Технология • 27 Сәуір, 2023

Технологияны коммерцияландыру жолы

346 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі кәсіпорынның инновациялық мүмкіндіктерімен екшеленеді. Сарапшылар экономикалық өсім мен жоғары білім ықпалдастығы сұранысқа сай өнім өндіргенде ғана нәтиже береді деген пікірде.

Технологияны коммерцияландыру жолы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Алматы менеджмент универ­си­тетінің (AlmaU) ректоры Гүл­нар Күренкееваның айтуынша, елімізде технологияларды дамы­туға қатысты стратегиялар, көп­теген бағдарлама қабылданған. Соған қарамастан, инновациялық дамыған елдер қатарына жете алмай келеміз. Ол оның себебін стейкхолдерлерге арналған комму­никациялық алаңдардың жеткілік­сіздігімен байланыстырып отыр. Сондықтан алдағы уақытта иннова­циялық экожүйені жақсарту үшін кәсіпорындар мен жетекші ғылыми университеттер арасында тығыз байланыс орнату қажет.

Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбектің пікірінше, Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің құрылуымен бұл саладағы бірқатар мәселе шешімін табуға тиіс. Сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер барысында ашылған жаңалықтарды коммерцияландыру да өте маңызды.

– Президент VIII шақырылым­дағы Парламент Мәжілісінің бірін­ші сессиясында ғылымға ба­сым­дық бере отырып, әсіресе қол­данбалы ғылымды өндіріспен, кәсіпорындармен, бизнеспен ұш­тас­тырудың зор мәнге ие екенін атап өткені есімізде. Осыған орай Мемлекет басшысы министрліктің ұсынысы бойынша Ғылым және технологиялық саясат туралы заң­ды қабылдауға, инновациялар, технологиялық саясатты дамыту, ең бастысы бизнесті, кәсіпорындарды, өнеркәсіптің назарын ғылымға бұруға тапсырма берді. Осы ретте жаңадан қабылданатын салық, бюджеттік, инвестициялық кодекске де министрлік тарапынан ұсыныстар енгізіліп жатыр. Негіз­гі мақсат – заңнамалық базада түбе­гейлі өзгеріс жасап, бизнесті ғы­лы­ми-инновациялық шараларға бағыттау. Ендігі кезекте кез келген кәсіпорын ғылымға негізделген өндірісті көтерсе, инвестициялар­ды тартса, технологиялық өндіріс­тік ішкі үдерістерін ғылым үлесін толықтыруға, көтеруге бет бұрса, соғұрлым үкімет тарапынан са­лық­тық жеңілдіктерге ие болады. Халықаралық тәжірибеге сүйен­­сек, АҚШ, Оңтүстік Корея, Из­раиль сияқты инновациялық сая­саты дамыған елдерде фискалды органдар тарапынан салық жеңілдіктері 250-300 пайызға дейін қарастырылған, – деген болатын Саясат Нұрбек Алматыда ұйым­дастырылған «Industry Advisory Board» форумында.

Бизнес үшін инновациялық өндіріспен айналысу инновация­лық элементтер өндірісті жетіл­діру үшін тиімді болуы керек. Ми­нистрдің пікірінше, қолданбалы форматқа көшуде жоғары оқу орындарындағы ғылымды дамыту да бірінші кезекте тұр. Сондықтан жоғары оқу орындарының мейлін­ше ғылыми-зерттеу университеті форматына ауысуы маңызды. Уни­вер­ситеттер жанынан ғы­лым­­­ды құрылымдау бойынша тех­­но­­логиялық инженирингтік орта­­­лықтар құруға академиялық ба­­сым­дық берілген. Бүгінгі таң­да ғылымға бөлінетін қаржы 3,5 есе артса, 2023-2025 жылдары ғы­лым­ды, гранттық қаржылан­дыруға 650 млрд теңге жұмсалатын болады.

Осы орайда ғылымға келіп жат­­қан жастарға жағдай жасау ке­рек. Өйткені қазіргі уақытта елі­мізде 600 мыңнан астам студент бар. Алдағы уақытта бұл көрсет­кіш еселене беретіні анық. Ал олар­дың дені ғылымға келетіні сөз­сіз. Сондықтан жас ғалымдар имид­жін қалыптастыру, сонымен бір­ге жоғары оқу орындарындағы кедергілерді жойып, технология­лық білімді қолданбалы техноло­гияларға трансформациялау мәде­ние­тін қалыптастыру, жаңа интеллектуалды өнімдер жасау, нарыққа дайындау, инвесторлармен келіссөздер жүргізу сияқты дағдыларды меңгеру – уақыттың талабы. «Ғылым қорының» басқарма төрағасы Әбілдә Шәменовтің айтуынша, биыл 60-қа жуық жоба қолдау таппақ.

