Көп ұзамай Махмұттың ізін басып туған інісі Мақсұт шықты атойлап. Ол спорттық нәтиже жағынан ағасынан асып түсті. 1957 жылы КСРО чемпионатының қола медаліне болған Мақсұт 1959 жылы КСРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері атанды. Тарихи шежірені парақтасақ, аталған спартакиадада медаль алған тұңғыш қазақ спортшысы Мақсұт Омаров екен. Енді қараңыздар, Махмұт Омаров КСРО чемпионатының жүлдегері болған ең алғашқы қазақстандық боксшы болса, Мақсұт Омаров – одақ спартакиадасында жүлдегерлер сапына кірген тұңғыш қазақ боксшысы.
Уақыт озып барады. Кейінгі жастардың басым көпшілігі бұл кісілердің тарихи жеңістерінен бейхабар. Бұған олар емес, көп жағдайда біз кінәліміз. Себебі, осындай тарихи тұлғаларды насихаттауға, шежіреге тіркеу жағына жете мән бермейміз. Ендігі тілегіміз: Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Торғай ауылында орналасқан спорт кешеніне жерлестеріміз Махмұт, Мақсұт Омаровтардың есімі берілсе. Ауылдастары білсін, осы қараша ауылдан елге танымал екі бірдей дарабоздың шыққанын. Жастар соларға қарап бой түзесін, намыстарын қайрасын, биік белестерге құлаш сермесін.
Тарих жаңғырып тұрады. Ұрпақтар сабақтастығын сақтау – біздің парызымыз. Қазақтың әр қиырындағы тарихи тұлғалар халықтың жадынан өшпесе деген тілегіміз бар. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов ақсақалдардың үніне құлақ асады деген сенімдеміз.
Жұмахан СӘДУАҚАСОВ,
Мұрат ОСПАНОВ,
еңбек ардагерлері
Қостанай облысы,
Жангелдин ауданы,
Торғай ауылы