Ашылуына қатысқан біздің өзіміз біраз қор жинап қайтқандай болдық. Соңғы жылдары облыс аумағынан Алаш ардақтыларына қатысты тың деректер, қолжазбалар, көне кітаптар табылып, құнды дегендерін Астанаға әкелгені игі қадам демеске қоймайды. Тұлғалардың шығармашылық өмірінен сыр шертетін жәдігерлер облыстық музейде ғана тұрмауы тиіс қой. Елорда төріндегі ілім-білімге құлағын түрушілер арқылы көпшілікке таралса, нұр үстіне нұр. Оның үстіне облыстық музейден мұнда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жеке заттары, Абай Құнанбайұлының 1909 жылы Санк-Петербургте басылып шыққан тұңғыш кітабы, Ахмет Байтұрсынұлының араб қарпімен жарық көрген «Маса» және «Қырық мысал» жинақтары, Нәзір Төреқұловтың «Темірқазық» (журналы 1923 жыл, Мәскеу қаласы), «Жас қазақ» (1923 жыл, Орынбор қаласы), Қошке Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» (1923 жыл) еңбегі, күрескер ақын, сазгер Мәди Бәпиұлының құраны топтастырылып, көрмеге тұңғыш рет қойылды.
Көрменің ашылуында сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш Алаш арыстары мен ұлт қайраткерлерінің ізі қалған Ертіс-Баян өңірінде мұндай құнды жәдігерлердің көптеп табылуы заңды екенін алға тартты.
Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы сөзін қолжазбалар және сирек кітаптар қорын ашуды алғаш қолға алған Қаныш Сәтбаевтың еңбегімен байланыстырды.
Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан: «Көрмеге ұсынылған көне кітаптардың, ескі жәдігерлердің барлығы дерлік жеке адамдардың қолынан табылды. Бұл жергілікті халықтың мұраға ұқыптылықпен, ыждағаттылықпен қарайтындығының айғағы. Оның үстіне бұлардың бәрі өте сапалы сақталған. Мәселен, біздің өңірден табылған Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербургтен шыққан ескі кітабын алайық. Мұндай кітап Қазақстанда санаулы ғана. Біздегісі еліміздегі дәл осы кітаптың ең сапалы сақталған нұсқасы болып саналады. Кітаптың иесі көне жәдігердің жергілікті Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде сақталғанын құп көрді. Бұл – біз үшін үлкен олжа. Тағы бір атап өтерлігі, бұлардың бәрі Павлодардың шекара шебіндегі орысы көп аудандарынан табылған».
Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры Ербол Қайыров көрмедегі жәдігерлерге экскурсия жасап, кеңірек таныстырды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 1907 жылы Қазан қаласында Құсайыновтар баспаханасынан шыққан «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Сарыарқаның кімдікі екендігі» және «Хал-ахуал» атты кітаптарының түпнұсқалары, сондай-ақ, қазақ әулие тұтқан ақынның бойтұмары, басқа да мұралары жақсы сақталыпты.
1939 жылы музыка зерттеушісі Борис Ерзакович Естай Беркімбайұлының аузынан халық композиторлары мен автордың өзінікін қосқанда, 23 ән жазып алыпты. Сол әндердің нотасы қағазға түсіріліпті, оны да тамашаладық.
Кейінгі бірер жыл көлемінде Павлодар аймағынан табылған бұл кітаптар елдің қолында Құран деп сақталып жүрген көрінеді. Сол «Құранға» баланған кітаптардың бірі – 1909 жылы Санкт-Петербургте шыққан Абай Құнанбайұлының өлең жинағы. Бұл жөнінде Әлихан Бөкейхан жазып кеткен. Кәкітай мен Турағұлдың апаруымен жарық көрген жәдігер бұған дейін табылған Абайдың алғашқы кітаптарына қарағанда жақсырақ сақталғанын ескерген жөн.
Сол сияқты Нәзір Төреқұловтың редакторлығымен 1923 жылы Мәскеу қаласындағы Ұлттар комиссариаты жанындағы «Күншығыс» баспасынан шығып тұрған «Темірқазық» журналы да жұртшылық назарына ұсынылды. Соңғы 2-3 саны біріктіріліп жарияланған журнал Павлодар облысындағы Тереңкөл ауданынан табылыпты. Байтұрсынұлы әліпбиінің өңделген нұсқасы негізінде терілген. Титул бетінде араб және орыс әріптерімен «Жер жүзі, еңбекшілері, бірігіңдер. Темірқазық. Айында бір шығатын саясат, шаруашылық, білім, әдебиет журналы. Саны 2-3, март-апрел, 1923 жыл» деп баспаның мәліметі беріліп, орта тұсынан «Ұлт мәселелері жайынан» деген тақырыпта мақала басталады.
Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» кітабының екеуі табылыпты. Ақынның бұл өлеңдер жинағы үш рет басылса керек. 1911 жылы Орынборда, екінші рет басылғаны күні бүгінге табылмаған, ахметтанушылар 1914 жылы басылуға тиіс деп болжапты. Керекуден келгені 1922 жылғы нұсқасы, Аққулы ауданынан шығыпты. Мұқабасы сақталмаған, барлығы 94 бет. Беттері үлбіреп тозған, мүжілген, ұстап оқуға жарамсыз. Байтұрсынұлы жазуының алғашқы нұсқасымен терілген. Сондай-ақ «Қырық мысалдың» да бір нұсқасы табылыпты. Ол зерттелу үстінде.
1924 жылы Мәскеуден шыққан Қошке Кемеңгерұлының «Қазақтың тарихынан» кітабы да көрмеге қойылды. Абылай хан заманынан бастап, Кенесары-Наурызбай, Әлихан Бөкейханға дейінгі қазақ даласындағы жағдаяттар қамтылған. Төрт мың данамен шыққан кітаптың қазір 4-ақ данасы сақтаулы. Бірі – ұрпағы Қайырбек Кемеңгерде, Мәскеуде және Алматыда, төртіншісі – Павлодардағы Железин ауданынан табылған осы нұсқа.
1926 жылы Қызылорда қаласынан шыққан Жүсіпбек Аймауытұлының «Қартқожа» романы да көрмедегі құнды жәдігерлердің бірі. Бұл кітаптың екі-ақ түпнұсқасы бар, бірі Алматыда болса, екіншісі осы музейде. Бұл кісі тек шығармашылықпен ғана айналыспай, қолдан көптеген дүние жасауға шебер болған. Киіз үй, домбырадан бастап ұсақ-түйек бұйымдар қашаған және Жүсіпбек Аймауытұлы өз қолымен тоқыған кілем облыстық музейде тұрғанын мәлімдеді.
Жазушының үш баласының суреті көзге оттай басылды. Бектұр, Жанақ, Мағзума. Әкелері «халық жауы» боп атылып кеткен соң, Бектұр – Виктор, Жанақ – Евгений, Мағзума – Муза боп өзгертіледі. Кейіннен 1994 жылдары Бектұрлар Қазақстанға келгенде, Бішкек қаласында тұратын Жанаққа барады. Жанаққа «біз Жүсіпбек Аймауытұлының баласымыз, сен де сол кісінің баласысың ғой» десе, ол «жоқ, мен Жүсіпбек Аймауытұлын танымаймын» депті. Үйіне кірсе, бір бұрышта жазушының суреті ілулі көрінеді. «Міне, суретін іліп қойыпсың ғой» десе, «жоқ, мен бұл кісіні классик жазушы ретінде сақтап жүрмін» деген. Бірақ Бектұр жазады: «Дарбазаның есігін аша сап соңыма қарасам, Жанақ еңкілдеп жылап тұр екен», деп. Алайда әкелерінің ақталып шығуына Жанақтың Мәскеуде тұратын қыздары көмектескен деседі.
Сұлтанмахмұт Торайғырұлының 1933 жылы латын қарпімен шыққан шығармаларының толық жинағы да көрмеге қойылған. Ақын шығармаларын көзінің тірісінде Жүсіпбек Аймауытовқа тапсырады. Жүсекең үлгеріп баспаға тапсырады, ол жөнінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына жолдаған хатында айтады. «Мен Сұлтанмахмұт шығармаларын баспаға тапсырдым» деп. Бірақ өзі ұсталып, атылып кеткендіктен, 1933 жылы бұл кітап Сәбит Мұқановтың алғысөзімен жарық көреді.
Күрескер ақын Мәди Бәпиұлы ұстаған Құран кітап та көрмеде тұр. Мәди опат болған соң Нұрила атты апасы Май ауданындағы туғандарына қалдырған екен.
Иса Байзақов тұтынған заттар мен қолжазбасы, Жанбике Шанинаның соңғы суреті, Жұмат Шаниннің 1928 жылы жарық көрген «Арқалық батыр» кітабы, Әлкей Марғұланның, Шахан Мусиннің қолжазбалары... Көрмедегі жәдігерлерді осылай жалғастыра беруге болады. Қызығы, барып тамашалаған.