Пікір • 24 Сәуір, 2023

Әл-ауқатты көтеру тетігі мен заң үйлессе...

209 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте халық ай сайын қаржысының тең жартысынан астамын азық-түлікке жұмсайтынын айтты. Үкіметтің әрекетсіздігін сынап, тыйым салу және шектеу шаралары қиындықтың бетін қайтарса да, жүйелі іске бастамай тұрғанын қаперге салды.

Әл-ауқатты көтеру тетігі мен заң үйлессе...

Содан бері қоғам «енді не істемек ке­рек?» деген сауалдың жауабын күтіп, іш­тен тынып тұр. Халық Пре­зи­денттің пәрменін орындайтын Үкі­метке үміт артады. Бірақ...

Ел ішінде қалыптас­қан жағдай Президентке жақсы таныс. Әкімдеріміз өтірік есеп беріп, жалтарып кетуге мүмкіндік әлі де мол.

Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже көзге көрінбей тұр. Азық-түлік инфля­ция­сының басты себебі де осында. «Елі­мізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз», деді Президент.

Рас, біздің Үкімет экономикалық мәселелер мен әлеуметтік мәселелердің ара-жігін әбден шатастырып бітті. Мем­ле­кеттің ақшасын үлестіріп, инфляция­ны ұстап отыру саясаты келмеске кетті. Үкіметтің экономикалық блогының Мемлекет басшысы тапсырмасын соңына дейін жеткізіп орындауына сенімім аз.

Осы себепті ел басшылығы өңір­лердегі кадрлардың мүмкіндігіне көңіл бөлсе деймін. Шалғай аудандарда сауатты мамандар жетеді. Бұл үшін «өңірден – орталыққа» бастамасы тұрақты түрде жүріп тұруы керек. Бұл Үкімет құрамының жаңа­рып отыруына, билік құрамы «қаны­ның» жаңаруына мүмкіндік берер еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл-аймаққа барған кезде ондағы кадрлардың біліктілігі мен әлеуетіне назар аударса екен деймін.

Бензиннің, дизельді отын баға­сының қымбаттауы халықтың жон арқа­сын аяздай қарып өткенін көріп отыр­мыз. Халық Үкіметтен мұның себебін өз тілінде түсіндіріп беруін күтті. Мемлекет басшысы бензин мен дизель­ді отынның бұрынғы бағасы мен қазір­гі бағасындағы айырмашылық мұнай­шылардың айлығының көтері­луіне, құбыр желілерінің жаңаруына жұмсалатынын айтты. Мұны орындауға толық мүмкіндік бар деп ойлаймын.

1991-2020 жылдар арасындағы қателіктеріміздің зардабы енді шығып жатыр. Біз бүкіл мемлекетті нарықтық емес, базар, шикізат экономикасына айналдырып алдық. Халық әлі кедейшіліктің шырмауында тұр. Біз қазір бір орында қатып қалғандай күйді бастан кешіп жатырмыз. Еліміз тағы да күрделі сынаққа тап болды. 2005 жыл мен 2020 жылдан кейін бізді күткен экономикалық және саяси өзгерістердің екпіні күрделі. Доллар негізгі резервтік валюта мәртебесін жоғалтады деп болжағанымыз расқа шықты. Ескі жүйе бұзылып, жаңасы қалыптасып жатқан кезде қысымға түсіп қалатын елдер болады. Біз қазір сондай күйдеміз. Егер Қазақстан санкцияларға ұшыраса, мұнай-газ секторының не боларын болжаудың өзі қиын. Себебі бұл сала – бюджеттің басты доноры. Мұндай жағдайда Ұлттық қорға қандай түсімдер болуы мүмкін? Дағдарыстың тереңіне сол кезде тап боламыз.

Бұл кедейшілікке әсер ететін факторлардың бірі дер едім. Бірақ, біздің статистикамыздың дәлдігі ойландырады. Мысалы, жақын­да ғана елімізде тұрмысы төмендер санының өскені белгілі болды. Қазір миллионнан асты делінеді. Бірақ, шетелдік ұйымдардың мәліметінше, бұл сан әлдеқайда көп. Ресми статистика айтқандай, халық­тың 6 емес, 10 пайыздан астамы. Ал 10 пайызы – екі миллионға жуық адам. Бұл, әрине, Қазақстандағы қоғамдық-саяси жүйеге үлкен салмақ түсіреді.

Біздің инфляция Ресей мен Украина арасындағы жағдайға тіреліп қалған жоқ, оның тамыры тереңде жатыр. 2007-2009, 2012-2014 жылдардағы дағдарыс теңгемізді құнсыздандырды. Сонда әлемдік экономикада не болды деген сауалдың жауабы бәрімізге қызық. Америка мен Еуропа 1-2-тоқсан жос­парларын жариялады. Содан кейін Американың өзі тауарсыз, тиісінше, шамамен 3,5 триллион доллар басып шығарды. Еуропа елдері де өз ұлттық экономикаларына көмектесу үшін осылай жасады. Бірақ, инфляция барлық дамушы елдерге әсер етті. Батыс осы тәсіл арқылы қаржылық құрылымын сақтап қалды. Тіпті экономикалық саясаттарына да сызат түсірген жоқ. Қазіргі жағдай 2009-2014 жылдарға ұқсап барады. Құдды бумеранг сияқты. Бізге 2007 жылдан бері әлем экономикалық дағдарысқа ұшырады деп үнемі айтып келеді. Шындығында, дағдарыс жоқ – дүниежүзілік экономикада жыл сайын болып жатқан әдеттегі циклдік үдерістер бар. Экономика әрқашан сенімді тетікке сүйенеді. Біз, өкінішке қарай, осы заңдылықты жете түсінбей жатыр­мыз. Бұлай ұзақ жүруі мүмкін емес. Көбінесе билік қабыл­даған шешімдер экономикадағы жағдайды тек тоңазытып жібереді. Қалай болғанда да проблемаларды тек күшті әлеуметтік шығындармен шешуге тура келеді. Тіпті талай мүм­кін­діктерді уыстан шығарып алғанымыз үшін уақыттан ұят болды.

Қазақстанға инфляция сырттан келді. Тек бірер жылдан бастап Үкімет Ұлт­тық банкпен бірге жұмыс істеуге ниет танытты. Біраз бағдарламалар қабылданды.

Үкіметте мықты азаматтар бар. Бірақ Президенттің тапсырмасын орындауға қабілеті жететіндер аз.

Сауатты маман­дарға деген кадр тапшылығы бар екенін Мемлекет басшысы бір емес, бірнеше рет айтты. Халықтың сенімі мен үмітін сынаққа сала беруге болмайды.

Сол себепті бізге ұмытылып ке­­те беретін жасанды бағдарламалар емес, нарық пен экономиканың күре тамырына «шок те­­­р­а­­­пиясы» сияқты әсер ететін заң керек. Осы күнге дейін қолданыста бо­лған бағ­­­дар­ламалардан бұ­рын халықты кедей­ші­­­лік­­тің тырна­ғынан құтқарып алуды көз­­­­дей­тін бір заң маңызды болып тұр. Ол заң­ды орындап, халықты кедейшілік қыс­­па­­ғынан алып шығатын мықты Үкімет керек.

Ол Заңның концепциясын әзірлеуге білікті мамандар жеткілікті деп ойлаймын.

 

Мағбат СПАНОВ,

экономист

 

АЛМАТЫ