Көрме • 14 Сәуір, 2023

Луврдағы көрмеге дайындық барысы пысықталды

352 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов облыс әкімдері орынбасарларының, бірқатар отандық музей мекемелері басшыларының қатысуымен республикалық кеңес өткізді. Аталған жиында әйгілі Лувр музейінде Қазақстанның Ұлттық көрмесін ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Еске салсақ, Ұлттық көрмені ұйымдастыру идеясы ел Президентінің 2022 жылғы 29-30 қарашадағы Францияға сапары барысында айтылған еді.

Луврдағы көрмеге дайындық барысы пысықталды

Қазақстан халқы үшін бұл көрме тарихи маңызы зор оқиға. Еліміздің бай мәдени мұрасы Еуропаның ең ірі музейінде алғаш рет ұсынылады. Луврға жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен 10 миллионға жуық адам келеді. Бұл, әрине, Қазақстанның туристік әлеуетін көтеруге әсерін тигізеді.

Ұлттық көрме «Қазақ дала өркение­тінің мәдени коды» жобасы аясында әлемнің адам ең көп баратын және беделді мәдени алаңында Қазақстанның мәдени мұрасы тереңнен қаузалып, дайын­далатын болады.

Халықаралық жобаның жол картасы алдағы үш жылды қамтиды. Жо­баның түйіні 2026 жылы Лувр музейі­нің павильоны мен залдарына қойылатын «Дөңгеленген дүние: қазақ дала өркение­тінің мәдени коды» көрмесі болмақ.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов аталған ведомство Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін бірқатар дайындық жұмыстарын жүргізгенін атап өтті.

«Жобаның 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы құрастырылды. Жоба операторы ретінде Ұлттық музей белгіленді. Жобаның тұжырым­дамасының алғашқы нұсқасы әзірленді, өйткені мұндай ауқымды көрмені дайындау бір жылдың ісі емес. Өткен аптада Францияға сапарым аясында Лувр басшылығымен осы беделді алаңда Ұлттық көрмені ұйымдастыру мәселелері бойынша кездесу өтті. Бұл жобаны іске асыру барысындағы міндеттердің деңгейі аса жоғары, сондықтан біздегі музей саласы ғылыми, музейтану зерттеулерінің міндеттерін үйлесімді орындайтын және мәдени мұрамызды лайықты деңгейде таныстыратын біртұтас шығармашылық ағза болуға тиіс», деді министр.

Сондай-ақ ол халықаралық көрмелер ұйымдастыру қай елдің болса да әлеуетін дүние жүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік екенін айтты.

«Қазақстан халқы үшін бұл көрме тарихи маңызы зор оқиға. Еліміздің бай мәдени мұрасы Еуропаның ең ірі музейінде алғаш рет ұсынылады. Луврға жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен 10 миллионға жуық адам келеді. Бұл, әрине, Қазақстанның туристік әлеуетін көтеруге әсерін тигізеді. Көрменің халықаралық аренада үлкен жетістікпен өтуі еліміздегі музей мекемелерінің көрмеге қаншалықты үлес қосатынына тікелей байланысты», деді Асхат Оралов.

Көрменің хронологиясы б.з.б. IV мыңжылдықтан XIX ғасырдың ортасына дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл қазақ дала өркениетінің өз мәдени кодын қалыптастыра отырып, үздіксіз дамып келе жатқан уақыт. Экспозицияның негізін республиканың бірқатар му­зейінің қорынан алынған сирек жәдігерлер құрайды. Яғни Қазақстан тарихының барлық негізгі дәуірлері таныстырылатын болады.

Қазақстанның музей мекемелерінің бұл жобасы әлемге ежелгі дәуірден бас­тап, Шығыс пен Батыс өркениеттерінің жаһандық қиылысы мен олардың трансконтинентальдық сауда магис­тралдарының қақ ортасында өмір сүрген қалалық және көшпелі мәдениеттердің тарихын, халықтың философиясы мен дүниетанымын берген дала өркениеті феноменінің көрнекі бейнесін көрсетуді көздейді. Ұлттық мұраны экспозициялау жалпы әлемдік мәдени құндылықтар контексінде жүргізілетін болады және көшпелі мәдениеттің адамзат өрке­ниетінің дамуына қосқан үлесін айқын көрсетіп береді.

