Суретті түсірген Сәрсенбек Қызайбекұлы
Мұхтар Әуезов 1927 жылы «Қоғам матриархаттан алшақтап, патриархат биігіне көтерілгенде ғана дамиды» демеп пе еді? Ал әйелдеріміз селтеңбайлыққа салынса, қоғам батпаққа батып, олардан туған бала әкесінің кім екенін білмейтін, хайуандық деңгейге түсері шындық
Өкінішке қарай, ажырасу жас жұбайлардың ғана емес, үлкендердің арасында да етек алып барады. Таяуда бес баласы бар бір отбасының шаңырағы шайқалды. Бұған не себеп болған дейсіз ғой? Әйелі ұл тумаған екен. Қандай қатыгездік! Құдайым-ау, әйелдің не жазығы бар? Бар кінә өзінің, яғни еркектің өн бойында екенін ғылым дамыған заманда білмегені ме? Шынымен білмеген шығар, бірақ айналасында оқыған-тоқыған жандар жүр ғой. Солардың жаны ашып, әйелінің неліктен қыз туа беруінің себебін түсіндіріп неге айтпаған? Ана да – Жер-ана сияқты тіршіліктің көзі, өміріміздің негізі. Жер-анаға арпа ексең арпа, тары ексең тары өсіп-өнеді.
Ғылымға жүгінсек, ананың жыныс безінен шығатын ұрықтың геном хромосомы «х»-«Х» те, еркектің жыныс безінен шығатын ұрықтың хромосомы «Х»-«Y». Әйелдің «Х»-«Х» болып келетін ұрығына еркектің «Х» ұрығы қабысса қыз бала, ал еркектің «Y» хромосомы ұрығы әйелдің «Х» ұрығымен үйлессе ұл бала туатын көрінеді. Сонда бес қыздың зар илеп тірі жетім атануын қалай түсіндіруге болады? Жаның түршігеді. Қыз, ұл деп бөлудің не қажеті бар? Бәрі де өз белінен өрбіген ұрпақ қой.
Біле білсек, халқымыз қызды ерте кезден ерекше қадір тұтқан. Өйткені ол алысты жақын қылып, елдің ұйытқысына айналады. Қанша ғасыр өтсе де, дәстүрімізді, мәдениетімізді бүгінге жеткізген де қыздар еді. Сондықтан оны Тәңірдің тартуы десек жарасатындай. Қыз – ұлтымыздың санын ғана емес, бесік жырымен-ақ сапасын да арттыратын, ұлтты сүюге жетелейтін ғажайып күш.
Еврей халқы ұлдан гөрі қызға көп мән береді. Олардың дұрыс тәрбие алуына көңіл бөледі. Жас кезімде Киров атындағы кеңшарда (бүгінгі Көктал) қызмет істеп жүргенімде Нагельберг деген еврей азаматы кеңшар орталығына келіп шаштараз болып жұмысқа тұрды. Сол жерде қосымша жұртты фотоға да түсіреді. Бәрімізбен етене араласып кетті. Еврей халқы ұйымшыл ғой. Қалада он шақты ғана еврей жұмыс істейтін. Солардың көмегімен көзді ашып-жұмғанша Целиноградтан үш бөлмелі пәтер алды. Өзі Одессадан. Ол жақта 10 қызы мен Циля есімді әйелі қалыпты. Біздің елге келудегі мақсаты – орта мектепті бітірген соң қыздарына жоғары білім алып беру. Қыздар кезегімен мектепті бітірісімен, Целиноградтағы әкесінің қолына келіп, өздері қалаған институтқа оқуға түсті. Шетінен экономист, мұғалім, инженер-құрылысшы деген маңызды мамандықтарға ие болып, еліне кері қайтып жатты. Осылайша, бәріне жоғары білім әперген Нагельберг 1985 жылы сүйікті Одессасына қайта аттанды. Міне, осындай жағдай тәлім болуы керек.
