Әдебиет • 23 Сәуір, 2023

Талапшыл оқырманға тәбәрік

361 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтыр жазушы Әлібек Асқаров Саха (Якутия) Республикасына ісса­пар­мен барған. Бұл соның нәтижесінде жарық көрген кітап. «Cаха-Якутия. Ақ қар, көк мұз әлеміне саяхат» деп аталады. Кеше ғана аяқталған Еуразиялық кітап-жәрмеңкесінде Якутиядан келген қонақтардың қаты­суымен кітаптың таныстырылымы өтіп, оны мемлекет және қоғам қайрат­кері Сауытбек Абдрахманов жүргізді.

Талапшыл оқырманға тәбәрік

Кітаптың таныстырылымына автор­мен бірге Якутиядағы «Айар» мемлекет­тік баспасының бас директоры Август Егоров, журналист-жазушы Ағайдар Ысы­мов, қауым мен оқырман қа­уым қа­тысты. Іс-шараның тізгінін ұстаған Сауытбек Абдрахманов сөзін саха-якутқа қа­тысты ақпараттармен сабақтап, автор туралы көсіліп, тыңдарманды баурап алды. Кітап тұсаукесерін бұл кісінің жүр­­гізгені де кездейсоқ емес. Өйткені Әлібек Асқаровтың бұл еңбегінің арасында Сауытбек Абдрахманов туралы айтылады:

«Якуттардың Ленасы Амазонка, Ніл, Миссисипи сияқты ұлы өзендермен теңесіп, оңтүстіктен солтүстікке 5100 шақырымға қырық бұратылып, ирелеңдей созылып жатыр. Ресейдің мақтанышы Волга мен Амур өзендері де ұзындығы жағынан Ленаға ілесе алмайды. Лена дариясының көгілдір сағымға оранған әсем көркін тамашалап, өзен бетінде шулаған шағалаларды қызықтап, жағалауда паром күтіп тұрғанбыз.

– Сауытбек Абдрахманов деген менің досым осыдан біраз жыл бұрын іссапармен Якутияда болып қайтыпты. Мен осы жақ­қа сапарға шығарда «Лена өзенінің арғы жағалауы көрінбейтін тұстары да бар екен, сен соны да көріп қайтарсың» деп тапсырып еді? – дегендей, бастаушымыз Валерий Луковцевқа екіұдай сөз тастағам.

– Иә, ол кісі дұрыс айтады… Арғы жа­ға­лау дәл осы біз тұрған тұстан да көрін­бейді! – деді Валерий жайбарақат қана.

– Неге олай дейсің? Әне, алыстағы көк­жиекте жіптей сызылып арғы жағалау еміс-еміс көрініп тұр ғой?

– Е, анау ма? Ол жағалау емес, өзеннің ор­тасындағы қара бұта өскен ұзын арал. Жағалау оның арғы жағында да біршама жерде, жағалау сізге бұл арадан көрінбейді.

– Мәссаған! Өзен емес бұл жерде теңіз ағып жатыр десеңші!».

Міне, осылай. Бұл кітаптың ішкі мазмұны да ағып жатқан телегей теңіз болуы әбден мүм­кін. Біз шет жағасын ғана үзіп-жұлып оқы­ғанда аңғарғанымыз осы. Жоғарыда біз есім­дерін атаған кісілер таныстырылым бары­сында сахалар мен қазақтардың бауыр­ластығы һәм қарым-қатынасы, кітап пен ­автор туралы қызғылықты әңгімелер айтты.

Осы жылдың басында елге Саха (Яку­тия) Республикасының басшысы Айсен Нико­лаев келіп, Президент Қасым-Жомарт То­қаев­пен кездесті. Кездесу барысында қазақ пен саха арасындағы тамыры терең тари­хи байланыстарға жаңаша серпін беріп, мә­дени-гуманитарлық ынтымақтасты кеңейте түсуге айрықша назар аударылған болатын. Соның бір жарқын мысалы осындай дүние­лер. Осымен 6-рет өткізіліп тұрған Еуразия халықаралық кітап жәрмеңкесінде тұсауы кесілген Әлібек Асқаровтың «Cаха-Якутия. Ақ қар, көк мұз әлеміне саяхат» атты кіта­бын парақтаған қазақ оқырмандары екі елдің ете­не тарихына терең бойлары сөзсіз.

«Якут тілі – өзінің түп төркіні саналатын түркі тілдерінен бірінші болып бөлініп шыққан тіл. Осы себеппен де түркі тілдес өзге ағайындардың оларды түсінуі қазір де қиынға соғып жатады. Тарих тереңіне бойлайтын болсақ, сахалардың арғы аталары Орталық Азияның далалық аймақтарынан тарапты. Олар өз заманында Алтай мен Саян тауларының қойнауларын мекен еткен, Байкал көлі жағалауын жайлаған біршама тайпалармен тығыз байланыста болған ерте замандарда, сонау Хун дәуірінде пайда болған деген тұжырым екен. Қазіргі сахалардың ата-тегі құрықандар деп саналады. V-IX ғасырлар аралығында өмір сүрген құрықандар түркі тілінде сөйлеп, Орхон руна жазуларын пайдаланыпты. Осы себеппен де бүгінгі якут тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең көнесі санатында», депті автор кітабында.

Ішінде қазақ пен якут елінің ұқсастықтары туралы да аз айтылмаған. Арғы жағы – талапты оқырманның тәбәрігі.