылымды дамытуға айтарлықтай бөгесін қалған жоқ.
Екінші бағыт – ұлттық тарихты жазуға Елбасының қосқан өзіндік үлесі. Мұның өзі бірнеше салаға жіктеліп жатыр. Алдымен ауызға аларымыз – тарихи зерттеулердің құйрық-қанатындай деректік-ақпараттық базаның байығаны. Жинақталған мол қазынаны сақтайтын, ғылыми айналымға енгізетін жаңа құрылымдар – археография мен деректанудың ұлттық орталығы, Қазақстанның Ұлттық архиві шаңырақ көтерді.
Деректік қорды толтыруда «Мәдени мұра» бағдарламасының орны алабөтен. 2004 жылғы 13 қаңтарда Президент Н.Назарбаевтың «2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қоюын Қазақстан тарихындағы жұлдызды сәттердiң бiрi ретiнде ұғынғанымыз жөн. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы 2006 жылы аяқталмай, 2012 жылға дейін жалғасты. Барысында әлемдік ақыл-ойдың жауһарларын, ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыздың баға жетпес жәдігерлерін, бабаларымыздың таланты мен қолынан шыққан асыл қазыналардың басын қосқан, сырын ашқан жүздеген том кітаптар жарық көрді, бұған дейін айтылмай келген немесе беймәлім құжаттар, деректер әлемнің түкпір-түкпіріндегі – Түркиядағы, Қытайдағы, Моңғолиядағы, Жапониядағы, Египеттегі, АҚШ-тағы, Батыс Еуропадағы кітапхана, мұрағат, мұражай қорларынан табылып, ғылыми айналымға енді. V ғасырдан астам тарихы бар Қазақ мемлекетінің шежіресінде бұрын-соңды мұндай ауқымды, нәтижелі, мақсатты рухани-практикалық және ғылыми-танымдық ізденіс орын алмағаны күмәнсіз ақиқат. Жалпыұлттық жобадан Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты тыс қалған жоқ. «Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы», «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары», «История Казахстана в произведениях античных авторов», «История Казахстана в западных источниках ХІІ-ХХ вв», «История Казахстана в русских источниках XVI-XX вв» атауымен институт қызметкерлерінің ізденісімен 2004-2011 жылдары түзілген ұзын-ырғасы 47 кітап ұлттық тарихнамамызға қосылған сүбелі үлес екені сөзсіз.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуы – тәуелсіз Қазақстанның ұрпақтан ұрпаққа жалғасар мақтанышы. Елбасымыз атап өткендей, ЮНЕСКО тарапынан да бұл дүниеде сирек кездесетін жоба, басқа елдерге де өнеге болатын құжат деп белгіленді. Болашақ тарихшылар оның тәжірибесі мен тағылымын ыждаһаттылықпен зерделейтініне кәміл сенеміз.
Отан тарихының маңдайын ашқан президенттік келесі үлеске қуғын-сүргін құрбандарын еске алу (1997), ұлттық тарих (1998) жылдар белгілеуін, ашаршылықтың 80 жылдығын атап өтуін (2012), Абылайдың 300 жылдығын тойлауды (2013), ЮНЕСКО календарына Түркістанның 1500, Тараздың 2000 жылдығын, Абайдың, М.Әуезовтің, Қ.Сәтбаевтың, Ә.Марғұланның, Ә.Қастеевтің, Құрманғазының мерейтойларын енгізуін жатқызамыз. Осылардың әрқайсысы ғылыми ақиқатты қалпына келтіруге, «ақтаңдақтарды» жоюға шылбыр ұстататын деректерді табуға жетеледі.
