– Серікжан Сейітжанұлы, сұхбатымызды дәстүрлі сауалдан бастағымыз келеді. «Саутс Ойл» команиясының құрылу тарихы туралы айтып берсеңіз?
– 2000 жылы сол кездегі Мұнай-газ министрлігі көмірсутекті кенді игеру бойынша тендер жариялады. Соған бес компания қатысты. Оның ішінде канадалық Харрикейн деген компания да бар. Біз сол тендерді жеңіп алдық. Одан кейін Харрикейн компаниясы шағымданып, Президентке дейін хат жазды. Сол уақыттан бастап, екі жыл көлемінде ешқандай шешім қабылданбады. Ақыры тендердің тағдыры 2002 жылы қазан айында шешілді. Ол тұста бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр еді. Болат Еламанов деген азамат Мұнай-газ вице-министрі-тұғын. Тендер мәселесімен сол айналысты. Содан бәрі ойдағыдай аяқталып, 2003 жылы 15 сәуірде тендерден ұтқан кен орнына бардық. Ай дала. Жол, су деген атымен жоқ. Кеңестік дәуірде барлау мақсатында 3 ұңғыма қазылыпты. Сонымен болған. Сондықтан 2003 жылдың 15 сәуірін «Саутс Ойл» компаниясының тарихы басталған күн деп есептеуге болады. Сосын біз ол жерге қажетті станоктарды апардық. Бұрынғы ұңғымаларды аштық. Үшінші ұңғымадан 18 текше метрдей мұнай алына бастады. Әрі қарай барлық аумаққа сейсмикалық барлау жүргіздік. Есептеуде 23 ұңғымаға дейін ешқандай қателік жібермедік. Әр қазған ұңғыманың шығымы үлкен болды. Сөйтіп, 2003 жылы 48 мың тонна мұнай өндірдік. Кейін тек өсім бола берді. Жыл сайын 10-12 ұңғымадан қазып отырдық. Ол кезде ешқандай инфрақұрылым жоқ. Мұнайды Қызылорда облысының Тереңөзек стансасына тасымалдадық. Тазалау қондырғысын сол арадан салдық. Жергілікті халықпен нешеме рет жиналыс өткізіп, жағдайын жасауға уәде еттік. Нәтижесінде, көшелерді асфальттадық, мектепті жөндеп бердік. Мұнайды тазартып, экологияны жақсарттық.
2008 жылы біздің аумақтан Қазақстан-Қытай мұнай құбыры өтетін болды. Сонда біз осы құбырға қосылуымыз керек деген шарт қойдым. Нәтижесінде, келісімге келіп, меморандумға қол қойдық. 29-шы торапқа мұнай құбырын тартып, арнайы есептеу, тазалау қондырғысын орнатып, Қазақстан-Қытай магистралды мұнай құбырына қосылдық. Сөйтіп, 2008 жылдан бастап, мұнайды Тереңөзекке тасымайтын болдық. Станса маңындағы тұрғындарға алғысымызды айтып, қоштастық. Бірақ әлі күнге дейін салығымызды төлеп отырамыз. Қосымша жол салып, газотурбиналық станса тұрғызып, электр энергиясын өндірдік. 2011 жылы ілеспе газдан пропан-бутан, бензин алдық. Қондырғының құрылысында америкалық компаниямен бірлесе жұмыс істедік. Олар керекті жабдықты сонау Дубайдан әкелді. Осылайша, еңбегіміз жанды. Қазір 389 ұңғымамыз бар. Одан бөлек, қаншама кеніш аштық. «ПетроКазахстан» компаниясымен бірге Оңтүстік Қарабұлақ кенішін игердік. Сол жерден көп мұнай өндіріп отырмыз. Қазір жаңадан ашқан Бұхар сай деген кен орнымыз да бар. Бірінші мәрте Қазақстанда тақтатасты мұнайды біз таптық. Оны заңдастырып алдық. Осыған орай Президентке хат жаздым. Сонда Мемлекет басшысы: «Бұл – Қызылорда облысының құтқарушысы, асыраушысы» деп жауап берді. Президент Үкіметке арнайы тапсырма берді. Ол жүзеге асқанша біраз уақыт өтті. Парламент депутаттарымен және энергетика, геология, экология салаларына жауапты министрліктер өкілдерімен бірге «дөңгелек үстел» отырысын өткізіп, алдағы жоспарларды талқыладық. Сөйтіп, арнайы заң қабылданды. Одан соң тақтатасты мұнай өндірісінің тәсілдерін жасадық. Өйткені бұған дейін ол туралы түсінігіміз болған жоқ еді. Дайындаған құжатты Әділет министрлігінен тіркеуден өткіздік. Қазір енді кен орнын бұрғылауға кірісіп жатырмыз. Оның бір ерекшелігі – тақтатасты мұнай өндірісінде бұрғылау терең және көлденең жүргізіледі. 