Егемен Қазақстан • 18 Сәуір, 2023

«Хат қоржын»

221 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Өңір тарихы – зерттеушілер назарында

Алматы облысы Қоғамдық даму орталығының ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында «Қарадала және Кеген өңірлері: тарих және қазіргі заман» ғылыми экспедициясына қатысушы ғалымдар өлкенің өткеніне саяхат жасап, алдағы зерттеу жұмыстарының жоспарын жасады.

Экспедиция барысында ғалымдар Н.Мұхаметханұлы, Ш.Тілеубаев, Р.Оразов, Ж.Симтиков, М.Ноғайбаева аймақтың көне заманнан бүгінге дейін тарихына шолу жасап, өлкетану жұмыстарын жүргізді. Көне ескерткіштер, петроглифтер, тарихи орындар жас ғалымдарға жіті таныстырылды. Өлкенің өткенінен сыр шертетін орындарды насихаттап, атауларын жандандыру өскелең ұрпақтың туған жер тарихынан сусындап, түп-тамырынан нәр алуға жол ашады.

Зерттеуші мамандар аудан тарихын зерделеуге қатысты өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Қабылдинов аудандардың тарихын жүйелі зерттеу қажеттігіне көңіл аударып, ақсақалдардан ауылдардың тарихы жайлы естелік әңгіме жинастыру идеясын ұсынды. Алдағы уақытта бұл жұмысты қолға алу үшін облыстық әкімдікпен бірлесіп, арнайы іс-шаралар қабылдануға тиіс. Ал археолог Е.Ақымбек өлкедегі жекелеген петроглифтердің аудандық тарихи және мәдениет ескерткіштерінің жинағына енгізілмегеніне назар ауда­рып, болашақта осы бағытта жұмыс істеп, арнайы ғылыми-зерттеу жобасын жүзеге асырудың қажет екенін сөз етті.

Экспедиция барысында Кеген және Ұйғыр аудандарындағы архив, музей, кітапханаларға Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында соңғы жылдары жарық көрген кітаптар сыйға тартылды.

Жоғарыда көтерілген ұсыныстар тиісті орындар тарапынан қолдау тауып, құзыретті мекемелер мәселені шешуге атсалысады деп сенеміз.

 

Нұргүл ҚҰРМАНАЛИНА,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалым хатшысы, PhD

 

АЛМАТЫ

 

 

Ғибратты ғұмыры ұрпаққа үлгі

Адамзат тарихындағы ең жойқын соғысқа бұғанасы бекімей қолына қару алып қатысқан аға ұрпақ өкілдерінің бірі – Әли Тасқынбаев. Ол 1926 жылдың 15 тамызында Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Келінтөбе ауылында туған.1944 жылдың тамызында кеңес армиясы қатарына алынады. Сұрапыл соғыстың бел ортасында болған атамыз әскери борышын 1949 жылдың желтоқсан айына дейін өтеп, тек содан кейін ғана аман-есен елге оралады.

1950 жылдың 30 қаңтарында аудандық білім бөлімінің бұйрығымен Талап жеті жылдық мектебіне мұғалімдік қызметке орналасады. Осы жылы Түркістан педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, «Бастауыш мектеп мұғалімі» атанады. Ал 1952 жылы Қызылорда пединститутына сырттай оқуға түсіп, толыққанды жоғары білім алады. Талап бекетіндегі бастауыш мектептің іргетасын қалай жүріп, мұғалімдік қызметін 1986 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін ғана емес, 1993 жылға дейін жалғастырды.

Әли атамыздың бойынан үлкен адамгершілік пен парасаттылықтың, мейірімділік пен имандылықтың лебі есіп тұратын. Кәсібінен нәсібін теріп жеп, ел алдында елеулі болған үлкен шаңырақтың иесі, өсіп-өнген әулеттің тұтқасы шаңырағында алты ұл мен алты қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 42 немере, 12 шөбере сүйген бақытты әке, ақылман ата атанды. Ал бүгінде ауылдағы үлкен отбасы тамырын тереңге жайған бәйтеректей жан-жағына шуақ шаша жайқалып тұр.

Ақыл-кеңестің сарқылмас қазынасындай болып ауыл төрінде отыратын тау тұлғалы атамыз 2015 жылы 90 жасқа қараған шағында көз жұмды. Артында өзіндік із қалдырған ұстаздың есімі жадымызда жаңғырып тұруы үшін мектебіміздің атын «Әли Тасқынбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп» десек, ардагер ұстаздың алдындағы бір перзенттік борышымыз орындалар еді деп ойлаймыз.

 

Гүлзат ПІРІМҚҰЛОВА,

Талап бекеті №254 жалпы орта білім беретін мектеп директорының орынбасары

 

Қызылорда облысы,

Жаңақорған ауданы

 

 

Кітап оқуға баулу – өнегелі іс

Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкерлері «Ертегі, мен сені білемін!» атты викторина өткізді. Бұл іс-шараны өткізудегі мақсат – оқушыларға халық ертегілері туралы мағлұмат беру, кітап оқуға тәрбиелеу.

Іс-шара барысында кітапхана қызметкері ертегілер әлемі алуан түрлі, көп қырлы екенін, сондай-ақ кез келген жастағы балалар үшін қызықты болып қала беретінін атап өтті. Балалар «Жұмбақтарды тап», «Жалғастыр» викториналарына және «Көрермендермен ойын» сайыстарына қатысып, әртүрлі ертегілердегі кейіпкерлердің атын тапты. Сондай-ақ «Ертегі, мен сені танимын!» атты кітап көрмесі де келушілердің назарына ұсынылды.

Бұдан соң, кітапхана қызметкерлері «Оқы. Талқыла. Бейнеле» атты әдеби квест өткізді. Онда оқушылар «Алтын сақа», «Толағай» және «Алдар көсе» атты топтар құрып, үш тапсырмадан тұратын квест ойы­нында сайысқа түсті, яғни әдеби шығармалардың сюжетін талқылап, білім қабілеттерін көрсетті. Квест ойынына «Жастар ресурстық орталығының» директоры міндетін атқарушы Өрлеубек Ерсінбек пен «Метеор» аула клубының жетекшісі Ағжан Маратқызы төрелік етті.

Іс-шара қорытындысы бойынша №33 орта мектептің «Толағай» тобы І орын, №32 орта мектептің «Алдар көсе» тобы ІІ орын, №37 мектеп-гимназиясының «Алтын сақа» тобы ІІІ орын алды. Іс-шара барысында ән айтылып, күй тартылған концерттік бағдарлама ұсынылып, өнерпаз оқушылардың қатысуымен «Шалқан» ертегісі бойынша қойылым көрсетілді. Іс-шара слайд-презентация көрсетілімімен және ерекше кітаптар туралы әңгімемен жалғасын тауып, балалар шағын викторинаға қатысты және мақал-мәтелдер айтып, пазлдар жинады.

Соңында «Кітап әлемінде» көрмесіне қойылған кітаптарға шолу жасалды.

 

Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ

 

СЕМЕЙ