Тұлға • 13 Сәуір, 2023

Тұлға тағылымы

335 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ тарихының ақтаңдақ беттерінде жазылған Алаш арыстарының ауыр да азапты, тағылымды да қасіретті тағдыры кім-кімді де толғантпай, ойлантай қоймайды. Ал олардың өмір мен өлім арасында арпалыса жүріп, ұлт ертеңі үшін еңсерген ерен еңбегі шын мәнінде ерліктің, елге қалтқысыз қызмет етудің, ұлтын сүюдің жарқын үлгісі. Сондай тұлғалардың бірі де бірегейі – өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Темір Нарком» атанған Темірбек Жүргенов! Биыл айтулы тұлғаның туғанына – 125 жыл!

Тұлға тағылымы

Осыған орай Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Театр өне­рі және өнертану» факультеті, «Өнер­тану» кафедрасы ұжымының ұйым­дастыруымен «Темірбек Жүр­генов – қазақ өнерінің жа­на­шыры» атты дөңгелек үстел мә­жі­лісі өтті.

Жалпы, биыл тек тарих қана емес, шараны ұйымдастырушы іргелі оқу орны – Қазақ ұлттық өнер университеті үшін де ма­ңыз­­ды жыл. Құрылғанына 25 жыл толып отырған білім ордасы атаулы мерейтой аясында жыл ба­сынан бері түрлі тағылымды іс-ша­ралар ұйымдастырып келеді. Соның бірі – Темірбек Жүргенов тағылымын тануға арналған айтулы шара. Бұлай болуы тарихи заңды да. Себебі ұлт қайратке­рі Темірбек Жүргеновтің қазақ өне­рі­нің дамуы мен өркендеуіне сіңір­ген еңбегі зор. Бүгінгі қазақ мәдениетінің келбеті мен жалпы деңгейі үшін бәріміз де Темірбек Жүргеновтей тарлан тұлғалар­ға қарыздармыз десек, титтей де артық айтқандығымыз емес. Әсіре­се 1936 жылы Мәскеуде өткен Қа­­зақ өнері мен әдебиеті онкүн­ді­гінің жоғары деңгейде ұйым­дастырылуына атсалысқан Жүр­ге­новтей марғасқалардың еңбегін тарих таниды, ұрпағы ұлық­тайды.

Бұған алқалы жиынға қатыс­қан Темірбек Жүргенов қоғам­дық қо­рының төрағасы, Қызылорда қа­ласы мен Қармақшы ауданы­ның құр­метті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Сәби Аңсат жан-жақ­ты тоқталып өтті. Мәртебелі мейман қайраткердің өмір жолын дәріптеудегі жетістіктер мен кемістіктер туралы кеңінен әңгі­мелеп, 1936 жылғы Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүн­дігін ұйымдастырудың тарих үшін қаншалықты маңызды болғанын айта келе: «Онкүндік қазақтың айрықша мәдениетіне Мәскеу­дің көзін әбден жеткізді. Қылған қиянаттарына қынжылтты. Дәл осы оқиғадан соң, яғни 1936 жыл­дың 5 желтоқсанында Қазақ Ке­ңес­тік Социалистік Республикасы болып қайта құрылдық. Осыған онкүндіктің себі болмады дейсіз бе? Оған дейінгі автономиялық мәртебеден ажырап, кеңес одағы құ­рамындағы дербес Респуб­ли­ка атандық. Республика атануы­мыз­дың арқасында 1991 жылы кеңес одағы тарағанда жеке дара мемлекет боп Тәуелсіздігімізді жа­рия­лауға мүмкіндік туды! Енші­міз­ді алдық!» деп тебірене толғанды.

Тарихи тұлға есімін ұлықтап, еңбегін өскелең ұрпаққа дәріптеу­ге арналған ғылыми конференция­ны Қазақ ұлттық өнер университеті­нің аға оқытушысы, ақын-жазу­шы, кинодраматург, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ұларбек Нұрғалымұлы жүргізді. Тағы­лым­ды шара шымылдығы бел­гілі актер, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Жанқалды­бек Тө­ленбаевтың жетекшілігі­мен «Му­зыкалық театрдың әртісі» ма­мандығының 2-курс студент­тері қойған жазушы-драматург Р.Отарбаевтың «Нарком – Жүр­ге­нов» қойылымымен ашылып, ресми бөлім жиынға қатысқан қонақтар мен университет сту­дент­терінің мазмұнды баяндамаларына ұласты.

Атап айтсақ, іс-шараның кіріс­пе сөзінде атаулы өнер ордасы­ның ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Ғайни Мұхтарова: «Бү­гінгі іс-шарадан бөлек 28 сәуір көр­­кем өнер факультеті атынан сурет көрмесі ұйымдастырыла­ды. Бұл көрмеде тек Темірбек Жүр­­ге­новтің өмірі мен қоғамдағы орны ғана емес, жалпы қазақ та­рихындағы қайраткерлерге ар­налған тарихи жанрдағы еңбек­тер қамтылады. Бұл іске жас­тар­дың көптеп тартылғанын қалай­мын. Осылайша, біз Темірбек Жүргеновтің ұстанымын көпке дәріптегіміз келеді», деді.