0.5-1,5 шақырым аралығында болады. Осы кенді игеру үстіндеміз. Оны Геология комитетінде тіркеуден өткіздік. Тақтатасты мұнайдың келешегі өте зор. Қоры сондай ауқымды. Тағы бір айырмашылығы – дәстүрлі мұнайдан тығыздығы аса алшақ емес. Кәдімгі мұнайда ол 760-770 болса, тақтатаста – 820-830 шамасында. Есесіне жаңа «қара алтынның» көлемі өте үлкен. Бізден кейін басқа да мұнай өндіруші компаниялар осы іспен айналысқысы келіп жатыр. Бірақ алғашқы түрен салған және бірінші болып тіркеген – «Саут Ойл» компаниясы. Тағы бір айта кететін мәселе – жиырма жылда компаниямыздың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында атқарған жұмысы көп. Соның ішінде Қызылорда өңірін көркейтуге көп күш салынды. Басқа облыста да істеген жұмысымыз көп.
Сыр өңірінде, жоғарыда айтқанымдай, Тереңөзектен жол салдық. Қамыстыбас көлінің маңынан 100 орындық пансионат аштық. Ұшатын тәрелкеге ұқсас жобасын өзіміз әзірледік. Оның кілтін сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолына тапсырдық. Бюджеттен ешқандай ақша алмай, компаниямыздың әлеуметтік жауапкершілікке қаралған қаржысына салып бітірдік. Жоба құны 2,8 миллиард теңге болды. Өте үлкен кешен қазір де жұмыс істеп тұр. Қыста қариялар сонда тынығады, жазда балалар лагеріне айналады. Бұл нысанды Арал ауданының коммуналдық меншігіне тапсырдық. Сонымен бірге 460 миллион теңгеге Теннис орталығын салдық. Ол да керемет жоба болды. Оның ашылуына еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Бұған қоса, Арал ауданында 280 шақырымдай асфальт жол төседік. Ауданға өте үлкен көмек бердік. Әлі де атқарып жатқан шаруамыз көп. Жыл сайын бір миллиард теңгенің үстінде салық төлейміз. Оның ішінде Ұлытау облысының жергілікті бюджетіне де салық төлейміз. Барлық сала бойынша сол өңірлерде алғашқы бестіктегі кәсіпорындар қатарына кіріп отырмыз.
– Тақтатасты «қара алтын» өндірісінде нақты қандай іс-әрекеттеріңіз бар?
– Биыл бірінші мәрте 5.5-6 мың шақырымға ұңғыма бұрғылауды бастайын деп отырмыз. Оған мамыр айында кірісеміз. Іс нәтижелі болса, өндіріс көлемін ұлғайтамыз. 2003 жылы 48 мың тоннадан бастап, 2015-2016 жылдары 1 миллион тоннаға дейін мұнай өндірдік. Құмкөл аймағында барлық әріптесіміздің өнім өндіру көлемі төмендеді. Ал біз қосымша жұмыс істегеннің есебінен қайтадан жоғары көтерілдік. Бұрынғы істен шыққан ұңғымаларды жаңа технологиямен қайта жаңғырттық. Соның нәтижесінде мұнай өндірісі өсті. Кезекте 18 ұңғыма тұр. Терең және көлденең бұрғылауды өзіміздің «Смарт-Ойл» компаниямыз жүзеге асырады. Оның иелігінде 16 станок бар. Кәсіби деңгейі өте жоғары 1 050 бұрғылаушы жұмыс істейді. Оларға барлық жағдай жасалған. Жол салумен айналысатын құрылыс компаниямыз да бар. Зерттеумен, жару жұмыстарымен айналысатын тағы бір компания ашқанбыз. «ЦентрПромГеофизика» деп аталады. Міне, осы тақтатасты мұнай жайында талқылаулар ертеңгі «Оңтүстік Торғай ойпатының мезозой және палеозой қабаттарындағы ауыр өндірілетін дәстүрлі емес мұнай-газ шоғырларын іздеу, барлау және игеру жолдары» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөз болады.
