Кәсіпкер • 19 Сәуір, 2023

Кедергіге кезіккен кәсіпкерлік

1263 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Шағын және орта бизнеске серпін беретін сан алуан бағдарлама бар. Кәсіпкерлердің ісін оңды-солды тексеруге мораторий жарияланған. Мемлекет басшысы VIII шақырылған Парламент Мәжілісінің алғашқы сессиясында бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға айрықша тоқталды.

Кедергіге кезіккен кәсіпкерлік

«Осы орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет. Ең бастысы, мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу ашық өтуге тиіс. Жобаның нақты әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеру қажет. Үкіметке депутаттармен бірлесіп, орта бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын. Өйткені орта бизнес ел экономикасын дамыту ісінде бас­ты рөл атқарады. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады», деді Президент.

Бірақ жергілікті жерде кәсіпкерлік­тің дамуына кедергі келтіре­тін тос­қауыл әлі тоқтар емес. Құдды кәсіп­­керлерді жөргегінен тұншық­ты­руға бағытталған қадам жасалып отыр­ғандай көрінеді. Мұны кәсіп­кер­лердің өздері де жасырмайды. Кедергіге кезік­кен олар күн сайын «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік филиалына, сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Атырау облыстық депар­таментіне шағымданады.

варч

Аталған департамент басшысы Ерұлан Серікқалиевтің айтуынша, жеке кәсіпкерлер мен шағын кәсіпорын басшыларын, фермерлерді қынжылтатын жайт көп. Оның ішінде инженерлік желілерді жүргізу, жер телімін алу, кре­диттік серіктестіктерден кепілдік мү­лік­ті қайтару секілді мәселелер бар. Шаруа қожалықтарының өкілдері субсидиялау бағдарламасының ашықтығы мен қолжетімді еместігіне налиды. Өйт­кені субсидияларды бөлуде кезек мерзімі сақталмайды. Кәсіпкерлер жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту кезінде әкімшілік кедергілерге тап болып жүр.

– Биыл Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес кәсіпкерлердің құ­қы­ғын қорғау үшін «Бизнеске жол» жобасы іске қосылды. Біз жоба аясында 250 кәсіпкермен кездесу өткіздік. Кәсіпкерлерден 25 шағым түсті. Сол шағымдарға байланысты сыбайлас жем­қорлық деректерін жою үшін тиісті іс-шаралар қабылданып, 180-ге жуық кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілді. Департаменттің ұсынысымен 2 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – дейді Ерұлан Серікқалиев.

Оның дерегіне сүйенсек, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның 99 кә­сіп­кер­лік субъектісіне 739 млн теңге қарыз екені анықталған. Бұл – көрсетілген қызметтер мен тауарларды жеткізгені үшін төленбей келген қаржының жиынтығы.

«Осыған байланысты департамент пен әкімдік тиісті іс-шараларды қабыл­дады. Соның нәтижесінде 49 кәсіп­керлік субъектісіне 587 млн теңге тө­ленді. Осылайша, 49 кәсіпкерлік субъек­ті­сінің құқығы қорғалды. Ал өзге 43 кә­сіпкер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Атырау облыстық филиалына, «Құрманғазы», «Исатай» несиелік серіктестіктеріне берешегін толығымен өтеген. Алайда кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі, кепілдегі мүлікке құқық белгі­лей­тін құжаттары қайтарылмаған. Атал­­ған филиал мен несиелік серік­тес­тіктерге 12 жосықсыз кәсіпкерлік субъ­ек­тісінің ортақ жауапкершілікке бай­ла­нысты берешегі құжаттарды қайта­ру­дан бас тартудың себебіне айналған. Департамент қызметкерлері өңірлік филиал басшылығының оң шешім қа­был­дауына ықпал етті. Кәсіпкерлерге құ­қық белгілейтін құжаттарды қайтару жүргізіліп жатыр», деді Е.Серікқалиев.