Ұлттық тарихымыздың бары мен жоғын түгендеуге салған президенттік олжаның сүбелісі – қаламынан туған кітаптары, баяндамалары мен сөздері, мақалалары мен сұхбаттары. Елбасымыздың Отан тарихын, тағылымы мен маңызын терең білетіні, жоқтаушысы да бола алатыны тәуелсіздіктің алғашқы күнінен көзге түсті. Оған 1991 жылғы 17 желтоқсанда Желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған митингіде сөйлеген сөзі – бұлтартпас айғақ. Сол жолы сөзін тарихтан бастағаны әсте кездейсоқтық емес. «Тарихтың ойлы-қырлы белестерінде халықтың жүрегінде сақталып, жадында жатталып қалатын, қоғамдық дамуға айрықша әсер етіп, ұлттық сана-сезімге қозғау салатын аса маңызды оқиғалар болады. Қазақ халқы үшін сондай асулардың бірі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы», – деді ол. Бұдан кейін 1986-1991 жылдар аралығының тарихы талданды: «Сол бір ызғарлы күндер мен түндерде талайдың обалына қалған орталық қазір біржолата күйреуге айналды, барлық жерде ұлттық сана-сезім оянып, егемендіктің, тәуелсіздіктің тулары бірінен соң, бірі көтеріліп жатыр. Біздің Қазақстанда да көптеген игілікті іс атқарылды: қазақ халқы, қазақстандықтар бүкіл ел болып Тұңғыш Президентін сайлады, өз билігіміз өз қолымызға тиді, өз байлығымызға өзіміз ие болуға айналдық, тіліміз, дініміз, әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміз қайта оралды, арыс азаматтарымыз ақталды, елім деп еңіреп өткен есіл ерлердің, ел билеген азаматтардың есімі бұрынғыдай қастерлене бастады». Қысқа да нұсқа сөз «тарих көші ұзақ» екенін алға тартумен, оның сабақтары жастар үшін маңызды екенін талдаумен аяқталды. «Жастар, – деді Тұңғыш Президентіміз, – сіздердің бақытты болашақтарыңызға сенемін. Өзімізді өзіміз сыйлайтын болсақ, жат жанынан түңіледі. Алдымызда әлі талай қиын-қиын асулар, сын сағаттар тұр. Осы қысылтаяң кезде, халықтың бірлігі өте қажет. Сонда ғана өз мүддемізге жете алатынымызға сенемін».
Тәуелсіздіктің бірінші күніндегі тарих жайлы толғаныс кейінде арнасы кең дарияға айналды. Ендеше, ұлттық тарихтың кез келген дәуірі мен айтулы оқиғаларына қатысты Елбасы тұжырымдары байтақ зерттеуді талап ететін тақырып. Сондықтан біз айрықша маңызы бар бірер мәселеге ғана тоқталғанды жөн көрдік.
Алдымен айтарымыз – Н.Назарбаев тарихтың объективті де, субъективті де заңы барын қуаттайды. Адамзат өркениетін халықтар мен мемлекеттердің тарихи аренаға келуінің, өсіп-өркендеуінің және одан кетуінің үздіксіз құбылысы ретінде қабылдауымен қатар түпжаратушының да шексіз дархандығын жоққа шығармайды. «Құдай қазаққа қырын қарамаған: пейіліне сай етіп ұлан-ғайыр жер берген, асты-үстін толтырып кең берген, ақ көңіл, адал ел берген, жаны үшін малын, ары үшін жанын садақа ететін ер берген», «Құдай қазақты шыдамынан ажыратпасын», деген ойтүйіндері ұлттық тарихымызға да, әлемдік тарихқа да жаңаша көз жүгіртуге тікелей қатысы бар.
Тарихты түзу заңындағы табиғат пен түпжаратушының биік миссиясын айқындағаннан кейін халықтың, тұлғалардың жасампаз әрекеті мен идеяларындағы жалғастық пен сабақтастықты тарих заңы биігіне көтерді. Халық пен тұлғаның тарих үдерісіндегі орны және ықпалы мемлекеттік тәуелсіздіктің бар-жоғымен анықталатынын дәйектеуі, біздің ойымызша, ұлттық тарихымызды зерттеуге кең өріс ашатын қағидат. Бұл орайда да тарих заңының объективті әрі субъективті қасиеттерін тең ұстау керектігі былайша сомдалған: «Тәуелсіздіктің қайта оралғаны – біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресінің заңды өтеуі. Жаратқан Иенің жасаған әділдігі. Ата-бабаларымыздың осыншама байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалғанының арқасы».
