– Мемлекет басшысының тапсырмасымен екінші жыл қатарынан Атырау, Маңғыстау өңірі жастарына қосымша нысаналы білім беру гранттарын бөлу – мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналары үшін үлкен қолдау. Батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту мәселесі үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Аталған жобаға еліміздің жоғары деңгейлі университеттерінің енуі өңір жастарының дамуы үшін үлкен мүмкіндік, жаңа белестерді бағындырудың жарқын жолы. Қосымша білім беру грантын бөліп отырған ұлттық университеттердің, орталық, солтүстік өңірлердегі оқу орындарының, рейтингі жоғары жекеменшік университеттер басшыларына рақмет айтамын. Маңғыстау өңіріне қажетті педагогика ғылымдары, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, құрылыс мамандықтарына бөлінген білім беру гранттарын толық игеру – жоғары оқу орындарының, білім басқармасының, білім бөлімдерінің, мектептердің ортақ жауапты міндеті, – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Грант мәселесі Маңғыстау үшін маңызды. Өткен жылы өңірге 6 мыңға тарта грант бөлінгенімен, толық игерілмеген. Бұл бөлінген гранттардың түлектер талғамынан шықпауы ма, әлде оқу орнын таңдаудағы кедергі ме? Yessenov University-дегі шара оқу орнының әлеуетін таныту мақсатындағы қадам болды деуге негіз бар. Университет басшысы Берік Ахметов болашақ инженерлерді, технологтерді, IT мамандарын даярлауға, жастарға ғылыми-техниканың әртүрлі салаларынан білім беретін, олардың техникалық ойлауын дамытатын жағдай жасауға бағытталған «Yessonov Technopark» кешенінің жобасымен таныстырды.
– Көбіміз АҚШ пен Еуропа елдеріндегі тарихы ғасырларға ұласқан университеттерде білім алып, тәжірибе жинап жүрміз. Ал қазақ елінің орталықтан ең шалғай орналасқан облысы – Маңғыстау түбегіндегі жалғыз жоғары оқу орны Есенов университетінің тарихы қырық жеті жылға енді ғана толды. Бірақ талабы таудай. Сондықтан әр бастамамызға өздеріңіздей ел азаматтарының қолдауын сезінсек, қанаттана түсеміз. Болашақ инженерлерді, технологтерді, IT мамандарын өсіріп жетілдіру үшін жастарға ғылыми-техниканың әртүрлі салаларынан білім беретін, олардың техникалық ойлауын дамытатын жағдай жасауымыз қажет. Ол үшін білім беру орталарында «FabLab» өндірістік зертханаларын ұйымдастыру мәселесі аса маңызды. Міне, «Yessonov Technopark» кешенінің құрылысын бастағалы тұрмыз. Бұл жерде студенттер үшін ғана емес, өнертапқыш қала тұрғындарына да зертханалардың есігі ашық әрі қолжетімді болады, – деді Б.Ахметов.
Жаңа құрылыс нысанының бастамасы ретінде Маңғыстау облысының әкімі Н.Ноғаев пен министр С.Нұрбек шар тастың ішіне 2076 жылы университеттің 100 жылдығына орай ашылатын уақыт капсуласын орналастырды. 0,6 гектар жер бөлінген қос қабатты технопарктің іші заманауи техниканың 80-нен астам түрімен, түрлі құрал-жабдықтармен, соңғы бағдарламалар қондырылған әлеуетті компьютерлермен жасақталады. Сондай-ақ электр, металл, ағаш, жиһаз, тоқыма өнеркәсібі, баспахана, кескіндеме цехы, конференц зал, робот техника, көркемөнер, галерея, кеңсе, 3D электроника, студия, IT-аймақ толық қажетті құралдармен қамтылады.
