Екі күнге созылған семинарға дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері, мемлекеттің дін саласындағы саясатын іске асыруға және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға мүдделі жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, арнайы және жалпы білім беру ұйымдарының мұғалімдері, діни бірлестіктердің өкілдері қатысып, 200-ге жуық адам қамтылды.
Семинарға «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының дінтанушылары мен оқытушылары, психологтар, блогерлер қатысып, саладағы ең өзекті тақырыптарда дәріс оқыды. Деструктивті діни ағымдардың арбау жолдары мен олардан төнетін қауіп-қатер мәселесіне қатысты айтылған пайымды пікірлер көптің көкейіне қонды. Сондай-ақ тұрғындарды, әсіресе жастарды жат ағым құрсауынан сақтау мәселесі де әңгіме арқауына айналды.
Іс-шараға арнайы шақырылған SММ мамандары да көкейкесті ойларын ортаға салды. Лекторлардың дәрістері тыңдалғаннан кейін қатысушылар сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан мазмұнды жауап алды.
Семинарға қатысушылар жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, деструктивті діни ағымдардың алдын алуда жұдырықтай жұмылуға уағдаласты. Ақпараттық-насихаттық топтардың жұмысын жандандыруды бірауыздан мақұлдады. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.