Экономика • 24 Сәуір, 2023

Еңсемізді басқан импортқа тәуелділік

226 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Импортқа тәуелділік Үкімет пен экономика үшін «Ахиллес өкшесі» екені сарапшылар қауымына белгілі. Импорттың орнын отандық өніммен алмастырамын, яғни отандық өндіріс ашамын деп сол салаға қаржыны аямай құюы керісінше импортты асқындырып жіберген кездері аз емес.

Еңсемізді басқан импортқа тәуелділік

Президенттің еліміздің әлеу­меттік-экономикалық даму мәсе­лелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде ауыл шаруа­шылығы және өндіріс сала­сының дамуында нақты нәтиже жоқ екенін айтты. «Азық-түлік инфляциясының басты себебі де осында. Елімізде өнді­рілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Им­порт­қа тәуелдіміз», деді Мемлекет басшысы.

Импортқа тәуелділік назар аударатын дәрежеге жеткенін Ұлттық банк төлем балансының ағымдағы шотына мемлекеттік шығыстардың тауарлардың импорт арнасы арқылы әсері туралы іргелі зерттеуінде айтылды.

Зерттеу қорытындысы бюджет шығыстарының 1 пайызға өсуі импорттың 1,42% өсуіне алып келетінін көрсетті. Егер біздің мемлекеттік шығыстардың өсуі мен импорттың көбеюінде осындай тікелей байланыс бар болса, жақын арада төлем теңгеріміз минусқа кететіні анық.

Неге бюджет шығыстары 1 пайызға өскенде импорт 1,42 пайызға көтеріледі?

Ұлттық банк аналитиктері оны мультипликативті эффект деп түсіндіреді. Схемасы былай: Үкімет фермерлерге, кәсіпкерлерге өндіріске деп қаржы/субсидия береді. Соны жасау үшін фермер/кәсіпкер шетелден құрылғы, жабдықтар, шикізат алады. Демек, импорт каналы жұмыс істей бастайды. Кәсібін дөңгелетіп, одан пайда тапса фермер/кәсіпкер оны өмір сапасын жақсарту үшін баспана, көлік, айфон, тұрмыстық техника алуға, шетелде демалуға жұмсайды. Көлік, айфон, тұрмыстық техника, шетелге шығу – таза импорт. Ал баспананы салуға кететін құрылыс материалдарының кем дегенде 60 пайызы сырттан келеді. Сонда импорт каналы тағы іске қосылады.

Яғни Үкімет іске асыратын мемлекеттік бағдарламалардың барлығы импортты асқындырып, біздің төлем балансымыздың нашарлауына себеп болуда. Басты себеп – біздегі мемлекеттік қол­дау тым ұзақ жүреді. Мы­салы, 7-10 жыл бойы келе жат­қан бағ­дарламалар бар. Егер олар қыс­қамерзімді болғанда, жа­ғым­сыз макроәсері әлсіздеу шығар еді.

Біздің жағдайымызда эконо­миканың классикалық ереже­лері жұмыс істемейді. Госка­питализм біздегі экономиканы қисайтып, бұрыс жолға түсіріп жіберді. Басқа елде отандық өндірісті дамыту және ұлғайту үшін мемлекет есебінен шетелден құрал-жабдықтар мен аралық материалдарды сатып алу – қалыпты құбылыс. Бірақ, біздің ел жағдайында бюджеттен қанша ақша бөлінсе де, отандық өндірістің бір орында қалатыны анықталды. Дәл сол кезде импорт ұлғая береді.

Бұған Ұлттық банктің есеп­тері дәлел. Оған сәйкес шикі­заттық емес ағымдағы шот дефицитінің 2013 жылғы максимумы 35,8 миллиард доллар, ал 2021 жылғы максимумы 27,8 миллиард доллар көрсеткен.

Қазір күрт өсіп кеткен бюджет тапшылығыҮкімет бизнеске салық жүктемесін көбей­ту арқылы жабуды қарас­тырып отыр. Бірақ, бюджет тап­шылығы және сауда теңгерімі­нің тап­шылығымен күресте салық жүк­темесін арттыру емес, мем­лекеттік шығыс­тар­ды қысқарту анағұрлым тиім­ді екенін зерттеу анық айқын­дап берді. Тек осыған құлақ асып, мемлекеттік бюджет шығыс­тарын қысқарту қажет. Себебі ертең кеш болады.

Ұлт­тық банк төлем теңгері­мінің ағымдағы шотына мем­лекеттік шығыстардың тауар­лардың импорт арнасы арқылы әсері туралы іргелі зерттеуін жария­лады. Қарапайым тілмен айтсақ, біздің Үкіметтің импорт­тың орнын отандық өніммен алмастырамын, яғни отандық өндіріс ашамын деп сол салаға қаржыны аямай құюы керісінше импортты асқындырып жіберген.

 

Айбар ОЛЖАЕВ,

тәуелсіз сарапшы

 

АЛМАТЫ