Несие • 26 Сәуір, 2023

Шағын несие – жастарға несібе

357 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде 800-ге жуық жас жеңілдетілген микрокредит алуға өтініш берген. 2,5%-бен берілетін микрокредитті жеке кәсіпкер ретінде тіркелген 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтардың алуына болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Жастарға берілетін шағын несиенің талаптары қандай?

Шағын несие –  жастарға несібе

Жастарды несиелеу бағдарламасы Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға ар­нал­ған ұлттық жобасы шеңберінде іске асы­рылып келеді. Мұндағы мақсат – жас­тар­дың өз ісін ашу немесе кеңейтуге жәр­дем­десу. Несие мер­зімі – мал шаруа­шылығын дамытуға ар­налса – 7 жыл, бизнестің басқа да бағыт­тары үшін 5 жылға дейін беріледі. Қатысу­шыларға жалпы сомасы 5 млн теңге үлестіріледі.

– Аграрлық несие корпорациясы жастарға шағын несие беру бағдарламасы аясында сенім біл­дірілген өкіл-агент ретінде құжат қабылдау, бизнес-жобаны бағалау, несие және кепіл туралы келісімдерді дайындау, несие сомасын қарыз алушыға беру, несиенің пайдаланылуын тексеру, қарыз алушымен есеп айырысуды жүргізу, қарыз алушыдан төлем қабылдау және мерзімі өткен берешекпен жұмыс және уәкілетті органдарға есеп беру үшін жауапты. Өтініш берген сәтте жастардың кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауға тиіс. Бағдарламаға жұмыс істейтін жас­тар да қатыса алады. Бүгінде шағын несиені алуға 761 өтінім түсті. Негізі борыш пен сыйақы өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезеңі қарастырылған. Несие кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Ке­­піл ретінде жылжымалы арнайы тех­­ника және жылжымайтын мүлік қабыл­­данады. Кепіл мүлік болмаған жағ­дайда кепіл берушілер басқа туыс­тары өз кепілдерін бере алады, – деді «Аг­рар­лық несие корпорациясы» АҚ Ас­та­на филиалы директорының несие­леу жөніндегі орынбасары Олжас Баймаханов.

Кәсіпкерлік бастамаларды қол­дауға бағытталған микрокредит жыл­жымайтын мүлікті, оның ішінде тұрақ­ты тұрғын үйлерді, жер учас­келерін, баға­лық қағаз­дарды және қару­ды, құра­мында есірткі заттары бар тауарлар­ды, ойын бизнесін ұйым­дастыруды, ел заң­намасына қайшы келетін және темекі немесе алкоголь өнімдерін сатып алуды көздейтін жобаларға берілмейді.

– Үміткерлер өздерінің бизнес жоспарын, комиссия отырысында көрсетеді. Комиссия бизнес жоспарларды бағалап, үздіктерін іріктейді. Жоба өзекті, дәлелді, экономикалық негізделген, әлеуметтік маңызы бар, өміршең және оның нақты іс-қимыл жоспары болуға тиіс. Қатысу үшін жеке басын куәландыратын құжат, жоба бойынша бизнес жос­пар, қызмет көрсететін банк­тен шоты бар екенін растайтын анық­тамалар, қаржы ұйым­дарынан несие берешегінің, оның ішінде мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтамалар, үміт­кердің жалақысы немесе өзге де табыстарын растай­тын құжат және жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме, кепіл мүлікті бағалау туралы есеп, кепіл беруші және кепілмен қам­тамасыз ету жөніндегі құжаттары қажет. Фи­лиал­дардың негізгі мекенжайлары – «agrocredit.kz» сайтында орналасқан, – деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өкілі.

Өтінімдер 16 облыста және Ас­тана, Алматы, Шымкент қала­ларында қабыл­­да­нып жатыр. Ал Шығыс Қазақстан облысында өті­нім­дерді қабылдау жуық арада бас­талмақшы. Жалпы, биыл 5 796 микрокредит беру жоспарланған.

Айта кетейік, шағын несие беру туралы шешімді әкімдік жаны­нан құрылған комиссия қабыл­дайды. Оған мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасының, кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері кіреді.