Халық • 26 Сәуір, 2023

Ел есіндегі директорлар

310 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Ел есіндегі директорлар

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жұмаділданың желектері

Жыл сайын көктемгі көркейту-көгал­дан­дыру жұмысы басталғанда ауыл шаруашы­лығының білікті маманы Жұмаділда Ерім­бетов еске түседі. Жұмекеңнің көзі кетсе де Созақ елі әлі күнге аңыз етіп айтып жүр. Қыз­мет кеңсесіне көмек сұрап келген жанға аяғындағы жаңа бәтеңкесін шешіп бергені туралы сөз де тараған. «Сызған» мен Калинин атындағы кеңшар директоры қызметін атқар­ған жылдары негізгі мамандығы агроном болған Жұмекең шаруашылықты іскерлік­пен басқарумен қатар тал егу, елді мекендерді көркейту-көгалдандыру мен жол салу ісіне ерекше көңіл бөлді. «Сызғанда» көше бойына ағаш отырғызып, мал тимеу үшін әрқайсы­сын шеңгелмен қоршатып, су таситын көлік­пен суарып тұрғанын да білеміз. Бұл істі тыңғылықты атқару үшін талайлармен айтыс­ты, тартысты да. Ауыл көшелері мен үлкен жол бойына отырғызған ағаштары әлі күнге тамыр жайып, жайқалып өсіп тұр. Балалар көлеңкесінде ойнап, ересектер әңгіме-дүкен құрып отырады. Калинин атындағы кеңшарда да Жұмаділданың желектері жайқалып өсіп, тас төсеп, трактормен тегістеп салған жолдары ел игілігіне жарап жатыр.

 Жұмаділда Ерімбетов Калинин атындағы кеңшарда агроном болып жүрген 1961 жылы елді мекенге жеміс және саялы ағаш егуде ауданға үлгі болды. Бір жылда 20 гектар алқапқа жеміс ағашын отырғызды. Алма, өрік және жүзім көшеттерін уақтылы күтіп-баптап, суару ісін қадағалап, бағбандарға басшылық жасады. Бала кезімізде Жұмекең еккен ауыл іргесіндегі жеміс бағына талай ұрлыққа да түскенбіз. «Қызыләскер» бөлім­шесіне де жеміс ағаштарын отырғызды. «Қара­суандағы» қараағаштар да – Жұмекеңнен қалған із. Одан бөлек «Өрқақпа» іргесіндегі кеңшар бағына құрылысқа қажетті 15 мың түп терек қаламшасын екті. Қаламшадан кө­терілген теректің табиғи өсіп-жетілуі мен шөлге шыдамдылығы, құрылысқа жаратылуы жағынан бағалы ағаш қатарына жата­ды. Жақсы күтілген теректер төрт-бес жылда жайқалып өсіп, құрылыс материалдары қат кезде кәдеге асты. Жұмекең бі­рінші ферма егіс бригадасының жетекшісі Жолдас Ата­жановпен бірге таудан ағатын «Көкбұлақ» арығының бойынан терек көшетін отырғызуды да жоспарлаған. «Қара­бұлақ» елді мекенінен Шолаққорғанға қарай түзу оманарық қазып, оның бойына терек көшетін отырғызғанда тамыр байлаған жас тал арықтың тозуына, жаздың ыстық күн­дері саялы көлеңкесі судың булануына жол бер­мейтінін агроном ерте болжаған. Бұ­лақ суының төмендегі егіс алқаптарына мол кү­йінде жетуіне, жайқалып өскен жас тал­дардың күні ертең кеңшар құ­рылыс жұмыс­тарына жарайтынын сезген.

90-жылдардың ортасында «Сызғанның» «Шұқырой» төңірегіндегі Жұмекеңнің атшаптырым жерге отырғызған жас теректерінің қурап қалғанын көріп, көңіліміз құлазыған еді. Сол қыруар терек өсіп-жетілгенде ел игілігіне жарар еді-ау. Іргесінде айдын шалқар көл жатып, адамдардың құнтсыздығынан қыруар ағаш қурап қалды. Ауыл-ауылда қазір­ге дейін Жұмаділда ағаның отырғызған желек­тері жайқалып өсіп тұрғанын көргенде «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық даналығы еске түседі.

