Руханият • 30 Сәуір, 2023

Сақи жырдың сәнді ордасы

280 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Иә, алдап-сулап әкеліп, сырға басыңды соғып кететін Шимұрындай, уақыт құрмағыр да біздің талай балшырын сәттерімізді ұрлап бағыпты-ау! «Әкудей, шіркін, өтер бір күн, миллион сомдық ойын-күлкің» деп Иса Байзақұлы жырлағандай, қылшылдаған құбарлан кездер білдірмей қыр асып кетіпті-ау!

Сақи жырдың сәнді ордасы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қарап отырсам, өткен ғасырдың алпы­сын­­шы жылдары туған қазақтың қара до­ма­лақ балаларына бүгінде халқымыз ал­ғыс айтқандай екен. Өйткені бұлар бұға­на­­сы қатып үлгермеген бозөкпе ұлан бола тұра,­­ ауыл арасының «көппен көрген ұлы той»­­ дейтін үйреншікті сүрлеуіне түспей, зама­н­­ның сыңайына қарап, өз бағын өзі сы­­нап бағатын нар тәуекелдің жалына жар­масыпты.

Қалай дегенмен де, Бауыржан жаста­йынан ән-жырдың дулы ортасында өскен құй­ма құлақ бұла дарын, есейе келе көп­ші­лікке мәшһүр шайыр, көшелі азамат дең­гейіне көтерілді. Ол мұндай құрметті біреу­ден қолқалай қалап та, сұрап та, алған жоқ.­ Осы елге, өскен жерге сіңірген ұшан-теңіз­ еңбек, сол еңбегі арқылы жылдар бойы жинаған берекелі ісі мен беделіне орай өзі іздеп келген абырой екені белгілі. Яғни айналасына тигізген пайдасы мен көр­сет­кен үлгісінің жемісі екені анық.

Тургенев 1845 жылы Парижде Пуш­кин­ туралы француз тілінде жазған мақа­ла­сында: «Оның бізден артықшылығы – өзіне деген сүйіспеншілігінің жоғында еді», деген. «Өзін сүйіп, өзіне тамсанатын­ ақын­-жазушы – әдебиеттің соры», дей­тін­ Тәкен Әлімқұлов. Осы тақылеттес, біз­дің Бауыржан Жақып та өзін көпірте мақ­тау­ды­ суқаны сүймейтін еді.

Иә, біздер ағалы-інілі, іркес-тіркес ғұ­­­мыр кештік, алған білімдеріміз де ың­ғай­лас, тәлім берген ұшқан ұямыз да бір, мұ­рат тұтқан арман-үміт ортақ болып еді.­ Қадірлеп, қастерлеген идеяларымыз да бірыңғай. Осылай ержетіп, қатарлас мез­гіл­де әдебиетке, ел-жұртқа адал қызмет ете­ бастадық.

Ол бір ар-ожданның әлі де лайлана­ қой­маған тұнық кезі еді. Тасқа жазып­ қой­ғандай айнуға болмайтын адами кодекс бар, содан бұрылмауға, бұра тарт­пауға тырыстық. Ағайын-жұртқа адал­дық, жолдас-жораның көңіліне қарау, отан­сүй­гіш­тік, парыз, қарыз дегендерді жалау ете кө­теріп, ешкімнің ала жібін аттамауды мұ­рат­ тұтып өскен буыннанбыз.

Мен алғаш рет Бауыржанды 1983 жыл­дың­ күзінде Алматыда өткен жас ақын-жазу­шы­лардың «Жігер» фестивалінде көр­дім. Тебіндеп жаңа шыға бастаған қара мұр­ты қарлығаш балапанының қара қыл­та­нақ ата бастаған қауырсын қанатындай жылт-жылт етеді. Қағылез, сыптығырдай нау­ша жігіт көпшіліктің алдында өзінің «Ұршық» деген өлеңін оқыды.

«Бір сәтке, әже, тыншып па ең –

Шүйкеге мол жіп жиылып.

Отырушы едің ұршықпен

Уақытты қоса иіріп.

 

...Өзімді сонда жұбатып,

Өмірге іштей күйінгем.

Ұршық қой мына Уақыт

Жіп қылып бәрін иірген...»

Жұрт сатырлата қол соқты. Бүгінде маған сол «Ұршық» өлеңі Бауыржанның ақындық төлқұжаты сияқты көрінеді. Батыс өлкесінің балалары жақсы біледі, алғаш атылған мұнай фонтанының ғаламат селі тіпті енапат қой! Болат ұңғыларды дірдектетіп, көкке атылған мұнайдың қысымы соншалық, жүздеген метр биікке дейін самғап, ық жақтағы, үш шақырым жердегі қырат, қырқаларды майлы нөсердің астында қалдыратын.