Қазақтың «Қыз өссе, елдің көркі», «Ел болам десең, бесігіңді түзе» (М.Әуезов), «Қызға қырық үйден тыйым» деуі де тегін емес. Бағзы бабалар ұлтымыздың болашағын аздырмай, сақтық жасаса керек. Әу бастан отбасын құрып, шаңырақ көтергенде тән тазалығына, жан тазалығына мән берген. Мәселен, 2010 жылы Ұлыбританияда қара нәсілді ерлі-зайыпты адамдардан көк көзді, сары бұйра шашты ақ нәсілді бала туған. Ері әйелінің өзіне опасыздық жасамағанына әбден сенімді. Сәбидің ата-анасының тұқымында ақ түсті ешкім болмаған, өйткені олар Нигериядан. Осы айғақтарға сенсек, тосын жайтты былай түсіндіруге болады: әйелдің тұрмысқа шыққанға дейінгі кездескен жыныстық серіктесі оның ағзасында өз таңбасын қалдырғанға саяды. Тұрмысқа шығып, заңды күйеуінен ұрықтанса да, бала өзінің биологиялық әкесінің белгілерін қабылдамай, анасының бойында қалып қойған бұрынғы ақ нәсілді еркектің белгілерін дарытқан. Демек, қара нәсілді күйеуінен туған баласы әкесінің ДНК-сын толықтай сақтағанымен, баланың РНК-сы анасынан болғандықтан, «материалдың» түсін құбылтып, ақ нәсілдендіріп жіберген. Бұл – менің пайымым. Генетик ғалымдар өз ойларын ортаға сала жатар.
Халқымыз үйге түскен келіннің қыз қалпында келуін талап етуі тегін емес. Кінәраты бар қыздан биомолекулалық деңгейде таза тұқым шықпайтынын білген. Мұндай құбылысты жетік зерттеген селекционерлер жануарлардан таза қанды тұқым алу үшін «бүлінбеген» тұсақ, тана, тайынша, байталдарды пайдаланады. Осыдан болар, қазақ «Бір биеден ала да туады, құла да туады» дейді.
Тағы бір факт. Тән тазалығымен қосылған ерлі-зайыптының 15 жыл отасса да, балалары болмапты. Кінәрат еркек ұрығының табиғи ақауынан екен. «Өзгелер біреудің тастап кеткен баласын да асырып алып жүр ғой», деп күйеуімен ақылдаса келіп, әйелі зертханаға барып, өз ұрығын бөтен бір еркектің ұрығымен қолдан ұрықтандырады. Айы-күні толып, әйелі ұл туады. Ғажабы сол, әлгіндей амалмен туған баланың түр-тұрпаты, тіпті мінезіне дейін күйеуінен айнымай қалыпты. 15 жыл отасқан ерінің аузынан түскендей екен. Бұл да жоғарыда айтқан қара нәсілді отбасының жағдайына ұқсас феномен.
«Жиырмаға келген қыз кәрі болар,
Өңі кетіп, шырайы сары болар.
Ер елуге келсе де айыбы жоқ,
Әрқашанда біреудің
жары болар»,
деген Шал ақын. Ол қыз баланы тұрмысқа ерте беру керектігін меңзейді. Кіршіксіз пәк, таза, адал қызды уақытында құтты жеріне қондырса, ол – отбасылық үйлесім заңдылығына дәнекер. Осы ақын: «Жігіттер, қатын алма көргенсізден» деуі де тегін емес.
Заманында қазақтың қаймағы бұзылмай, көбесі сөгілмей, салт-дәстүрі, мәдениеті сапалы шақта көбінің қаны бірінші топқа жататын текті халық болғандай. Сол себепті бабаларымыз көбінесе рухани жағынан теңдесі жоқ, тумысынан көшбасшылық қабілетке ие, қай істе болсын алда жүруге құмар, өмірге құштарлықпен қарайтын, көп нәрсеге мойымайтын, айналысымен тез тіл табысып кететін, көнеден текті болып, жаратылысынан сұрыпталғандай. Дегенмен ғасырлар бойы ұлт маңдайына сор үйірілген зауалды заман аз болған жоқ. Ресейдің табанына жаншылып, этноцидке пара-пар қорлық-зомбылық көріп, басымыз селдіреп, тектілігімізден айырылып, мың жарымға жуық түрі бар ұлттық гастрономиямыздың берекесі кетіп, қанымыз бірінші топтан, түрлі топтарға ыдырап кеткендей. Тобырға айналып бара жатқандығымыздың айғағы, бұл күнде пұлына адал азық-түлік сатып ала алмайтын халге жеттік. Бұрынғы қалыптан тым өзгеріп кеткендігіміз сол, үлкендердің ертеде «пәленшенің қаны бұзылған» деп айтып отыратынын естуші едік. Қазір қандай топтағы қандардың сәйкес келетінін, не келмейтінін білмейміз. Біздіңше, жастардың жедел жұп құрап, артынша ажырасып кетуінің бір ұшы осы қан сәйкестігінде, не сәйкес еместігінде жатса керек. Бір төсекте жатса да, қандарының сәйкес келмеуінен, әйел керекті жыныстық ләззат ала алмауы да мүмкін. Тек бала туып, кеудесін сәбиіне ұсынғанда ғана осы бір олқылықтың орны еселеп толатындай. Қызығы сол, ерлі-зайыптылардың қаны сәйкес келгенде, әйел бала туған сайын құлпырып, жасара береді. Өндіріс деген досымның әйелі Жәмила – 14 баланың анасы. Бір қызығы ол баланы үсті-үстіне дүниеге әкелген сайын құлпырып, жасара түседі. Қазірдің өзінде 80-нен асса да, әлі жас көрінеді.
