Пікір • 26 Сәуір, 2023

ҰБТ алдындағы амал

316 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біздің қоғамның ішкі иірімдеріне зер сала қарасаң не жыларыңды, не күлеріңді білмей қалатын ахуал-жағдаяттар жиі кездеседі. Оның бәрін санамалап тауысу мүмкін емес­тей. Сол жағдайлардың дейміз бе, әлде мәселелердің дейміз бе, қайсысын алып қарасаңыз да туындау себебінің сан түрін анық көресіз.

Бір өкініштісі, сол жағымсыз себептердің пайда болуына кімдер кінәлі екенін де білесіз. Бірақ олардың сонысын жоюы мүмкін емес екенін іштей түйсінесіз де, әлгі себептер сіз үшін алынбас қамалдай болып қала береді. Содан көрініп тұрған түйткілге амалсыздан қолыңызды бір сілтеп жөніңізге жүре бересіз. Содан төркінді себептер мызғымастай тұрады, одан туындаған салдарлармен айқасып күн өткізуге мәжбүрсіз. Себептерден бастау-қуат алған салдарлар қатары селдіремес, мәңгілік таусылмас жауыңдай болып дұшпандығын жасап, жан алқымыңнан алып жарға тірейді. «Тірі адам тіршілігін жасайды», «өлмегенге – өлі балық» ұраның болып, кеудеңде жаның болған соң ілгері қарай ілби басып кете барасың. Шаршаңқы, мазасыз, кейде бұлқынып, мінез көрсеткісі келіп тыраштанатын ішкі әлеміңді ешкімге білдірмеуге тырысудың әлегі де сізге оңай жүк емес.

Осы біз сөз етіп отырған төркінді себебі бар ахуал-жағдайлардың бірін аз-кем сөз етелік. Бұл білім беру саласына қатысты.

Перзенті 11-сыныпқа өткен көптеген ата-ананың миын ашытып, сары уайымға салатын бір мәселе бар. Ол – жоғары оқу орнының табалдырығын еркін аттауға мүмкіндік беретін мемлекеттік грантты ұтып алу. Бұл жеңіске қол жеткізу қамын көптеген ата-ана қыркүйек басталғаннан ойлап, мазасы қашады. Мазаны алатын ол не дейсіз ғой, айтайық – баласы дәріс алып жүрген мектептегі білім беру сапасының төмендігі. Белгілі жайт, әрине. Себебі де белгілі. Оны білгенде қайтесің, өйткені ол – жойылмайтын, алынбас қамалдай себеп.

Аталған мәселені шешуді ертерек қолға алғандар баласын ә дегеннен таңдаулы лицейлер мен гимназияларға оқуға беріп көңілдерін тыныштандырады. Ал мұндай мүмкіндікке екінің бірінің қолы жете бермесі белгілі. Әсіресе, шалғай жатқан ауылдарда тұратын отбасыларда әлгіндей артықшылыққа ие болу бір арман...

Ауылдарды былай қойғанда ірілі-ұсақты қалалардың өзінде жалпы орта білім беретін мектептердің білім беру сапасына ата-аналардың көбісінің көңілі толмайтын қазіргі заманда ауылдағы ағайынның осы мәселедегі мұңын салмақтаудың өзі қиын.

Жалпы, орта білім беретін мектептердегі білім беру сапасының төмендігінен сонда оқитын балаларын қалтасынан қып-қызыл ақша шығарып қосымша оқыту орталықтарына жетектеп апару үрдісінің бүкіл еліміз бойын­ша маңдайы жарқырап тұр. Репетиторлық орталықтар бүгінде асығы алшысынан түсіп, еліміздегі табыс­ты құрылымдардың бірі болып отыр. Оны қызғанбайсың, тек бұл жайттың мемлекет қазынасынан қаржыландырылатын мектеп­тердің қызмет көрсету сапасының төмен деңгейін көрсететінін ойлап дызақтайсың.

Жарайды, қаладағылар бұл мәселеде өйтіп-бүйтіп амалдайды, ал ауылдағылар қайтпек? Бір түйткілдің ұшы осында жатыр.

Қаладағы немесе қолы ұзын ағайынының әрекеті кімді тыныш жатқызсын? Шалғай­дағы ауылда тұрып жатсаң да сен де әрекетке көшесің. Қаладан репетиторлық орталық іздейсің, оңай табасың, балаңды соған сеніп тапсырасың, осы үшін қыруар ақша төлейсің. Бұл түсінікті. Ал сол бала өзі оқитын мектепке күнделікті сабаққа баруы керек қой. Қала мен ауылының арасында ұшып барып келіп тұратын құс емес. Енді қайттік? Содан келіп мектеп директорына қиылып өтініш айтады: «қаладағы жақсы бір орталыққа апарып ҰБТ-ға дайындасам деп едім, соған рұқсат берсеңіз». Өзі басқарып отырған мектептің білім беру сапасы ата-ананы қанағаттандырмайтынына ұялып-қызарудың орнына директор маңызданып, салмағын арттырып ұзақ ыңыранып отырып келісімін береді: «Жарайды, сабаққа келіп жүр деп белгілетемін, алып кете бер». Директордың іші қу: өзі басқарып отырған мектепке тіркеліп тұрған бала ертең ата-анасының қолдауымен қаладағы орталықта ҰБТ-дан жоғары балл жинап, ЖОО-ның біріне оқуға түсіп жатса, мектептің, айналып келгенде өзінің абыройы. Ертең жоғары жаққа, ел алдында есеп бергенде біздің мектептен пәлен бала ҰБТ-дан жоғары балл алып, ЖОО-ға түсті деп айтқанда сенің балаң да сол есептің ішінде жүреді. Міне, солай.

Айта берсең сөз көп. Шешіліп жатқан не бар? Тұтас мектеп тұр. Мемлекеттен қаржылан­дырылады. Онда үлкен ұжым еңбек етіп жатыр. Бірақ ата-ана баласын олардың қарауынан суы­рып алып дайындық орталықтарына жүгініп жүр. Түсінбейсің. Осындайда жалпы білім беретін орта мектептер халықтың бір бөлігін бюджет есебінен берілетін табысынан айырмау және жұмыссыздық мәселесін ырықтандыру үшін тұрған мекемелер тәрізді көрінеді.

Соңғы жаңалықтар