Елбасы еңбектерін зерделей оқи отырып, Қазақстан тарихы мен өркениетін әлемдік үдерістердің құрамдас бөлігі ретінде бағалайтынын, бірақ ол тарихтағы ұлттық мазмұн мен ерекшеліктерді ашуға бөгет болмауға тиістігін қаперден шығармағанын көреміз. Президенттік осынау пайымның жаңашылдығы – адамзат қоғамы дамуына үлес қоспайтын халық пен ел жоқ екенін тарих заңына айналдырғанында және ол ғылымның мүддесін ғана қорғап қоймайды, Қазақстан тәрізді жас мемлекеттің интеллектуалдық азаттығын нығайтуға да септеседі.
Адамзат қоғамының ілгерілеу заңына ұстанымын білдірген Н. Назарбаев оның сан алуан құрамдас бөліктерінің бірде-біреуіне абсолютті басымдық бермейді. Тарих тағдырын бірде экономикалық фактор, келесіде саяси көшбасшының көрегендігі, кейбір дәуірлерде ел ішінің тұрақтылығы мен ынтымағы, бәсекеге қабілетті халқы, ғылымы мен білімі шешетінін үздіксіз айтып келеді. Қазіргі Қазақстанның ерекшелігі мен табысты елге айналуының бастауы ішкі-сыртқы саясатының көпвекторлы сипатында. Ал осы саясатты анықтаушы Елбасы былай дейді: «Жай ғана саяси тәуелсіздік пен күшті мемлекет арасын зор қашықтық бөліп жатыр. Біздің мақсатымыз – Қазақстанның тәуелсіздігін ақиқат шындыққа айналдыру, экономикалық, құқықтық, әскери, ақпараттық өлшемдерді ақиқат шындыққа айналдыру. Бүгінгі мемлекеттің аксиомасы осындай».
Президенттік аксиоманы ұлт тарихын зерттегенде кеңінен қолданатын мезгіл жетті. Өйткені, тарихты танудың басты заңына меншік түрін, өндіргіш күштерді айналдырғанда шыққан кеңестік биігіміз белгілі ғой.
«Тарихтың соншама бай, сан қырлы болып келетіні сияқты, танымның жолы да сан тарау», дейді Н.Назарбаев. Демек, ұлттық тарихымызды зерделейтін, ғалымдар мен зиялыларға артылатын міндет жүгі жеңіл емес. Тарихшыларымыз қара қылды қақ жарған тура бидей ақиқат биігінен көрінуге тиіс. Қазіргі уақытта қатпары қалың деректерді игерместен «өзім білемге» салынған кейбір зерттеушілер әлеуметтік қақтығыстарға, пессимизмге, танымдық адасуға ұрындыратын еңбексымақтарын жариялап жатқаны құпия емес. Ғылыми-атақ-дәрежені, сол арқылы лауазымды қызметті сұғанақтық (плагиат) жолмен алған әріптестеріміз арамызда жүр. Жүздеген кітаптар, мыңдаған мақалалар әлдеқашан айтылған ойларды қайталап, тарихтың тартымдылығын жойды. Осының бәрі ұлттық тарих ғылымына қойылған президенттік талап пен өлшемнің үдесінен шықпағанның көрінісі.
Тарих өлшемі бойынша, ширек ғасырға жуық уақыт – қас-қағым ғана сәт. Ұлттық тарихымызды зерттеу мен насихаттауда, оқыту мен ұлықтауда біткенінен бітпеген іс көп. Елбасымыз сөзімен айтсақ, «тарихтың ұлы ұстаз екені рас, дегенмен, мәңгі-бақи оның аясында қалып қоюға болмайды». Ол әрбір қазақстандықты жасампаз әрекетке жұмылдыратын, оптимистік қуатты құлшыныс туғызатын білім мен біліктіліктің, инновация мен сенімнің көзіне айналғаны абзал. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан осылай туады.
Хангелді ӘБЖАНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және
этнология институтының директоры,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі.
АЛМАТЫ.