– Енді осы басқосу жайлы нақтырақ айта кетсеңіз?
– Конференция негізгі екі мақсатты көздейді. Біріншіден, компаниямыздың жиырма жылдық мерейтойына орай болса, екіншіден, тақтатасты мұнайдың бірінші рет табылуына байланысты ұйымдастырылып отыр. Осы жаңалықтың ашылуына 6 ғылыми институт атсалысты. Соның ішінде «Башнипинефть» жобалау институты бар. Оның тақтатасты мұнай саласында тәжірибесі мол. Зерттеу әдістемесін солармен бірге ақылдастық. Оған қоса, бұл мұнай түрін өндіру жолдарын үйрендік. Сол институтқа бұрғылаушы компаниямыздың жұмыскерлерін тәжірибе алмасуға жібердік. Олар осы саланың қыр-сырын меңгеріп оралды. Енді қазір үйренген тәжірибемізді өзімізде қолданып отырмыз.
Конференция екі секцияға бөлінеді. Екі білікті маман модератор болады. Әр ғылыми институт өздерінің зерттеулерін слайд арқылы таныстырады. Барлығы өз пікірлерін ортаға салады. Мұның бәрі – ортақ ғылым үшін істелінетін жұмыстар.
– Тақтатасты мұнай өндірісінің өзіндік құны қанша болады?
– Әрине дәстүрлі мұнайға қарағанда қымбаттау. Қазіргі таңда «қара алтын» алу 32-38 долларға дейін барса, тақтатасты мұнай өндіру 50 доллардың үстіне шығады. Өйткен шығыны көп. Бірақ бүгінгі мұнай бағамында оның өндірісі рентабельді болып саналады. Алдағы уақытта мұнай бағасы 80 доллардан төмен түспейді деп болжанып отыр ғой. Осы баға бізге өте қолайлы. Себебі өндіріс көлемі ауқымды. Тәулігіне бір ұңғымадан 300 тоннаға дейін мұнай алынады. Біз ол жерде 500-дей ұңғыма қазамыз деп отырмыз. Сонда есептей беріңіз?! Жыл сайын 1,5-2 миллион тоннаға дейін мұнай өндіреміз деген жоспарымыз бар. Сол үлкен ауқымның есебінен жақсы пайда түседі. Әр тоннадан 20 доллардан қалғанның өзінде зор табыс әкеледі. Осы мұнайды өндіріп пайда тауып жатқан мемлекеттер бар. Мәселен, алпауыт ел – АҚШ тақтатасты мұнай саласына көбірек бет бұрған. Бірақ олардың да қорлары таусылып жатыр. Ресейдегі «Роснефть» компаниясы да осы «қара алтынмен» айналысады. Шынын айту керек, дүниежүзінде жеңіл мұнайдың бәрі таусылып жатыр. 60-70 пайыз қалған көмірсутегі қазба байлығы – тақтатасты мұнай. Қаласақ та, қаламасақ та, түбі сонымен айналысамыз. Сондықтан бұл мұнай түрінің келешегі зор. Қазақстанда 244 млн тонна қор жатыр. Өткен ғасырдың 85-86-шы жылдары Құмкөл кен орны ашылған кезде бүкіл қоры 90 миллион тонна болған. 40 жылдай соның пайдасын көрдік.
Біз тақтатасты мұнай кен орындарының келісімшартын 25 жылға создық. Кейін әрі қарай да ұзартылады. Өндіруде, өңдеуде ешқандай технологиялық айырмашылық жоқ. Тек тазалауға арналған химиялық реагенттерде өзгешелік болуы мүмкін.
