Инвестиция • 26 Сәуір, 2023

25 кен орнына инвестиция салынады

257 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда елордада «MINEX Kazakhstan-2023» XIII тау-кен геологиялық форумы өтті. Бұл – жер қойнауын игеру мен аса маңызды пайдалы қазбалардың өндірісін дамытуға бағытталған Орталық Азиядағы ауқымды іс-шара.

25 кен орнына инвестиция салынады

«Ұлттық дамудың игілігі үшін жер қойнауын игеру» аясында ұйым­дастырылған форумның жұ­мы­сына Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму вице-ми­нистрі Иран Шархан, Сыртқы іс­тер министрінің орынбасары Алмас Айдаров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму мини­стр­лі­гі Геология комитетінің төрағасы Еран Ақбаров, сондай-ақ әлемнің 30 елінен келген 500-ден астам инвестор, сарапшылар мен пайдалы қазбаның өндірісімен айналысатын компания өкілдері қатысты.

Оның барысында қатысушылар Қа­зақ­­стандағы және Орталық Азия­­дағы тау-кен, сондай-ақ гео­ло­­гия саласындағы жетістіктер мен өзекті мәселелерді әрі жер қой­науын игеру бағытында қажет­ті технологияларды енгізудің жолдарын талқылады.

«Пайдалы қазбалардың қоры жағынан еліміз үздік мемлекет­тер­дің қатарында келеді. 2017 жылы жүргізілген құқықтық реформа ар­қылы геологиялық барлауға жеке инвестицияларды тартуға жол ашылды. Қабылданған шара­лардың нәтижесінде 700-ден астам отандық юниор компания құ­рылып, сондай-ақ респуб­ли­ка­ға әлемдік нарықтың ірі ойын­­шы­лары тартылды. Қазір бел­г­і­­­лен­ген учаскелерде зерттеу жұ­­­­мыстарын ­нығайтып, геоло­гия­­­­лық мәлімет­ алудың перс­пек­ти­­валарын айқындау үшін мем­ле­кеттік бюджеттің есебінен жер қойнауына мемлекеттік геоло­гия­лық зерттеу жүргізіліп жатыр», деді И.Шархан.

Бұл ретте 26 мамырда Индус­трия және инфра­құ­ры­лымдық даму министрлігі игеріл­мей жат­қан кен орындарына ин­вес­тиция тарту мақсатында қатты пайдалы қазбалар бойынша алғаш­қы электронды аукцион өткі­зу­ді көздеп отырғанын еске сала ке­тейік. Онда жер қойнауын пай­да­­лануға құ­қық беретін 25 кен орны саудаға қойылады.

Геология комитетінің төра­ғасы Ерлан Ақбаров 2027 жылға де­йін белгіленген отандық геология саласын дамыту тұжы­рым­дамасының іске асырылуы жөнінде қысқаша айтып берді.

«Елімізде геологиялық зерт­теу мен барлау жұмыстарын кү­шейту үшін жүйелі шараларды қабылдауға тура келді. Осы бағыт­та­ғы өзекті мәселелерді шешудің тетік­тері Геология саласын дамы­тудың 2027 жылға дейінгі тұжы­рым­дамасында айқындалған. Ма­ңыз­ды құжаттың негізгі мақсаты – пайдалы қазбаларды барлау ісіне инвестиция тарту үшін қо­лай­лы жағдай жасау», деген ко­митеттің басшысы геология сала­сын­да­ғы инвестициялық жобаларды талқылап, таныстыруға дайын екенін жеткізді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл форумның салалық сарапшылар, реттеуші органдар мен жер қойнауын пайдаланушылар және инвесторлардың өзара тәжірибе алмасуларына септігі мол. Бұл орайда еліміздің тау-кен секторы ұлттық экономиканың жүйе құраушы саласы саналатынын айта кеткен орынды. Қазір өнеркәсіптің осы сегментінде 273 мың­нан астам адам жұмыс істеп жүр.