Міне, осы алғаш атылған фонтандарды мен талантты ақындардың тұңғыш жырларына шендестіргенді қалап тұрамын. Сондықтан да болар, күннен емес, электр жарығынан нәр алып, қаланың жасанды жылыжайларында өскен жемістей кенеуі аз, ана тілінің мәйегіне қанбаған, қан-сөлсіз әлжуаз шаһарда туған ақындардан гөрі, мен кіндігі далада қалған шайырларға көбірек ден қоямын.

Затында, дарынды жандардың жүй­рік­­ фантазиясы өз назарына түскен құбы­лыс­тарды зорайта да, кішірейте де алады. Сол сияқты олар әлгіндей құбылыстарды жарқырата да, күңгірттей де біледі.

«Елін апат жайласа, эпицентрі ақынның жүрегінде болады» дегендей, Бауыржан да Абыралыдағы атом нәубетіне нәлет айтып, жанын қоярға жер таппайды. Енді ақын­ның «Тамыздың жиырма тоғызы...» деген өлеңін оқып қарайық:

«Тамыздың жиырма тоғызы...

Күн емес Алып шар шықты,

Аспан көзінен қан шықты,

Дегелең деген өр таудың

Кеудесінен сол күн жан шықты.

 

Сұрапыл дауыл соқтырды,

Жарылуға далам шақ тұрды.

Жер менен Көкте тұтасқан

Бұрын болмаған от тұрды.

 

Майлықара, Үшқара,

Берікқара сұстана.

Тақыр боп қалды төбелер,

Сыпырғандай алып ұстара.

 

Тамыздың жиырма тоғызы...

Көзімді менің байлады,

Денеме дерт боп бойлады.

Жер-Ананың ақ шашын,

Ақ шашын жұлып ойнады.

Құстардың тоқтап сайрауы,

Бойымда қаным қайнады.

Өртенді атақонысым

Қырдағы мен ойдағы...»

Иә, бұл ақынның тірі жүрсе жүрегінің түбінде, о дүниеде сүйегімен бірге кететін қасіреті еді.

Бауыржан оқырманның көз алдына небір көрініс, хикметтік сипаттарды тізбелей әкеледі де, оған көркемдік және сәулелі ойларды орап, адамды қайғыртып, мұңайтып, зығырданын қайнатып, ішкі сезім тұнығының бетін жыбыршытып, толқыта біледі.

Ақынның осы бір атом қасіреті тура­лы­ өлеңі біздің де бүйірімізді бақадай мұз­да­тып,­ бейдауа күйге түсіреді.

Негізінен, Бауыржан жырларында адам­ рухтың белгілі бір арнасы, зерденің ең жоғарғы субстанциясының қоймасы, нақ­ты денелерді, яғни тірі жаратылыс пен ас­тралды заттарды құпия түрде байланыс­ты­ра­тын ғаламның айрықша символы ретінде көрінеді.

Қалай дегенмен де, бір биікке шық­қан­­­­­нан кейін мәрені екінші биікке көтеріп қою­­­ – өмірдің бұлжымас заңы. Міне, өсу, кемел­­­дену деп осылай сатылап тырбануды­ айтады.

Бауыржан халық әдебиетінің нуынан ал­ған­ сөздеріне жаңа мән, тосын ажар бе­ріп­,­ құлпырта түседі. Көрген-білгенін көз шо­­ла­сынан, ой сарасынан әбден өткізіп ба­­рып қалам тербейді.

«Ай туады, Күн қашады,

Алдымызда түн тосады.

Жанушы еді сонда біздің

Қараша үйдің білте шамы.

 

Терезеден ұрланып Ай,

Күлімсіреп тұрған ұдай.

Білте шаммен біз оқыған

Ғашықтардың сырларын-ай,

Батырлардың жырларын-ай!

 

Өрт боп жанып жалынынан,

Соның бәрін қанып, ұғам.

Қымбат нәрсе жоқ-ау, сірә,

Білте шамның жарығынан.»

Ол әдісін артына сақтайтын палуандардай, оқырманын әрі-сәрі күйге түсіре келіп, өлеңнің құяр жерін, яғни шүңейтін салмақты уәжбен түйіндейді.

«...Әйтеуір қара тонда құдірет бар,

Жауса да тоңдырмайды мың рет қар.

Ішінде сақталған бір асыл бейне,

Көзімнен мәңгі өшпейтін сурет бар.

 

Өмірдің өзгерсе де марафоны,

Адамдар барады ағып қала толы.