– Технопаркті салудағы басты мақсат – инженерлік ойлауды қалыптастыруға, ғылыми-техникалық шығармашылықты дамытуға ықпал ететін мотивациялық тәжірибеге бағытталған орта құру. Міндетіміз – техникалық және шығармашылық ойлауды дамыту үшін тәжірибеге бағытталған орта ретінде Yessenov University базасында технопарк қызметін ұйымдастыру. Технопарк мүмкіндіктерін пайдалана отырып, ғылыми-техникалық және инновациялық жобаларды жүзеге асыру, технопарк қызметіне әртүрлі заманауи технологияларды, техникалық құралдарды, бағдарламалық қамтамасыз етуді тәжірибеге енгізу жоспарланған. Бірыңғай ғылыми-технологиялық кеңістік құру, яғни техникалық шығармашылықты, инженерлік білімді насихаттау әрі тарату, сондай-ақ жобалау іс-әрекетінде, жобалауда, бағдарламалауда, модельдеуде және прототиптеуде практикалық дағдыларды қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді, – деді ректор.
Қонақтар университет аумағындағы жылыжай, Жасыл технологиялар орталығы, Су тұшыту қондырғысы, Теңіз академиясы үш қабатты ғимаратының құрылысы және жаңа стадион жобасымен танысып, құрылысы басталған Студенттік саябаққа жас шыбықтар отырғызды. Бұл жобалардың қай-қайсысы да қызықты. Мысалы, кері осмос технологиясымен су тұшыту қондырғының құрал-жабдықтарын оқу орнына Каспий су тұшыту зауыты сыйлаған екен. Мұнда ұңғымадан сағатына 1-3 текше метрге дейін су шығады және университет ауласында тұшытылған жерасты суы жылыжайға қолданылады. Ал Теңіз академиясы ғимаратының құрылыс жобасы стандарттарға сай жабдықталған және бір сүйсінерлігі академия құрылысының бюджеті университеттің өз есебінен қаржыландырылған. Құрылғыларды қаржыландыруға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмек.
Шарадағы маңызды оқиғаның бірі 500 орындық жаңа студенттер жатақханасының ашылуы болды. Жасыратыны жоқ, жатақхана – еліміздегі ең күрделі, қордаланған мәселелердің бірі. Мәселені өз қадағалауына алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда «Жатақхана салу – өте өзекті мәселенің бірі. Қазір студенттерге 13 мыңға жуық орын жетіспейді. Алайда Үкімет бұл түйткілді шешуге мән беріп отырған жоқ. Ғылым және жоғары білім министрлігі осы мәселелерді ерекше бақылауға алуы керек...» деген болатын. Ақтауда жатақхана бойынша мәселе шешімін тауып келеді. Yessenov University құзырында үш жатақхана бар. Бірақ табиғи және көшіп келушілер саны есебінен тұрғындар, жастар саны артып келе жатқан облыста жатақханаға қажеттілік алдағы жылдары арта түсуі де мүмкін.
Қонақтар үшін университеттің бас корпусында кампус-тур ұйымдастырылды. Министр С.Нұрбек Yessenov University студенттерімен кездесіп, дәріс оқыды.
Yessenov University-де министрдің қатысуымен өткізілген шара жоғары деңгейде өтті. Ақтаудың қақ ортасындағы қалашықта жастардың алаңсыз білім алуы, демалуы үшін барлық жағдай жасауды мақсат еткен университет басшылығының бастамасы құптарлық. Бірақ министр сапарында бір сауалдың жауабы айтылмай қалды – өткен жылы Маңғыстау облысына бөлініп, бірақ игерілмеген 6 мың грантты игеру мәселесі биыл қалай шешілмек? Министрдің айтуынша, осы жылы облысқа 5 мың грант бөлінеді екен. Сонда мәселе грант санын қысқартумен ғана шешіле ме? Бұл жастарға жасалған қамқорлық немесе мәселені шешудің тиімді жолы емес. Керісінше мүмкіндіктер шеңберін тарылту. Грант санын азайтқаннан гөрі білім, өмір сүру сапасының деңгейін көтеру арқылы жастардың қызығушылығын арттыру маңызды.
Маңғыстау облысы