Президент • 27 Сәуір, 2023

Парламентте депутаттық бірлестік құру керек - Президент

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы депутаттар бірлестігін құру жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Парламентте депутаттық бірлестік құру керек - Президент

«Партияларды ортақ іске жұмылдырудың тағы бір маңызды жолы – Парламентте депутаттық бірлестік құру. Ассамблеядан сайланған бес сенатор бұл шаруаның басы-қасында жүруі керек. Этносаралық қатынас саласындағы өзін-өзі басқару институттарын дамыту – маңызды міндеттің бірі. Ассамблея бұл жұмысты этномәдени бірлестіктердің қызметін үйлестіру арқылы атқаруда», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сондай-ақ Президент мемлекеттің әкімшілік басшыларына Ассамблея жұмыстарына өз үлестерін қосуды тапсырды. Арадағы тығыз байланыстың маңызды екенін айтып, тұрақты кездесулер ұйымдастыруға тапсырма берді.

«Осында министрліктердің, мекемелердің, аймақтардың, Парламенттің және Президент Әкімшілігінің басшылары отыр. Олардың көпшілігі – Ассамблея мүшесі. Ассамблея қызметіне белсене атсалысу – баршаңызға ортақ міндет. Ассамблея да әкімдіктер мен мәслихаттардың жұмысына атсалысуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, Ассамблея және билік органдары өзара тығыз байланыста болуға тиіс. Мұның айрықша мәні бар.

Құзыреттерді жоғарыдан төменге беру ісінде осы мәселені ескерген жөн. Мемлекеттік орган басшылары Ассамблея өкілдерімен тұрақты кездесіп отыруы қажет. Мұндай кездесулер кем дегенде жарты жылда бір рет өткізілуі керек», деді Мемлекет басшысы.