Кәсіпкерлерді тығырыққа тірейтін кедергі теміржол саласында да бар. Де­партамент басшысының бірінші орын­басары Нұрлан Жахиннің айтуынша, кәсіпкерлер «ЦТС» АҚ-ның теміржол тұйығына вагондарды кіргізу мен тұрағы үшін алым төлеуге мәжбүр. Ал құжаттарды ресімдеу уақыт пен қо­сым­ша шығынды талап етеді.

– Бұл көрсетілетін қызметті беруші­лер­мен жиі тікелей байланысқа әкеліп соқтыратын сыбайлас жемқорлықтың алғышартын жасайды. Міне, сол себептен, әкімшілік кедергілер мен бюрократия әлі де бизнестің дамуына жол бермей отыр. Кәсіпкерлер өз мәселелерін шешу үшін лауазымды адамдардың соңынан жүгірмеуі керек. Департамент қабылдаған іс-шаралардың нәтижесінде ірі теміржол тұйығы иелерімен келісім жасасу мерзімі бір жылға, біржолғы клиенттермен бір күнтізбелік айға ұзар­тыл­ды. «Қазақстан теміржолы» компаниясына әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған 68 ұсы­ныс әзірленді, – деп түсіндірді Нұрлан Жахин.

Департамент өкілінің айтуына қара­ған­да, Жылыой ауданы әкімдігінің лауазым иелері «Теңіз» вахталық кентіндегі жер учаскелерін аукцион арқылы сауда-саттыққа қоймаған. Сөйтіп, кәсіпкерлер үшін жасанды әкімшілік кедергілер жасаған.

Жер теліміне қатысты құжатын заң­дастыра алмай жүрген кәсіпкерлер аз емес. Соның бірі – Салтанат Жұбаева. Оның жер телімінің құжатын ресімдеуге талпынғанына екі жылдан асқан.

«Маған бизнеске арналған жер учаскесі шешемнен қалған еді. Мақсатым – самса сататын дүңгіршек ашу. Алайда менің учаскемде басқа біреу ойын алаңын салып қойыпты. Осыған байланысты жер қатынастары бөліміне хабарласқанымда, маған басқа жер учаскесін ұсынды. Бұл үшін маған сәулет бөлімінен жер учас­ке­сін алып қою туралы құжат әкелуім қажет болды. Бірақ бұл құжатты екі жылдан бері ала алмай жүрмін. Әкімдікке әуелі арыз, содан кейін шағым жаздым. Бірақ мәселем әлі шешімін тапқан жоқ», дейді С.Жұбаева.

Ал салық қызметкерлерінің WIPON CASHBACK бағдарламасын пайдала­нып, кәсіпкерлерді заңсыз тексер­гені анықталып отыр. Қазақстан кәсіп­кер­лерінің құқықтарын қорғау жөнін­де­гі Атырау облысы бойынша уәкіл сек­то­ры­ның меңгерушісі, өңірлік кәсіп­кер­лер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, бизнес субъектілерінен жаппай өтініш түскен. Осыған байланысты облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне хат жолданған.

Бұл мәселе ың-шыңсыз қалған жоқ. Әсіресе бизнес субъектілері арасын­да алаңдаушылық тудырды. Өйткені салық қыз­меткерлерінің тексеру қорытын­ды­сы­мен 1 мыңнан астам кәсіпкер сатып алушыларға фискалдық чек бермегені үшін жауапқа тартылған.

«Біз Мемлекеттік кірістер департа­мен­тінен «Азаматтық бақылау – чек талап ет» акциясы өткізілді. Акция шеңберінде тұрғындардан WIPON CASHBACK қосымшасы арқылы фискалдық чектерді бермегені үшін кәсіпкерлерге қатысты 1067 шағым түсті» деген жауап алдық. Тұрғындар осындай тіркелген әрбір дерек үшін бір мың теңге көлемінде сыйақы алған. Салық қызметкерлері жүргізген тексерудің қорытындысымен 508 бизнес субъектісі жауапкершілікке тартылып, 429 кәсіпкер ескерту алған. Ал 79 кәсіпкерге айыппұл салынған. Бұл мәселені кәсіпкерлер Қазақстанның бизнес-омбудсмені Рустам Жүрсіновтің өңірге сапары кезінде көтерген болатын. Мемлекеттік кірістер департаменті қыз­мет­керлерінің іс-әрекеті қаншалықты заңды екенін білу үшін прокуратураға жүгіндік. Себебі бұл деректердің қалай тіркелгені белгісіз», дейді Сәрсенбай Жолдыбаев.

Облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Бердібек Жоланның айтуынша, мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері 852 кәсіпкерге фискалдық чек бермегені үшін әкімшілік хаттама толтырғаны анықталған. Кәсіпкердің бәрі жауапкершілікке тартылған.

– Жүргізілген тексеру мемлекеттік қызметшілердің бұл әрекетінің заңсыз екенін көрсетті. Өйткені мұндай тексерулер Бас прокуратураның сайтында тіркелмеген. Осылайша, бизнесті тексеруге мораторийді айналып өтіп, кәсіп­керлерден түсініктеме алған. Бұл да заңсыз болып саналады. WIPON CASHBACK қосымшасы арқылы түскен өтініштерге талдау жүргізілді. Талдау кезінде департамент қызметкерлерінің бірі кәсіпкерлердің фискалдық чектерді бермегені туралы хабарламалары үшін 51 мың теңге көлемінде сыйақы алған. Осыған байланысты әкімшілік хаттама бойынша наразылық актілері енгізіліп жатыр. Сот шешімімен мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің әрекеті заңсыз деп танылды. Жалпы, тексеру көрсеткендей, WIPON CASHBACK бағдарламасы бизнесті тексерудің заңсыз тәсілі ретінде пайдаланылған, – дейді Бердібек Жолан.

Салық қызметкерлерінің заңсыз әрекетке барғанын Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті басқар­ма­сының аға прокуроры Мәди Түгібаев та растады. Оның айтуынша, жоға­рыда аталған деректер кәсіпкер­лер­дің құқықтарын өрескел бұзу болып саналады. Егер тексерулер статистика органдарында есепке алынбай жүргізілсе, оның қорытындысы бойынша шығарылған барлық шешімнің күші жойылуға тиіс. Сондықтан басқарма прокурорлары осы мәселе бойынша сот үдерістеріне үшінші тарап ретінде қатысады.

«Бізге комитеттен WIPON CASHBACK қо­сымшасы бойынша жұ­мыс істеу туралы хат келді. Ал азамат­тар­­дың шағымы порталға түседі. Біз бірден айыппұл салмаймыз. Алдымен кәсіпкерлерді шақырып, чек берілгенін немесе берілмегенін сұраймыз. Кәсіпкер­лер­дің көбі чек бермегенін растады. Сондықтан біз хаттама ресімдедік. Қазір қо­сымшаның жұмысы тоқтатылды. Енді өтініштер қабылданбайды», деді Аты­рау қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Азамат Мадалиев.

Биыл ақпанда облыстық Мемлекеттік кіріс­тер департаменті «Studbolt Manu­factoring» ЖШС-дан соңғы үш жыл үшін жалпы сомасы 15 млн теңгенің қо­сымша салығын төлеуді талап еткен. Бұл қаншалықты заңды? Облыс прокуроры Бауыржан Жұмақановқа серіктестіктің бас директоры Сәкен Мұратов осындай сауалмен жүгінді.