Ғылым-өндіріс диалогі ғалым­дар ашқан жаңалықтарды таныс­тырумен, стартап жобаларды қар­жы­ландыру, тиімділігі жоға­ры өнім­дер шығару форматын­да жал­ғасын тапты. Әл-Фара­би атын­дағы Қазақ ұлттық университеті Қан тамырлары патологиясы орта­лығының директоры, профессор Оралбай Дәрменов жас ұзақтығын 10-15 жылға созуға мүмкіндік беретін жаңаша әдісті таныстырды. Ғалымдардың ұзақ жылғы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде атеросклероздың алдын алуға мүмкіндік беретін инновациялық жаңалықты өндіріске енгізудің тиімділігі жоғары. Ал Қазақ­стан-Британ техникалық университе­тінің ғалымдары ұсынған «Sun Scutum» жобасы оқу орындары мен әлеуметтік нысандарда әйнектерге арналған жылусақтағыш жабынды энергия үнемділігімен ерек­шеленеді. «Солнечный щит» директоры Сергей Сахновтың айтуынша, бүгінде еліміздегі ғимараттардың 95 пайыздан астамы қарапайым әйнекпен жабдықталған. Ал оларды энергия үнемді шыны пакеттер­ге алмастыру қымбатқа түседі. Ин­но­вациялық әдіс шығындарды азай­та отырып, нарыққа бағасы он есе төмен өнім өндіруге жол ашады.

Бүгінде отандық ғылым қанша­лықты қолдауға мұқтаж болса, инновацияларды өндіріске енгізу соғұрлым қиын. «QazCem» ценмент және бетон өндірушілер қауым­дастығының техникалық сарапшысы Тимур Букашев отан­дық ғалымдарға кедергі болатын жайттарды алға тартты. Оның айтуынша, экономиканың нақты секторы ғылымға қаржы бөлгісі келмейді. Сонымен қатар маман дайындау мен ғылым, білім бір-бірімен үйлесе бермейді. Сон­дықтан ғалымдар мен нақты сек­тордың диалогін дамыту маңызды. «QazInnovation» басқарма төрағасы Санат Аханов ноу-хау коммуникацияда ғана туындайтынын атап өтті. Ал ғылыми ықпалдастық құ­ру үшін сала мамандарының басын біріктіру қажет. «MOST Ventures» басқарма серіктесі Алим Хамитов «стартап», «венчур» жайында сөз қозғап, бизнес инкубатордың қайырымдылық мақсатты көздемейтінін жеткізді. Технология саласында кәсіпкер өз өніміне сұраныс бар екеніне көз жеткізе білуі қажет. Егер сұраныс болса, әрі қарай өсуге де жол ашылады. Сонымен қатар еліміздегі көптеген талантты жастарды қол­­дау мәселесіне тоқталып, на­рық­қа қайталанбайтын ерекше жобалардың қажеттігін жет­кізді. Химик-ғалым, ерекше әзір­лемелердің авторы Диас Тастан­беков мемлекет ғылымнан асқан тиімді бизнес жоғын түсінуі қажет деген пікірін білдірді. Оның айтуынша, дарынды жастар Америкаға қарағанда Үндістан мен Қытайда көп. Осы орайда бәсекелесу қадам­дарына тоқталған ғалым бұл істе мемлекеттің қолдауы қажет екенін жеткізді.

AlmaU коммерицияландыру бойынша проректоры Кендрик Уайттың пікірінше, жаңа буын өнімдерін әзірлемей, экономиканы дамыта алмаймыз.

– Қазіргі кезде инвестициялау, коучинг, стартап бизнесті дамытуға кеңес беретін 125 венчурлық тәлім­герден тұратын жүйе, сонымен қатар 25 мүшесі бар ұлттық өнеркәсіптік компаниялар мен кәсіпорындар өкілдерінен құралған консультативті кеңес құрылған. Осы құрылымдар арқылы туындап отырған қауіп-қатерлер, проб­лемалардан хабардар бола отырып, оны университеттерді коммерцияландыру альянсының жаңа кезеңінде қаперде ұстайтын боламыз. Негізгі міндетіміз – ғалымдар жұмыс істеп отырған салаларда басымдықтарды анықтау және өнеркәсіптік серіктестер қойып отырған міндеттерге көңіл бөлу. Бұл бізге бизнес тәлімгерлер командасын құруға, бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – дейді Кендрик Уайт.

Форумда коммерцияландыру бойынша ғылыми университеттер альянсы құрылды. Сегіз университет жаңа өнімдерді жасауға бағытталған ғылыми-зерттеу жобаларын таныстырды. Салалық консультативтік кеңес қазіргі уақытта «Siemens», «Microsoft», «MC», «Honeywell», «Coca Cola» сияқты әлемдік көшбасшылардың өкілдерін де біріктіріп отыр.

 

АЛМАТЫ