Қазақстан • 24 Сәуір, 2023

Мемлекет негізі – жер мен су

340 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте, елдің дамуына қатысты біраз мәселені қамтып, маңызды бағыттарды тағы бір нақтылады. Оның ішінде су мәселесі айырықша айтылды. «Суды үнемдеп тұтынуымыз керек. Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін», деді Президент.

Мемлекет негізі – жер мен су

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Рас, бізде суды бекерге ағызып қоятындар көп. Міне, осының нақты себебін анықтау керек. Әр тамшы су­дың өтемі, ақысы болуға тиіс. Басқа елдерде далаға жіберген әр литр үшін айыппұл төлейді. Дамыған елдердің бәрінде тамшылатып суару технологиясы қолданылады, біздегідей ағызып жіберіп, қарап отырмайды. Олар су құны қымбат болғаннан кейін осындай әдіске көшті. Бізде 1 гектарға жұмсалатын су мөлшері нормадан 1,5-2 есеге асып кетіп жатыр. Осыдан кейін Қазақстан су тапшылығына қалай ұрынбасын?

Мен мұның барлығын су тақырыбын талқылаған жиындарға қатысып, айтып жүрмін. Біріншіден, ел тұрғындары үшін өте қажет дүние – сапалы ауызсу. Екіншіден, негізгі ұстаным – қоршаған орта тепе-теңдігі (Арал мен Балқаш­тың проблемасы және Жайық өзенінің жағдайы) мен трансшекаралық өзендер саясаты болуға тиіс. Үшіншіден, ел экономикасына қажетті ресурстарды ретке келтіру. Саланың өзіне тән ұзақ жылдан бері қордаланып қалған проблемалары жетерлік. Ең әуелі, елдегі сапалы су көзінің тапшылығы, суға тариф есептеудегі тетіктің әлі күнге бір ізге түспеуі, сондай-ақ тұтас елдегі жағдайды жетік білетін білікті кадр тапшылығы байқалып отыр. Оның үстіне, елдегі барлық каналдың 18 мың шақырымы жөндеуді қажет етеді, инфрақұрылымның тозуы кей өңірлерде 80%-ға жеткендіктен, бар суды тиімсіз пайдалану жағдайы да өткір күйде қалып отыр.  Бұған қоса, ел аумағындағы жерасты сулары көздерінің нақты көлемін қайта есептеп, сапасын анықтау ісі күн тәртібінде тұр. Мемлекет негізі – жер мен су. Олар – адамға керек ресурстар. Одан кейін экология, қоршаған орта мәселесі тұр. Қазірдің өзінде Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында су тапшылығы қатты білініп отыр. Сондықтан тезірек суды үнемдеп, тиімді пайдалану саясатына көшуіміз қажет.

 

Нариман Қыпшақбаев,

гидротехник