«Біз болтты қосылыстарды шыға­ра­мыз. Бұған қоса құбыр материалдарын жеткіземіз. Қазір «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» (КПО) ком­па­ния­сының тапсырысын жеткізуге байланысты проблема туындады. 1997 жылы Қазақстан Үкіметі мен КПО арасында өнімді бөлісу туралы келісімге қол қойылғандықтан, мемлекеттік кіріс­тер департаменті бізге 15 млн теңге са­лықты қосымша есептегісі келеді. Соған сәйкес КПО компаниясына тауарларды импорттау кезінде басқа да кедендік мөлшерлемелер ескерілуге тиіс. Бұдан біз де, біздің тауарларды кедендік ресімдеумен айналысатын брокерлік компания да хабарсыз болдық. Олар «Астана – 1» бағдарламасынан мөлшерлемелер алады. Мөлшерлеме 10 пайызды құрайды. Оны әлдеқашан төледік. Біз салықты уақытында төлеп келеміз. Енді департамент 1997 жылғы келісімге сәйкес 20% салық төлеуімізді талап етіп отыр. Алайда бұл келісім ашық дерек көзде жоқ. Біз бұл туралы қайдан білеміз? Біз осы тапсырыс­тар бойынша үш жылда 8 млн теңге табыс таптық деп есептедік. Енді 15 млн теңгеге қосымша салық есептеліп отыр. Менің ойымша, бұл – кеден органдарының қателігі. Өйткені олар бұл ақпаратты брокерлерге, тауар жеткізушілерге уақтылы хабарламайды», дейді Сәкен Мұратов.

Дәл осы келісім брокерлік қызмет көрсететін «Ctcs Logistics» ЖШС үшін проблемаға айналып отыр. Серіктестік директоры Виталий Юнның мәліметінше, брокерлік қызметке жүгінген клиентке Батыс Қазақстан облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлама берген.

«Біздің клиентімізге Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер департа­менті 145 млн теңгенің салығын есептеді. Тексеру қорытындысымен клиентіміздің тауарлары 1997 жылғы өнімді бөлісу туралы келісімге сәйкес кедендік төлемдерді есептеуге жататыны белгілі болды. Бізге бұл туралы 2022 жылғы 8 қарашада хабарлама түсті. Ал бір күннен кейін, 9 қарашада бірінші сатыдағы соттың шешімі шықты. Біз бас прокуратураға және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына шағым бердік», деді серіктестік директоры Виталий Юн.

Прокуратура да кәсіпкерлер құ­қығын қорғауға баса мән беріп отыр. Мәселен, Құрманғазы ауданының прокуратурасы орталық аурухана тарапынан 80 кәсіпкерге қаржы аудармағанын анықтады. Аудандық аурухана қызметіне жүргізілген талдаудың қорытындысында кәсіпкерлердің өз міндеттерін толық орындағанына қарамастан, тапсырыс берушінің шартта белгіленген тәртіппен және мерзімде төлем жүргізбегені анық­талды. Прокурорлық ықпал ету іс-ша­ра­лары арқылы 80 кәсіпкердің алдында жалпы сомасы 168 млн 486 мың 177 теңге берешек толығымен өндірілді.

«Прокурорлық қадағалаудың басым бағыттарының бірі – кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Қазір аудандық прокуратурада мобильді топ құрылды. Мобильді топ кез келген кәсіпкердің құқықтары мен заңды мүддесі бұ­зылуына байланысты өтініштерін қа­рай­ды. Ауданда тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау қызметіне кә­сіпкерлер үшін ортақ тариф заңсыз бекітілгені анықталды. Атап айтқанда, Экология кодексінің 367-бабында кә­сіпкерлер үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және тасымал­дау­ға тариф бекіту көзделмеген. Тараптар арасында жасалған келісімшартқа сәй­кес төленеді. Алайда аудандық мәс­лихат шешімімен кәсіпкерлер үшін тариф заңсыз бекітіліп, аудандағы 281 заңды тұлға мен 2 405 жеке кәсіпкердің құқықтары бұзылған. Прокурорлық қадағалау актісімен мәслихат шешімі заңға сәйкестендіріліп, кәсіпкерлердің бұзылған құқығы қорғалды», дейді аудан­ прокуроры Магилан Рахимов.

Мемлекет кәсіпкерлерге отандық эко­номиканы әртараптандыруға серпін беріп, шағын және орта кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтеді деп үміт артып отыр. Алайда түрлі кедергіге кезіккен кәсіпкерлер адымын аша алар емес. Бәрі де – әкімшілік кедергі. Оның дені мемлекеттік қызметтің тарапынан жасалатыны, кәсіпкерлердің шағымы уа­қы­тын­да шешімін таппайтыны өкінішті-ақ.

 

Атырау облысы