 

Нар жігіттің нар тәуекелі

Қарт Қаратаудың баурайында шағын ғана «Ақсүмбе» атты ауыл бар. Таудан сылдырап аққан бұлақтан нәр алған, табиғаты әсем, жасыл желек көмкерген салқын саялы ауылдың көне тарихы тым әріден басталатынын биік жотадағы көне «Ақбикеш» кесенесі айғақ­тап тұр. Бір кездері осы ынтымағы жарасқан ­ауылдан ел сыртқа көшіп, ажары тая баста­ған еді. Осында туып-өсіп, бауыр басқан ел құт­ты қонысынан бостан-босқа жерімесе керек-­ті. Осы «Ақсүмбе» ауылы бөлімше орталы­ғы болып тұрған кезде «Қаратау» кеңшары­ның директоры Сексенбай Тұрысбековке елді мекен тұрғындары бастауыш мектептен кейін балаларын оқыту үшін өзге жерге қоныс ауда­рып, ауыл үйлерінің қатары сиреп қалғанын айтып, мұңдарын шағады. Бұл мәселе бұрын да талай көтерілгенімен аяқсыз қалып келген екен. Сексенбай Тұрысбеков бас болып, құрылыс инженері Асылхан Пірімбетовтің сызып берген жобасымен ауыл тұрғындары асарлатып, орталау мектептің іргетасын құя­ды. Құрылыс материалдарына қыруар қар­жы қажет болғандықтан Сексенбай Тұ­рыс­беков аудан басшыларының алдына мәселе қой­ға­нымен, олар мектеп құрылысына қаржы қа­ралмағанын айтып шығарып салады. Еңбек жолын мектепте ұстаздықтан бастаған Секең нар тәуекелге бел буып, шаруашылыққа бө­лінген бес тұрғын үйдің қаржысы есебінен жаңа мектеп құрылысын бастап жібереді. Іске қызу кіріскен ауыл құрылысшылары сол жылы жаңа да жылы мектеп жайын бітіріп, оқу жылының басында пайдалануға береді. Мектепке осы ауылдың түлегі, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың есімі беріледі. Тұрғындар қуанып жатқанда жаңа мектеп мәселесімен заң орындары айналысып, «Мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсаған» деген желеумен кеңшар директоры Сексенбай Тұрысбековтің соңына түсіп, қылмыстық іс қозғайды. Аудан мен облысқа жиі шақырып, мазалай береді. Аудандық атқару комитетінде мәселесі қаралып, шара да көріледі. Заң орындары мықтап көз қырына алған соң қызметінен кету қаупі де төнеді. Бұл мәселе сол кездегі облыс басшысы Қасым Төлебековке жетіп, үлкен жиында: «Халық мұқтажына жаратқаны қылмыс емес» деген сөзінен кейін жауапкершілікке тартылудан аман қалады. Содан бері «Ақсүмбедегі» жаңа мектеп жайы ауыл көркін келтіріп, жас балалардың шаттық үні естіліп тұратын болған. Тау бауырындағы елді мекеннен көшетіндер тыйылып, тұрғындар саны артып, ынтымақ-берекесі кіре бастайды. Сол жылдары Мәскеуде Халықаралық «Қа­зақ тілі» қоғамын құрып, ұзақ жыл қыз­мет ат­қарған көрнекті ғалым Кеңесбай Мұсаев «Қаратау» кеңшарында тұратын қарын­да­сы Сақыпжамалдың күйеуі қайтыс болып, шиет­тей балаларымен тар үйде тұрып жат­қанын айтып жазған хатын Сексенбай Тұрысбековке жолдапты. Секең жерлес ғалымды туған жеріне шақырып, «Тұрғын үй-91» бағдарламасымен тұрғызылып, қарындасы ие болған жаңа үйде ат мінгізіп, шапан жауып құрмет көрсетіп жібереді. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», дегендей Сексенбай ағаның өзге ұлттар­дан да достары көп еді. Аудандағы ірі өнді­ріс орындары басшыларымен сыйластығы­ның арқасында олардың қуатты техникала­рын ауылға жол салу мен жемшөп жеткізу ісіне пайдаланып келді. Сексенбай Тұрысбеков аудан орталығындағы Калинин атындағы кеңшарға директор болып ауысып келгенде де өндірістік кооперативке Сұлтанбек Қожановтың есімін беру туралы бастама көтергеннің бірі болды.

 Өткен жылы «Ақсүмбедегі» мектеп жа­нынан жаңа типті мектеп тұрғызылып, бұ­рынғы мектеп қосымша жай ретінде қалды. Биылғы қатты қыста жаңа мектептің жылуы оңды болмай оқушылар Секең тұрғызған ескі мектеп ішінде оқып шықты. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, кең­шар партком хатшысы, аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, кеңшарлар директоры сияқты еңбек сатысынан шыңдалып, ұзақ жыл елмен қоян-қолтық қызмет атқарған Сек­сенбай ағамыз – бұл күнде зейнет жасын­дағы қадірменді қария. Құдай қосқан қо­сағы, көпбалалы ардақты ана, байырғы ұстаз Үрзада Тоқбергенова екеуі төрт ұл, екі қы­зы­нан немере, шөбере сүйіп отырған бақыт­ты ата-ана, Түркістан облысы мен Созақ ауда­ны­ның құрметті азаматы, «Құрмет» орденді ел ағасы.

Кешегі кеңестік кезеңде біз білетін талай директорлар қызметінен кеткен соң ұмыт болып қалып, соңында елі атқарған шаруасын ұзақ айтып жүретін азаматтар сирек те болса кездеседі.

 

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 

Түркістан облысы