Жыл он екі ай бойы тынымсыз тірлікті қажет ететін мал шаруашылығы мол еңбек пен жауапкершілікті ұнатады. Ал қара жердің арқасы сөгіліп, көк шыға бастағанда малшылар қауымының иығына түсер салмақ та еселене түсті. Атакәсіпті нәсіп еткен ағайын шығынсыз төл алу үшін уақытын да, күш-қайраттарын да аяп жатқан жоқ.
Жалпы, аталған ауданда ұсақ мүйізді қой-ешкінің саны 170 мың болса, оның 90 300-і аналық басты құрайды. Қазір, Шаған тауындағы шаруалар мал төлдету қамымен шапқылап жүр. Көксу ауданына қарасты Қабылиса ауылдық округіндегі 76 шаруа қожалығында биылғы төл үні көк аспанды тербеп тұр. Өзінен гөрі малдың жайын көбірек ойлап, мал басын көбейту жолында тынымсыз еңбектеніп жатқан шопандардың жұмысы қауырт. Біз арнайы сапармен барған «Сарыой» шаруа қожалығында да Шопан-ата төлі шаруа баққан азаматтың көңілін орнықтырған.
«Биылғы қыстың кәрін білесіздер. Қаншалықты қиын тисе де, көктемге есендікпен жеттік. Мал төлдету маусымының жалпы нәтижесі қыстың жайлы-жайсыздығына байланысты болады десек те, біз әр 100 саулыққа шаққанда қозы есебі 90-нан айналады деп болжаудамыз», дейді «Сарыой» шаруа қожалығының иесі Ерден Бейсенов.
Сонау 1996 жылы құрылған бұл шаруа қожалығының бүгінде шаруасы шалқып тұр. Қыстау орнында меринос қойының 650 басы төлдеп жатыр. Мұның сыртында кәрі малдарды ауыстыратын 150 бас тоқты-торпақ бар. Әйтсе де қожалық иесі жайылымның көлеміне байланысты асыл тұқымды қойдың санын арттыруды көздемейтінін, осы есепті сақтауды мақсат тұтқанын жеткізді.
Бұл қожалықтан тұқым алып, қойын асылдандырғысы келетіндер де баршылық екен. Сонымен қатар төрт түліктің ірі қара, жылқы түрін де өсіріп, баптауда. Соған орай қожалық жылдың төрт мезгілінде көктеу, жайлау, күзеу, қыстауға көшіп, ата-баба өмір салтын ұстанып келеді.
«Қожалыққа тиесілі 98 гектар егіс алқабына арпа өсіріп, оны тек мал азығы ретінде қамбаға жинаймыз. Қырдың, беткейдің қау шөбін шауып аламыз. Меринос қойдың еті тәтті әрі тығыз болатындықтан сұраныс көп. Сондықтан қойдың бұл түрін саналы түрде өсірудеміз», дейді Е.Бейсенов.
Қазақы жабының 350 басы төскейінде кісінеген қожалықта 8 адам жұмыс істейді. Бәрі шай-тұз бен көже-қатық есебінен тыс 200 мың теңгеден астам жалақы алады. Қызметкерлерге керекті азық-түлік, құрал-жабдықтар, арнайы киімдер де дайын. Малдың да күйі оңды. Ветеринарлық дәрі-дәрмек пен жемшөптен қысылыс жоқ. Ендігі міндет қорадан еретін қоңырдың басын көкке аман жеткізу. Ол үшін осындағы жұмысшылар бір сәтте тыным көрмей, еңбектеніп жатыр.
Әріден тарқатсақ, «Қой шелді болмай, төлді болмайды» деген аталарымыздың сөзі бар. Бұл кезеңде қыс бойы жақсылап қарағанның арқасында төрт түлік мал қоңды болады. Бұл да малдың төлдеуіне елеулі әсер ететіні анық. Бала кезімізде таң бозарып атысымен малды өріске қарай айдап шығып, жайлаудың жаймашуақ күніне көңіліміз марқайып жүретін. Барлық қозы қыр басында ойнақтап асыр салатын. Мұндайда қозы мен қойдың маңырауынан құлақ тұнатын еді. Қошақандар құлдыраңдап ойнай бастаса, қойлар жерден басын алмай көк шөпті жей бастайды.