Ал Phd докторы, ҚазҰӨУ-нің доценті, театртанушы Нартай Ескендіров «Т.Жүргеновтің – қа­зақ театрының дамуына қос­қан үлесі» атты баяндамасында: «М.Әуезовтің қаламынан ту­ған «Хан Кене» (1928 жылы жа­­зыл­ған) пьесасының сахнадан көр­­сетілуіне де Т.Жүргенов үлкен ық­пал жасаған. Спектакль пре­мьера­сынан кейін «Хан Кене» де­ген мақаласын орыс тілінде жа­зып, «Казахстанская правда» газетіне бастырған» деп тұлға­ның қазақ театры өнеріне сіңір­ген еңбе­гіне айрықша тоқталды. Ал бел­гілі кинотанушы, өнертану кандидаты Нәзира Рахманқызы болса Алаш арысының ел көп біле бермейтін қайраткерлік қыр­ларына үңілді: «Темірбек Жүр­ге­нов кино өнерінің ұлтқа қызмет ететін нағыз идеология екенін сол кезде білген. Болашақты бол­жаған көрегенділігіне таң­ғаласың. Оған себеп – 1935 жылы Қазақстандағы кино ісін ұйым­дастыру туралы қаулыға қол қой­ған. Осы қаулы Қазақстанның өз киностудиясының дүниеге ке­луіне себеп болды. 1936 жылдан бастап алдымен Алматы кино­хроника студиясы, кейінірек көр­кемсуретті фильмдер студия­сы жұмыс істей бастайды. Ал 1945 жылы осы екі студия бірігіп, Алматы көркемсуретті және хро­никалық-деректі фильмдер сту­диясына айналады. Міне, бәрі­міз білетін «Қазақфильм» ки­но­студиясының тарихы осылай бас­талған еді. Фильмдер өндірісі бол­май, кино өнерінің аяқалысы да ілгерілемейтіні белгілі. Ал өз студияңыз болмай, фильм өн­­ді­рісі де жүзеге аспайтыны мә­лім. Сондықтан, 1935 жылғы қау­лының қазақ киносының келе­шегі үшін маңызды рөл атқара­тын тарихи құжат екені айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ Т.Жүргенов 1938 жылы экранға шыққан «Аман­гелді» фильмінің түсірілуіне зор еңбек сіңірген тұлға. Өкінішке қарай Т.Жүргеновтің кино өне­ріне сіңірген еңбегі көп айты­ла бермейді. Зерттелмеген тақы­рыптардың бірі десек те болады. Жүргеновтің осы қыры болашақта кеңінен зерттеледі деп ойлаймын» деп ғалым жас зерттеушілердің келешектегі ізденісіне жол салып берді.

Сонымен қатар тағылымды жиында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты, «Әлеуметтік гума­нитарлық пәндер» кафед­расы­ның аға оқытушысы Қар­лығаш Атанақова, «Темірбек Жүр­геновтің әдеби мұрасы» тақы­ры­бында тұңғыш диссертация қор­ғаған, Т.Жүргенов туралы бірнеше кітаптың авторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлт­тық университетінің доценті, фило­логия ғылымдарының канди­даты, жүргеновтанушы-ғалым Бауыржан Иманғалиев бастаған ғалымдар тұлға туралы іргелі ізде­ністерімен бөлісті. Айзада Ағидоллаева, Аяулым Қайрат­­­қызы сынды университет студетте­­рі­­нің жасаған баян­дамалары да көп­ті сүйсінтті. Сондай-ақ дөңгелек үстел бары­сында баяндамалар мен ғылыми пайымдардың ара­сын Өнер унеиверситетінің шәкірт­­­тері әнмен әдіптеп, күймен көм­ке­ріп отырды.

Мемлекет және қоғам қай­рат­кері, саяси қуғын-сүргін құрбаны Темірбек Жүргеновтің қазақ өнері, әдебиеті, мәдениеті­не және білім саласына қосқан зор үлесін дәріптеу, мемлекетке сіңірген еңбегі мен күреске толы өмір жолына шолу жасау арқылы өскелең жас ұрпақтың санасына мемлекетшілдік ұғымын және ұлттық мүддені қорғауды, ұлтқа қызмет етудің азабы мен абыройын сіңіру мақсатында ұйымдастырылған ғылыми талқы отырысы осылайша өз мәресі­не жетті. «Жүргенов құйрық­ты жұл­дыздай ағып түскенімен, сол жұл­дыздың сәулесі қазақ өне­ріне жарығын мәңгі ша­шып тұрады» деп толғанған «Театр өнері және өнертану» фа­куль­тетінің деканы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Ақыш Омардың жүрек­жарды сөзі тағылымды шараны түйіндеді.

Иә, Алла пешенесіне бұ­йырт­қан небәрі 40 жас ғұмырында ұлт ертеңі үшін қыруар еңбек істеп қалдырған тұлға тағдыры тағылымға толы. Өйткені өткен ғасырдағы қазақ руханиятына қатысты келелі жұмыстардың бар­лығын Темірбек Жүргеновсіз елес­тету мүмкін емес. Жүргенов – ұлт руханиятының жарық жұлдызы. Ол сәуле мәңгілік өшпейді.