– «Саутс Ойл» компаниясы өндірістен басқа қандай жобалармен айналысады?
– Тек бір салаға байланып қалуға болмайды. Сондықтан қызметті әртараптандыруға, инновацияға көп көңіл бөлеміз. Мәселен, көмірдің ең үлкен қорының бірі – біздің Қазақстанда. Сол көмірден қазір мұнай шығаруды бастадық. Ол үшін майлы көмір қажет. Құрамында метаны көп тас көмірден мұнай жақсы шығады. 65-67 пайыз мұнай алып отырмыз. Одан дизель отынын, керосин, бензин, мазут өндіреміз. Көмірдің құны орта есеппен 20 мың теңге, әкелуімен 30 мың теңгенің үстіне шығады. Ал одан 65 пайызға дейін мұнай өндіру өте рентабельді жоба саналады. Келешекте осы салаға түбегейлі ауысамыз. Бүгінде қуаты 100 мың тонна болатын өңдеу зауытын салдық. Жобалау институтына тапсырма бердім. Келешекте көмірден 2 миллион тоннаға дейін мұнай өнімдерін шығаратын боламыз. Ол үшін зауытты карьердің басынан тұрғызу керек. Сосын дайын өнімді теміржолмен алып кетіп отыру қажет. Осы жобаны қолға алсақ деген ойымыз бар. Көмірден алынатын мұнайдың шығымы жоғары және сапасы мықты. Бұл – шаруамыздың бір бағыты. Екіншісі – алдағы уақытта 10 жобаны іске асыратын боламыз. Оның алтауы Түркістан облысында жасалып жатыр. Ішінде химиялық кешен, газэлектрстанса, гидроэлектрстанса, мұнай-көмір химиясы бар. Созақтан фосфат өндіреміз. Мәселен, Теріскейде 4,5 миллиард тонна фосфорит кен қоры бар. Соның 1,5 миллиарды – «Қазфосфатқа», 1,5 миллиарды – «Еврохимға», 1,2 миллиарды әзірге бізге тиесілі. Бірақ біз барлау жұмыстарын жүргізудеміз. Сол кен орнынан Жаңатасқа дейін 45 шақырым жол салып жатырмыз. Жобаны іске асыруға Қытайдың үлкен инвестициясы көмегін тигізіп отыр. Атап айтқанда, дүние жүзінде алғашқы үштікке кіретін «ТСС груп» компаниясы қызығушылық білдірді. Созақтан үш түрлі фосфоритті тыңайтқыш шығармақшымыз. Ертеңгі конференцияда «ТСС груп» компаниясының өкілдері қатысады. Айтпақшы, олар ұсынған химия кешені бойынша сумен бірге хлорды сақтау жөніндегі жобаға қарсы болдым. Өйткені экологияға қауіпті. Ақырында олар тек қана өздерінде қолданылып отырған технологияны біздің химиялық кешенге әкеп орнататын болды. Шынын айту керек, бұл – үлкен жеңіс. Себебі басында инвесторлар химиялық кешенді ескі технологиямен салғысы келді.
Аталған он жобаның екеуі Шымкентте жүзеге асады. Соның бірі – заулім медициналық клиника. Оңтүстік Қазақстан Медицина академиясында бүгінгі таңда 9,5 мың студент оқып жатыр. Олардың оқу-тәжірибеден өтетін орны жоқ деуге болады. Келешекте студенттер академияда алған теориялық білімдерін сол медициналық клиникада практикада шыңдайды.
