Егемен Қазақстан • 25 Сәуір, 2023

«Хат қоржын»

378 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Музей – тарихи құндылықтар ошағы

Жамбыл облысының Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Өсер Нұрбаевтың басшылығымен музей ұжымы көктемгі тазалық сенбілігіне бір кісідей атсалысып, айтарлықтай жұмыс атқару үстінде. Әсіресе ұжымға бекітілген орын мен музей маңының тазалығына көп көңіл бөлініп отыр.

Жалпы, музейдің ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Нақтылай түссем, биыл 13 жылдығын атап өтеміз. Осы аз ғана уақыт ішінде мәдени-тарихи құндылықтарды жинақтау сақтау, насихаттап таныстыру істерінде ілгерілеушіліктер бар екенін де айта кеткен абзал.

Бүгінде музейімізде негізінен жас мамандар, атап айтқанда, ғылыми қызметкер Айнагүл Мамытбекова, қор сақтаушы Айдана Шотбасова, экскурсия жүргізуші Жамал Абдрахманова, суретші-декоратор Мұхтар Манекеев жұмыс істейді. Олар көп ізденіп, зерттеп, жан жақты оқып абыроймен қызмет атқарып жүр. Мамандар ғылыми-шығармашылық тәжірибе алмасу мақсатында Астана, Алматы қалаларындағы орталық музейлер мен облысымыздағы аудандық тарихи-өлкетану музейлеріне арнайы іссапармен шығып тұрады.

Біраз жыл бұрын ғылыми қызметкеріміз Сәния Нағашбекова Түркияның Ыстанбұл қаласына арнайы іссапармен барып, сондағы кітапхана мен мұрағаттан біраз материал алып келген болатын. Бүгінде музей қоры көптеген тарихи жәдігермен толығу үстінде. Алдағы уақытта музейге жапсарластырып жаңадан екі қабатты ғимарат салу жоспарда тұр. Сонда бөлмелер кеңейіп, тарихи жәдігерлер тұратын арнайы орындар жасақталады.

Соңғы кездері ауыл тұрғындарыны музейге деген қызығушы­лықтары арта түсті. Отбасыларымен келетіндердің де қатары қалың. Қонақтарын ертіп әкелетін жақсы дәстүр орнығып қалды деуге болады. Ауданымызға алыс, жақыннан ат басын бұрғандардың да музейімізге бас сұқпай кетпейтіндері қуантады. Музей меймандарының арасында «Құрметті қонақтар кітабына» өздерінің тілектері мен жылы лебіздерін жазып қалдыратындар да бар.

 

Төле НАРЖАНОВ,

аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері

 

Жамбыл облысы,

Байзақ ауданы

 

 

Құрметті азамат атағына әбден лайық

Биыл Жеңіс туының желбірегеніне 78 жыл толмақ. Ел мен жерді жаудан қорғауға аттанып, кіндік кескен өңірге аман-есен оралған сарбаздар қатары бүгінде мүлдем сиреп қалған. Ал ауданымыздың мақтаныштары, тірі тарих, тау тұлғаға баланған екі ардагердің ортамызда жүргеніне тәубе дейміз. Оның бірі – Бекарыстан би ауылының тұрғыны Қабақ Смағұлов та, екіншісі – Әйтеке би кентінде тұратын Тілеуберген Тобабергенов.

«Жасымда бейнет бер, қартайған соң зейнет бер» деген. Жастық дәуренін ел-жұртының тыныштығын қорғауға арнаған қос майдангер бүгіндері ұл-қыздары мен немере, шөберелерінің қызығына бөленген ардақты да абыз ақсақалдар. Бәрекелді дерміз, аудан, облыс әкімдігі атынан оларға жыл сайын Жеңіс, сондай-ақ Қарттар күні, Наурыз ме­рекесінде құттықтаулар жеткізіліп, сый-сияпат көрсетіліп тұрады. Мұ­ның барлығы да құптарлық, көңілге жылу ұялататын жайт, алайда...

Аудан әкімдігі жанындағы арнаулы комиссияның сұрыптауы, аудандық мәслихаттың шешімі арқылы жылма-жыл түрлі салада қажырлы еңбек етіп, аумақтың өсіп-өркендеуіне лайықты үлесін қосқан, әлі де жұмыстан қол үзбей өнегелі ісімен көрінген азаматтарға «Қазалы ауданының құрметті азаматы» деген төсбелгі мен көгілдір лента тағылып, марапатталып жатады. Әрине, аға буынды кейінгі өскіндерге үлгі ету – таптырмайтын тәлімді тәрбиенің ұтқыр да озық үрдісі екенін қос қолымызды көтере қолдаймыз.

Десек те осындай мақтау-марапаттан екі ғасырдың куәгері атанған майдангерлер Қабақ Самағұлов пен Тілеуберген Тобабергенов неге қағажу қалады? Ештен кеш жақсы. Аудандағы лауазымды тұл­ғаларға арналып айтылған осы бір талап-тілегімізді аудан тұрғын­дарының жаппай қолдайтындығы дау-дамайсыз шындық.

 

Сахи ҚАПАР,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Қызылорда облысы,

Қазалы ауданы

 

 

Алғыс арқалайтын мамандық

Елімізде әлеуметтік қызметкерлер психоневрологиялық ауытқуы бар балалар мен тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек адамдарға, психоневрологиялық ауруына қоса, мүгедектігі бар 18 жастан асқан жандарға және жалғызбасты қарттар мен І, ІІ топтағы мүгедектерге көмек қолын созады. Жалпы, әлеуметтік қызметкер бірнеше саланы мең­геруі керек. Ол дәрігер де, заңгер де, ұстаз да, психолог те бола алуы қажет. Өйткені әлеуметтік қызметкер көмегіне жүгінетін адамдардың жағдайы әртүрлі.

Сондай әмбебап маманның бірі – Гүлсім Сағындықова. Ол – «Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедектерге арналған әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің маманы. Гүлсім Бисенғалиқызының осы салада қызмет еткеніне он екі жылдан асқан. Ол тек мүгедекпен ғана емес, баласы мүгедек ата-анамен де жұмыс істеудің маңызды екенін айтады.

Гүлсім Бисенғалиқызы үшін өзгенің проблемасы деген түсінік жоқ, қиналған адам көрсе, қолынан келген көмегін аямайды. Әлеуметтік қызметкердің аталған салада тұрақтап қалуының да бір сыры осында. «Әлеуметтік қызметкер болып мүмкіндігі шектеулі жандарға шын мәнінде жаны ашитын, күйзеліске төзімді адамдар ғана жұмыс істей алады», дейді Гүлсім Бисенғалиқызы. Ол осы жолды таңдағанына еш өкінбейді. Ұжымдағы әріптестері арасында беделді.

Бұл жерде, біздіңше, адамның діні, нәсілі, ұлты, жасы, білім деңгейі немесе қоғамдағы мәртебесі маңызды емес. Әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істеу тек үлкен жүректі, ұстанымы айқын, өзінен гөрі өз­гелерге болсын дейтін адамның ғана қолынан келері анық. Орта­мызда осындай мейірім шуағы төгілген жандардың жүргені қандай ғанибет!

 

Динара ҚОЖАХМЕТОВА

 

ОРАЛ