Әкемнің ізін жалғап мен келемін,

Үстімде қара шалдың қара тоны.» («Қара тон»)

Әлдеқашан дүние салған ардақты­сы­ның­ киімін қасиетті тәбәріктей сақтап, иіс­кеп мауқын басу, онымен тірі адамша сөй­ле­су тек қазақтарға ғана тән шығар.

«Айдың нұрына түн шомылғанда,

Тыныштық келіп тұнса қырларға.

Тылсым әлемнің құшағына еніп,

Билейді сәуле құм-шағылдарда.

 

Өзеннің ғажап күйі болады,

Жағаға толқын тиіп ағады.

Бетінен судың шөп-шөп еткізіп

Нәзік бір сәуле сүйіп алады.»

Міне, бұл – енді сурет! Сөзбен сурет­ салу деген осы! Өрілген ішектей өрнек­тел­ген теңеу!

Иә, жақсы өлеңдер жазудың камерто­ны­ дәрежесіне көтерілу оңай шаруа емес. Қажетсіз қауызынан арылып, селкеу қағылған арқауы ширап, көптің көкейіне қонақтаған жыр ғана ел жадында ұзақ сақталатынын Бауыржан жақсы біледі.

Біздің буын құйын-перен ақындар: Төлегеннің, Жұмекен, Сағи, Қадыр, Мұқағали, Тоқаш, Өтежан, Жұматай жыр­ла­рын жатқа оқитыны сондықтан да болар.

Мұхитта тереңдеген сайын алапат қысым күшейе беретіні секілді, есейген сайын аманат, парыз да көбейіп, еңсеңді езе түседі. Сондай ойдан туған сүбелі еңбектің бірі – ақынның «Жүректен қозғайын» атты сын мақалалар, әдеби портреттер, эсселер мен естеліктер кітабы дер едік. Бұл жинақта автор ілгері-кейінді өмір сүрген қазақ сөз өнері пади­ша­ларының өнернамасындағы көзге көрін­бейтін сиқырлы байланыстарды,­ көркемдікпен әдіптелген алтын талшықтарды шебер­лік­­пен талдайды.

Бауыржан – кешегі жыр жазирасының жам­поздарын көріп қалған, солардың ақыл-кеңесін тыңдаған доңғайыр шайыр.­ Сон­дықтан оның өлеңдерінде таңғы кәу­сар­ себезіндей саф тазалық, қарынның құры­­шында қалған сәуірдің сары майындай­ дәмділік бар.

Бір қызығы, адамдар, әсіресе өнер адамдары өз қатарластарын оңай­лық­пен мойын­дай қоймайды ғой. Бауыр­жан­ жөнінде ондай «әрі тарт та, бері тарт» болған жоқ,­ бәрі де оның шығар­ма­шы­лығын жы­лы­ қабылдады. Сондай-ақ алдындағы алып­тар­ға еліктеген, солық­та­ған да жоқ.

Осы жайтқа байланысты кезінде Мұхтар Әуезов былай деген еді: «Пәлі, бә­рін біреуге теңейміз, ұқсатамыз кеп. Абай неге Гете болуға тиіс? Құрманғазы неге Моцарт болады? Бетховен сонатала­­ры­на Саймақтың «Сары өзенін» өлсем де берем­ бе мен? Абай мен Гете, Құрманғазы мен­ Моцарт, Бетховен, Сейтек, Мұхит, Тәттім­бет, Дина... пәлі, бұлардың әрқай­сы­сы бір-бір тұлға. Бір-бір жаратылыс. Өз-өзін­ше бір-бір керемет! Олар бір-бірінің көлең­кесінде қала алмайды».

Міне, кемеңгер Мұхаң осылай тол­ғай­ды!

Бір қарағанда, дүниеде жыл құс­та­рын­дай­ ақылды мақұлық жоқ сияқты, олар аспан­дағы ақ бауыр сансыз жұлдыздар шоғы­рының сілемін бойлап, Құс жолын­ саға­лап, жылы жаққа бет түзейді, бағы­ты­нан адаспайды. Өйткені осы жүлгеде әде­мі ауа ағысы болатынын олар жақсы біле­ді, құстар әлгі ағыспен жеңіл қалқып, көз­деген мекеніне жетеді.

Сол тақылеттес, Бауыржан Жақып та Құс жолындай өзінің имандылық, кісілік, шайырлық даңғылына түсіп, дариға-дәурен биігіне тартып барады...

 

Жұмабай ҚҰЛИЕВ,

ақын, Халықаралық «Алаш»

әдеби сыйлығының лауреаты