Халық • 30 Сәуір, 2023

Қобызға құштар Богларка

797 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алты тіл білетін мажар қызына қоңырау шалып, әрине, қазақша сөйлестік. «Тұмарша дей беріңіз – бұл есімім Богларканың қазақша аудармасы. Оңайша апай маған Тұмарша деген қазақша есім берген», деді Мажарстан астанасы Будапешт қаласының тума­сы. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқитын мажар қызы Богларка Фехер бүгінде өнерімен, білімімен Қазақ еліне танылып үлгерді.

Қобызға құштар Богларка

Бірнеше аспапта ойнаумен қатар ән жазатын Богларка қобызға арнап «Дала сыры» атты күй шығарған. Өнерлі арудың одан бөлек мажар тілінде бірнеше жеке туындысы бар. Ал қазақ ұлттық аспаптарында жиырмаға жуық күйді еркін ойнай алады. Алты жасынан бастап, музыка мектебінде он екі жыл бойы виолончельде ойнауды меңгерген. Кейін қазақ халқының ұлт­тық музыкалық аспабы – қобызды өз бетімен үйрене бастайды. «Қобызға қызы­ғу­шылық менің өміріме кенеттен келді десем болады. Мажарстанда дауылпазбен ән айтатын «Regélő Fehér Táltos dobcsapat» атты топ бар. Олар туған жер, ата-баба мұрасы, ұлттық құндылықтар туралы ән шырқайды. Мен де сол топпен бірге өнер көрсеттім. Бір күні топқа әлдебіреулер қобыз сыйлаған екен. Топ мүшелері маған сол аспапты тартып көруді ұсынды. Кейін бұл аспапты қатты ұнатқаным соншалық, өзіме арнайы бір қобыз жасатып алдым. Алғашында интернеттен қобыз тартып отырған өнерпаздардың бейнетүсірілімдерін іздедім. Соның ішінде «Тұран» ансамблі мүшелерінің ойнағанын талай рет тыңдадым. Сосын 2021 жылдан бастап «Тұран» ансамблінің қобызшысы Мақсат Медеубектен онлайн сабақ ала бас­тадым», дейді Тұмарша-Богларка. Қо­быз туралы көп ізденді. «Музыка энциклопедиясын» ақтарып, қобыздың скрипкадан бұрын VIII-IX ғасырда пайда болғанын, Қорқыт бабаның атымен байланысты екенінен хабардар болды.

Мажарстанға 2014 жылы келіп, концерт қойған «Тұран» этнофольклорлық ансамблі жас қызды ерекше әсерге бөлеген. Сол бір әсерлі кештен кейін Тұмарша қазақтың музыкасына, тіліне, мәдениетіне қызығады.

«Ғаламтордан қазақ әліпбиін үйрене бас­тадым. Ол кезде мажар тіліне аударылған әліпбидің нұсқасы болған жоқ. Көп әріпті үйренуде қиындық болған жоқ. Бірақ қа­зақ тілінің қ, ғ, ұ, ү секілді дыбыстарын «Тұран» ансамблінің орындауындағы әндердің мәтінін жаттау, мұқият зерделеу арқылы үйрендім. Сосын белгілі мажар ғалымы, түрколог, шығыстанушы Иштван Қоңыр Мандокидің жары атыраулық Оңайша апайдың қазақ тілі курсына үш жыл қатыстым. Әр жылда он алты апта көлемінде сабақ жүргізілетін. Сабақ саны аз болса да, көп нәрсе үйрендім. Оңайша апайдан қазақ тілі, мәдениеті, салт-дәстүрлері, менталитеті туралы көп дерек білдім», дейді тілді қалай меңгергенін еске алған мажар қызы. – Мажар мен қазақ тілінің логикалық құрылымы ұқсайды. Иштван Қоңыр Мандоки екі тілге ортақ бес мыңға жуық сөз барын айтқан. Алма, ана, сақал, балта, кіші секілді сөздер бізде де бар. Мажарстанда біз тек мажарша сөйлейміз. Сондықтан мен әлемнің барлық елі өз ана тілінде сөйлейді деп ойладым. Алайда Қазақстанда ана тілін білмейтін, орысша сөйлейтіндердің барын білген кезде таңғалдым. Түркістан тұрғындарының таза қазақша сөйлейтініне, Мажарстаннан келген бойда осындай ортаға түскеніме өте ризамын. Киелі Түркістанда тұрған төрт жылда өте мейірімді адамдармен кездестім. Жақсы достар таптым».