«Төлдейтін мал белгілі болып тұрады. Реңі бұзылып, қайта-қайта жата береді. Сосын біз оны отардан бөліп алып, ерекше күтімге алатынбыз. Тіпті жаңа туған қозыларды ауыздандырып, қораның жылы болуын қадағалап, ерекше күтім жасалған қозылар өсуге талпыныс жасайды», дейді мұндағы шопандар.
Иә, мал төлдету – малшы үшін ең қиын да, жауапты кезең. Шопандар «қойым егізден қоздасын» деп тілесе, сақманшылар түн ұйқысын төрт бөліп алынған төлдің аман қалуы үшін жанталасады. Себебі әрбір төл – ертеңгі күннің бе-
рекесі.
Атакәсіппен берекесі кірген тағы бір шаруа иесімен де дидарластық. Өңірде мемлекет тарапынан қайтарымсыз көмек алып, шаруасын шалқытып отырған жандар жыл санап көбейіп келеді. Солардың санатында Көксу ауданына қарасты Көлбастау ауылының тұрғыны, «Ұйымхан» жеке кәсіп иесі Өмірбек Қазыбекұлы да бар. Ол 2016 жылы мемлекеттен 1 миллион теңге қайтарымсыз көмек алған. Аталған қаржыға сол кезде «альпі», «занин» тұқымды 9 бас ешкі мен 1 теке сатып алып, кәсібін бастаған. Бүгінде бұл асыл тұқымды ешкілерінің саны 130-дан асқан екен.
Негізінен «занин» және «альпілік» тұқым сүттілігімен ерекшеленеді. Бір ешкіден орта есеппен 3-5 литр сүт алынады екен. Бұл жайлы «Ұйымхан» жеке кәсібінің иесі:
«Асыл тұқымды ешкілерімізден алынатын сүтті ел шипа есебінде тұтынады. Негізінен сүттің басым бөлігін тұрақты түрде аудан орталығындағы «Арқабаев» және Талдықорған қаласындағы «JLC» сүт зауытына өткіземіз. Табысымыз тіршілігімізді жандандыруға толығымен жетіп жатыр», дейді ол.
Кәсіп иесі алдағы уақытта қора-жайын кеңейтіп, өрісін молайтып алып, ешкінің тек «альпі» тұқымын көбейтуді көздеп отыр. Сүтті ешкінің нарықтағы бағасы да қымбат көрінеді. Мәселен, бір бас ешкінің құны 350 мың теңге болса, лағының өзі 100 теңге тұрады. Бұл туралы әңгімелеген кәсіпкер ең алғаш асыл тұқымды ешкінің пайдасы туралы газеттен оқып біліпті. Ол жазбадан ешкінің сүті адам денсаулығына мың да бір шипа әрі ана сүтінің орнын баса алатын сусын екенін таныған. Сол сәттен бастап осы кәсіпке құлшынған. Ақырында мемлекет тарапынан қолдау тауып, бүгінгі күнге жетіп отыр.
Айта кетейік, Көкбастау мен Ақтекше ауылы кіретін Каблиса ауылдық округінің халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Жалпы, аталған елді мекендерде 204 түтін бар. Ірі қарасының саны 5 мың, жылқы 3 мың болса, 18 мың қойы өрісінің сәніне айналған.
Төрт түліктің сүтін тұрғындар аудан және облыс орталықтарындағы сүт зауыттарына өткізіп, тіршілігін жандандыруда. Сұраныс бойынша қос ауыл халқы аптасына 4 тонна сүт өндіретін көрінеді. Оның сыртында сүзбе, құрт, ірімшік секілді сүт өнімдерін де табыс көзіне айналдырған.
Таулы аймақта қар жылдағыдан көп түсіп, мал азығы түгесіліп, көкке әрең ілінсе де халық байырғы тіршілігінен айныған жоқ. Биыл өңірде төрт түліктен 1 млн бас төл алу жоспарланған. Атап айтқанда, шаруалар 830 мыңға жуық қозы-лақ, 200 мыңдай бұзау, 53 мың құлын мен 300-дей ботамен мал басын еселемек ниетте. Тек жеке шаруалар жайылым жердің таршылығы мал санын көбейтуге кедергі келтіріп отырғанын айтуда.
Жетісу облысы