Бұрынғы қорғасын зауытының қалдықтарынан 80 пайыз мыс, 12 пайыз күміс және басқа да металдар алып, концентрация жасап, ішкі, сыртқы нарыққа шығарып жатырмыз. Биыл күзде балқыту пешін іске қосамыз. Алдағы 10-12 жылда қорғасын қалдықтарынан толық құтыламыз. Әрі қарай шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына өз жобаларын жүзеге асыру үшін өндірістік алаңдар ұсынамыз. Жергілікті әкімдікпен бұл жұмыстар пысықталып, келісіліп қойылған. Сегізінші жоба – «Талас инвест» зауытын кеңейтуге бағытталған. Оның көмегімен алтынды байытатын натрий цианиті мен аммоний сульфатын аламыз. «ТСС груп» компаниясымен келісімшартқа қол қойылып, жобаны қаржыландыру мәселесі толықтай шешілді. Аталған өнімдерге сұраныс зор. Қазіргі таңда Қырғызстан, Ресейден өтінімдер келіп түсуде. Сонымен бірге Өскеменде тау-кен байыту комбинатын іске қосамыз. Келесі жылы жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы жасалып бітеді. Сосын байыту комбинаты өз жұмысын бастайды. Бұл ретте жергілікті әкімдік пен Үкімет тарапынан үлкен қолдау тауып отырмыз. Жобаларды іске асыруға шетелдік инвесторлар әріптестік байланыс арқылы көмек берсе, мемлекет қажетті құжаттамаларды әзірлеу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жәрдем көрсетіп жатыр. Үкімет соған тиісті қаражат бөліп, жол, коммуналдық-инженерлік жүйелер тартып беруге әкімдіктерге тапсырма берді. Жобаларға міндетті түрде әлемде алғашқы төрттікке кіретін аудиторлардың қорытындысы керек. Олар жобалардың экономикалық тиімділігін қарайды. Құдайға шүкір, еліміздің әлемдік қоғамдастықтағы абыройы биік. Сондықтан инвесторлар Қазақстанға инвестиция салуға қуана-қуана келіседі. Жалғыз Қытай емес, АҚШ компаниялары да бар елімізге келіп жатқан. Мұнай-газ өндірісіне қаржы құйғысы келетін инвесторлар көп. Осының өзі Қазақстанның тұрақты ел екенін көрсетіп отыр. Соның есебінен бізге де инвестициялар келіп жатыр.
– Білуімізше, Ордабасы ауданында үлкен мұнай өңдеу зауытын салып жатырсыздар. Ол туралы не айтасыз?
– Ол аталған он жобаның ішіне кіреді. Алдағы уақытта Ордабасы ауданында «Еуро-5», «Еуро-6» бензині шығатын болады. Жаңа тәсіл қолданылады. Мәселен, «ПетроКазахстанОйлПродактс»-та ашық түсті мұнай өнімдерінің тазалануы 73 пайыз болса, бізде 88 пайыз болады. Инженерлік-техникалық мамандар осыған қатты көңіл бөліп отыр. Өндіріс көлемі 2 миллион тонна болады. Биыл қыркүйек-қазанда 1 миллиондық қуатын іске қосамыз. Келесі жылы екінші миллиондық қуатын қолға аламыз. Өнімді өткізу жағынан ешқандай проблема болмайды. Ең бастысы, өнім болса, экспортқа да рұқсат бар. Оның үстіне, келіп жатқан инвесторлардың өздері алып кеткісі келеді. Қазір ішкі нарықта да баға көтеріліп жатыр. Бір айта кететін жайт, ауыл шаруашылығы саласына арзан дизель береміз дедік те, мұнайшыларды қыспаққа алып қойдық. Өз басым сол қателік болды деп есептеймін. Мұнайшыларға, керісінше еркін баға беріп, содан түскен табыс салығын ауыл шаруашылығын көтеруге жұмсау керек. Ақша болса, агроөнеркәсіп те тез көтерілер еді. Ал арзан соляркамен ауыл шаруашылығын да, мұнайшыларды да көгертпейміз. Одан да біреуіне еркіндік беріп, өнімін кедендік баж салығымен сатқызу керек. Түскен пайданы Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру қажет. Осы ойымды жоғары жаққа жеткіздім. Келешекте бәрібір осы тәсілге көшеміз. Өйткені бағаны тежеп ұстап отырғанмен, өнім бәрібір шетелге кетіп қалып жатыр. Жанымыздағы көршілер пайдаланып қалып отыр. Келеді де бағасы арзан мұнай өнімдерімізді сыпырып алып кетеді. Соның салдарынан өзімізге жетпей қалып жатыр. Әйтпесе, жылына бізге 10 миллион тонна мұнай өнімдері еркін жетеді. Ал қазір 17 миллион тонна мұнай өңделеді, бірақ соның өзі жетпей жатыр.
– Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Шымкент қаласына да көп жақсылық жасап жатырсыздар. Оның бірі – мегаполистегі зәулім мешіт. Сол Алланың жердегі үйінің құрылысы жайлы пікіріңізді білгіміз келеді.
– Абу Дабиге үш рет бардым. Жобамды апарып таныстырдым. Ойымды білдірдім. Басында нобайын өзіміз жасадық. Біз мешіттің алғашқы қазығын 2014 жылы 11 маусымда қаққан едік. Сонда «Шейх Зейд Абу Дабиде мешітті 9 жыл салыпты. Соншалықты неге көп уақыт алған? Тезірек бітіруге болмас па еді?» деп ойлаған едім. Міне, қазір біз де сол уақытқа жақындап қалдық. Құдай қаласа, биыл бітіреміз. Мешітіміз ғасырлар бойы міз бақпай тұратын болады. Негізі, осындай мешіт жобасы дүние жүзінде үш-ақ жерде бар екен. Біреуі – Абу Дабиде, екіншісі – Үндістандағы Тәжімахал, үшіншісі біздің мешіт болады. Сыйымдылығы 12 мың адам болса, сыртында қосымша шатырлар қарастырылған. Медина қаласындағы Пайғамбар мешітінде диаметрі 25 метрлік неміс шатырлары бар. Біз Германияның сол компаниясымен келісімге келіп, дәл сондай шатырларды әкеліп, мешіт сыртына орнатамыз. Сонда 12 мың намазханға қосымша тағы 4-5 мың адам шатыр астында құлшылық жасайды. Сырт алаңдағы шатырлар келушілерге қолайсыз ауа райында пана болады. Мешітті ұлттық нақышта салып жатырмыз. Ішінде медресе, мың орындық асхана, неке қию сарайы, жаназа бөлмесі, 50 орындық қонақүй, қысқасы, барлық қажетті жағдай қарастырылған. Келешекте Алла үйінің қазақ руханиятын, имандылықты көтеруге тигізер септігі зор болмақ.
Әкеміз 12 жасында Құранды жатқа біліп, қари атанған кісі болған. Діни ілімі терең, Құран оқудағы қырағаты керемет-тұғын. Қариялармен бас қосып, ақылдасып, муфтиятқа хат жаздық. Муфтияттың шешімімен Сейітжан қари Есжанұлы атындағы Ақ мешіт деп ат қойылды.
– Мамандарды оқыту, даярлау ісінде қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?
– Президент тапсырмасына сай бізде дуальды оқыту жүйесі қолға алынған. 2008 жылы инновациялық-технологиялық колледж аштық. Онда студенттер 10 мамандық бойынша білім алады. Оқу-тәжірибеден компанияның өндіріс орындарында өтеді. Әр тоқсанда екі рет студенттерді арнайы автобуспен өндіріс орындарына апарып, мұнай-газ секторында бір аптадай практикадан өткіземіз. Соның барысында ұңғыманың жұмысымен де танысады. Кейін сол бойынша емтихан тапсырады. Ал оқуды үздік бітіргендерді біз өзімізге жұмысқа алып қаламыз. Басқаларын да тиісті жұмыспен қамтамасыз етеміз. Шымкент қаласынан, Түркістан облысынан біз даярлаған жас мамандарға деген сұраныс көп. Биылдың өзінде колледжге 360 маманға сұраныс келіп түсіпті. Оңтүстік Қазақстан Медицина академиясында шетелден келіп оқып жатқан студенттер қатары да қалың. Арасында үндістер де бар. Қырғызстаннан да талапкерлер келе бастады. Алдағы уақытта медициналық клинка құрылысы біткен соң біз даярлайтын медицина мамандарына деген сұраныс арта түседі деген үміттеміз.
– Әңгімеңізге рахмет. Игі бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!
Әңгімелескен
Әнуар ЖҰМАШБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
ШЫМКЕНТ