Аталған жобаны іске асырудың алғашқы қадамдарын Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова қысқаша баяндады.

«Аз уақыт бұрын Луврда Өзбекстан Республикасының көрмесі өткен кезде француздардың өзбек мәдениетіне деген қызығушылығы ерекше сезілді. Өзбекстан бұл көрмеге 2009 жылдан бері дайындалды. Алғашында олар көрмені 1 200 шаршы метр көлемінде жоспарлады. Алайда кейінгі уақытта бұл көлем панде­миялық және қаржылық себептерге байланысты үш есе қысқартылған соң 200-ге жуық экспонат қойды. Сонда да көршілес елдің Франциядағы көрмесі өте сәтті өтті. Луврға күніне кем дегенде 30 мың адам барады. Бір билетінің құны – 17 еуро. Осыдан-ақ музейдің қаржылық әлеуеті мықты екені білінеді. Жалпы, Луврдың басқа халықтардың өнеріне өздерінен орын беруі оңай шаруа емес. Олардың көрмеге қойылатын талаптары да жоғары. Сол үшін жұдырықтай жұмылып, Луврдағы көрмені сапалы деңгейде өткізу керекпіз. Елшілік тарапынан қажетті барлық көмекті көрсетеміз», деді Гүлсара Арыс­танқұлова.

Алқалы жиында Ұлттық музей дирек­торының міндетін атқарушы Айбек Сыдықов көрменің жалпы көрінісімен таныстырды.

«Ұлттық көрме атауын «Дөңгеленген дүние: қазақ дала өркениетінің мәдени коды» деп алып отырмыз. Дегенмен біз халықаралық көрме тақырыбына қатысты ұсыныстарды тыңдауға және талқылауға дайынбыз. Көрме экспо­зи­ция­сында Қазақстанның музей қорларынан жиналған энеолиттен бастап Қазақ хандығына дейінгі уақытты қамтитын құнды және бірегей музей жәдігерлері ұсынылады. Көрме сценарийін дайындауда хронологиялық тәртіп басшылыққа алынды. Қазақ халқы үшін дала – адам өміріне арналған кеңістік, жыл бойы үздіксіз көшіп-қону циклі болып табылады. Ал бұл ен даланы игеру, көшпенділердің өркениетін дамыту, жылқыны қолға үйретумен тығыз байланысты болды. Көрме сюжеті дәстүрлі шаруашылық, қолөнер, өнер, мәдени-тілдік коммуникациялар, нанымдар мен дәстүрлер, аумақтық маркерлерді көр­сету арқылы тарихи хронология бойынша өрбитін болады. Әр бөлім сюжетінің негізін археологиялық арте­фактілер құрайды», деді Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы.

Сондай-ақ ол көрме экспозициясы 6 бөлімнен тұратынын атап өтті. Әр бөлім Қазақстанның ежелгі көшпенділері мен қазақтардың материалдық және рухани мәдениетін насихаттауға бағытталған.

Жоба шеңберінде шолу лекциялар, ғылыми симпозиумдар, семинарлар мен конференциялар бар ғылыми-әдістемелік бірқатар іс-шара жоспарланып отыр. Мұның бәрі қолданбалы және іргелі сипаттағы музейтану зерттеулері негізінде жоба серіктестерінің кәсіби тәжірибе алмасуын қалыптастыруға, музей мекемелері қызметінің мазмұнын тереңдетуге, олардың ғылыми әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан өңірлік бірегейліктің өзіндік дискурсын құра отырып, дала өркениетінің аумақтық ерекшеліктерін, оның табиғи, материалдық және рухани ресурстарын ғана емес, сондай-ақ өзінің тарихи даму тәжірибесін көрсетеді.

Айта кетейік, Елшіліктің, Сыртқы істер, Ақпарат және қоғамдық даму министр­ліктерінің, музей қауымдас­тығы өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан кеңес – бұл үлкен бірлескен жұмыстың бірінші кезеңі ғана. Әрі қарай ғылыми, сараптамалық қауымдастықпен жұмыс жасалады.