Ілгеріде Қазақстанға шекті аспапта орын­­даушылар арасындағы халықаралық бай­­қауларға үш жыл қатарынан қатысқан Бог­ларка Фехер Түркістанда жоғары білім алуды ұйғарыпты. Мажарстанның Бач-Кишкун деген өңірінде орналасқан Лакителек халық институтында жыл са­йын жазда қазақ мәдениетіне баулитын бір апталық лагерь ұйымдастырылады екен. Мажар жастары арасында әлем тілдері мен мәдениетін зерделеуге арналған Лакителек халық институтының бірегей жобасы танымалдылыққа ие екенін айта кетелік. Богларканы қазақшаға үйреткен Оңайша апайы жыл сайын сонда барып, сабақ береді. Сол жолы Қазақстаннан келген делегация мүшелерінің бірі – білім саласында жұмыс істейтін Мәншүк Мұхаметқали Богларканың қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын байқаған. Сөйтіп, оған Қазақстанда білім алуға кеңес берген, көмектесетінін айтқан. Осылайша, Оңайша апайы екеуі Түркістанға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік уни­вер­ситетінде оқуға келуіне септігін тигізіпті. Университеттің спорт және өнер факультетінің дәстүрлі музыка маман­ды­ғына 2019 жылы оқуға түскен. Бір жыл дайындық курсында оқып, қазақ, түрік тілдерін жетік меңгерген. Ұстазы Ерасыл Қаумбаевтан домбыра үйреніп, «Тұранның» қобызшысы Мақсат Медеубектің онлайн сабағына қатысып жүрген Тұмарша-Бог­ларка қазақтың нақышын, ою-өрнектерін ерекше ұнататынын, қазақ пен мажарлардың ұлттық киімдері ұқсас екенін айтады. «Қазақтар ата-бабаларынан қалған мұраны қатты құрметтейді. Байқап қарасам, біздің ою-өрнектеріміз де қатты ұқсас екен. Мажарлардың ою-өрнектерін жіті зерттеген ғалым Хуска Йожефтің еңбектерін оқысам, Мажарстан жерінде жүргізілген археологиялық қазбалар нәтижесінде та­был­ған ою-өрнектер қазақтардікіне қатты ұқсайды. Қазақтың тұсаукесер рәсімінің символикасы маған қатты ұнайды. Жеті атасын, түп-тамырын білуі керек деген тәрбиелік дәстүрге де қызығамын. Сосын наурызкөженің жеті түрлі тағамнан жасалатыны таңғалдырады. Жеті шелпек тарату дәстүрінің де өзіндік мәні бар. Сондай шелпекті мажарлар да пісіреді. Бірақ үсті­не қаймақ, ірімшік, сарымсақтың майын жағады», дейді Тұмарша-Богларка.

Әр оқу семестрінің соңында еліне асығатын Тұмарша Қазақстанға тек оқу үшін келгенін, мұнда қалу жоспарында жоқтығын да жасырмады. Қазақ мәдениетіне ерекше қызықса да, туған елінен басқа еш елде ұзақ тұра алмайтынын айтқан мажар қызы Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда немесе Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында білімін жетілдіруді көздейді. Табиғаты керемет Алматыда тұрғысы, қобыз тартуды терең меңгергісі келеді. «Мені іздегеніңізге рахмет!», деді мажар қызы қоштасарда.

 

Түркістан облысы