Дориан Грей деп аталатын синдром бар. Физикалық және психологиялық тұрғыдан қартайғысы келмеу, мәңгі жастықты қалау осының белгілері. Бұл, әсіресе, шоу-бизнес өкілдері арасында жиі кездеседі. Бірақ көпшілік алдында жүрмесе де, қарттығын қабылдағысы келмейтін адамдар бар. Жас көріну үшін бәрін істейді. Қазіргі кезде кең тараған бет әлпетіне пластикалық операция жасату да осы синдромның белгісі дейді. Бірақ бұл бер жағы. Жаны кірлеп, жүрегі қарайып тұрса да, сыртын сылап мінсіз көрінгісі келу, өмірдің мағынасы ішкі әлемнің емес, түр-әлпеттің көркемдігі деп есептеу – осы синдромның асқынғандығының көрінісі.
Бұл психологиялық күй Оскар Уайльдтың атақты шығармасындағы басты кейіпкер Дориан Грейдің атымен аталған. Дориан өзінің жастығын сақтағысы келеді. Оқиға желісі бойынша бас кейіпкердің сымбатына қайран қалған суретші оған портретін салып береді. Бейнесі салынған суретке Дорианның жаны да дариды. Содан кейін Дориан емес, сол сурет қартая бастайды. Оның бойындағы барлық өзгеріс портретке әсер етеді. Дориан алғашқыда өзінің тәнінің қартамайтынына қуанғанымен, көз алдындағы суреттен жаны қаншалық кірлеп, ластанып бара жатқанын анық көреді. Дориан ішкі әлемінің келбетін жан баласынан жасырып ұстайды, тіпті, портретті басқа бөлмеге апарып, бетін жауып, бөлменің есігін құлыптап, тығып тастайды.
Адамдыққа жат іс қылсақ, ар қиналады ғой. Жанымыз кірлесе жиіркенеміз. Тазарғымыз келеді. Себебі адам жаны күнәдан пәк күйде жаратылған. Бірақ әуелгі болмыс пенделік іспен өзгеретіні анық. Дориан да өз картинасын көзден тасалап, жасырып қойғанда, сырт бейнесін емес, арын азаптаған жан күнәсін ешкім көріп қоймаса екен деді. Бәріміздің қалпымыз сол шығар. Кім жұртқа жаман көрінгісі келеді дейсіз. Бар кем-кетігімізді жасырып үйренгенбіз. Түрімізді жөндеп, сөзімізді екшеп, жүріс-тұрысымызға мән береміз. Адаммен сырласқанда да оған жамандығымызды айтамыз ба? Айтпаймыз. Керісінше жақсы жағымызды көрсетуді қалаймыз. Бірақ ол тек жақсы көрінгіміз келген ниеттен емес, шын ұялғаннан, шын жақсы болғымыз келгеннен туатын сезім болуы керек еді ғой. Сонда адамның жаны ізгіленіп, сұлулана түспей ме?
Оскар Уайльдтың кітабындағы кейіпкері Лорд Генри былай дейді: «Қазір адамдар өз-өзінен қорқады. Олар өзгенің алдындағы парызын өтейміз деп, өзінің алдындағы қарызын ұмытып кетті. Иә олар мейірімді, аш адамды тойдырады, кедейді киіндіреді. Бірақ өзінің жалаңаш жаны үшін түк істемейді. Біреуге қылғаны өзінен ұялғанынан емес, құдайдан қорыққандығынан. Жан қалауымен жақсылық қылмағаннан кейін құдайдың алдында жаман көрініп қалмайын деген қорқынышқа құл болып өтеді».
Дәл солай Дориан Грей синдромына шалдыққандар – ішінде есебі бар не құдайдың не жұрттың алдында сыртын ғана жақсы қылып көрсеткісі келетіндер. Олар жас болу үшін, жылтырап көзге түсетін, өз жасына сай келмейтін киімдер киіп, бет әлпетіндегі әжімдерді түзеп әлек болады екен. Ластанған әлемі мен кірлеген жанын бүркеп, жауып қойғысы келеді. Әрине, періште қалпында қалатын, пенделік іске ұрынбайтын адам жоқ. Бірақ жақсылыққа ұмтылу, ішкі сұлулыққа мән беру, рухыңды байыту – өзіңнің алдыңдағы ең басты қарыз осы ғой.