Жұбайлардың қан сәйкестігінің маңыздылығы туралы 50 жылдай бұрын Канада оқымыстысы Уоркердің еңбегінен оқығаным да бар. Оның айтуынша, тіпті жұбайлардың қан сәйкестігі жарасымды келгеннің өзінде, ерінің қаны бірінші топтан, ал әйелінің қаны үшінші топтан болса, олардан шала ақылды бала туатын көрінеді. Осындайда қазақтың: «Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз, Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз», «Қой баға алмайтын жаманнан да қолақпандай ұл туады» деуі оқымысты Уоркердің ойын дөп басқандай. Әйел затының күйеуінің көзіне шөп салуы, жоғарыда айтқандай қан сәйкессіздігіндегі ерінің 2-3 тамшы ұрығында жатса керек. Қансыраған адамға кез келген қанды құя салмайды ғой. Атақты Расул Ғамзатовтың «Әйелдердің қылығын ешқашан кінәлауға болмайды» деуінде шындық жатқан сияқты.
Өкінішке қарай, әйелдер нарықтық экономиканы желеу етіп, көпбалалы болуға үзілді-кесілді қарсы шығып, ұлы қасиеттеріне шек қойып, балдәурен бақытты тәрк етіп жүр. Елге жауапты азаматтар басу айтып, күрделеніп бара жатқан мәселеге мемлекеттік дәрежеде көзқарасын білдіруі керек. Жайбарақаттық танытуға болмайды. Қоғамымыз өркениетке аяқ басқанымен, халқымызға тән қасиеттер аяқасты қалып, «тобырлық мәдениет» алға шықты. Мұсылмандық құндылықтар да жайына қалды.
Қазір елімізде ер азаматтардың саны азайып, жалғызбасты әйелдердің үлесі көбейіп келеді. Биологиялық тұрғыдан еркек табиғатынан әлжуаз келеді. Түрлі аурудан қисайып, әрі бүгінгі келеңсіз экологиялық, төтенше апаттарға төтеп бере алмайды. Оның үстіне арақ пен темекі де ер азаматтардың өмірін қысқартып жатыр. Демек, елімізде әйелдердің көбеюі – заңдылық.
Мұхтар Әуезов 1927 жылы «Қоғам матриархаттан алшақтап, патриархат биігіне көтерілгенде ғана дамиды» демеп пе еді? Ал әйелдеріміз селтеңбайлыққа салынса, қоғам батпаққа батып, олардан туған бала әкесінің кім екенін білмейтін, хайуандық деңгейге түсері шындық.
Әйгілі Шаһ Жахан сүйікті төртінші әйелі Мұмтаз баладан қайтқанда, оның басына бүгінде әлемдік сәулет өнерінің таңғажайып ескерткіші саналатын Тәж-Махалды салған. Еуропа өркениеті XVIII ғасырдың соңына дейін әйелдерді адам қатарына қоспағанын қазір көпшілік біле ме екен? XIX ғасырдың аяқ кезінде Ресейде де, Батыс Еуропада да әйел саудасы қызып тұрды. Әйелдерді сатып алып, жезөкшелікке пайдаланатын, ойнас үйлеріне тапсыратын (Брокгауз и Ефрон, XXXIIIА том, СПб, 1901). Бір қызығы, сол кезде де газеттерде қазіргідей «адал, ақысы жақсы жұмысқа қыз іздейтіні» туралы хабарландырулар жарияланып тұрыпты. Қазіргі кезде де Еуропа жезөкшелер үйі мен көше салдақыларына жол беріп отыр. Соның кесірінен жұқпалы жыныстық ауру, онымен қоса есірткі құмарлық дендеп, әйелдер бала табу дегенді ұмытып барады. Халқының саны кеміп келеді. Бұл жерде христиан дінінің де салдары бар. ХІ ғасырдың екінші жартысынан католик діндарларына некесіз болу міндетті телінді де, есесіне ашына табуға тыйым салынған жоқ.
Міне, осындай жамандық, қасірет халқымызға жоламасын десек, ерге де, қыз-келіншекке де зор жауапкершілік қажет. Оны елдік жұмыс дейді.
Қасым ТӘУКЕНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері