Егемен Қазақстан • 02 Мамыр, 2023

«Хат қоржын»

316 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Бәрі тағылымы мол әңгіме

1973 жылы Семей педагогикалық институтының филология факультетін бітірдім. Соңғы курста оқып жүргенде ойламаған жерден болған бір кездесу әлі күнге дейін есімде. Сонда қазақ мәдениетінің тарихында есімі әрдайым есте болар ұстазым Қайым Мұқамедхановтың ағынан жарылып емен-жарқын айтқан әңгімесін ерекше қызыға тыңдағаныма табаны күректей 50 жыл болыпты.

Бірде Ертіс өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан Жамбыл көше­сіндегі студенттердің құтты мекеніне айналған 20-үйде әдеби кеш өтті. Оған ұстазымыз Қ.Мұхамедханов және басқа да белгілі ақын-жазу­шылар қатысты. Кеш енді қыза бастағанда бір топта оқитын досым Сан­сызбай Смайылов келіп, менімен бір бөлмеде тұратын, бүгінде бел­гілі ақын Төлеген Жанғалиев екеумізді қоярда-қоймай сыртқа алып шықты.

– Мына кеш біткеннен кейін, деді ол, – Қайым ағамызды сендердің бөлмелеріңе шақырайық. Жеке отырып, әңгімесін естиік. Қазір біреуің барып дүкеннен шайға бірдеңелер алып келіңдер, екіншің бөлмені жинастырып, ретке келтіріңдер.

Біздің «ол кісі келе қояр ма екен» деген күдігімізге Сансызбай «әкелу менің мойнымда, ал қалғанын сендер істеңдер» деді нық сенім­мен. Төлеген екеуміздің көптен күткен кездесудің енді қызып келе жатқанында одан кеткіміз де келмеді. Сансызбай болса, көнбеске амал қалдырмады. Оның үстіне мұндай қолайлы сәтті жіберіп алмау керектігін де ойлап қоямыз. Ақыры ұстазымызды бөлмеде қарсы аламыз деп шештік. Ал Сансызбай сөзінде тұрып, ағамызды біздің бөлмеге ертіп келді.

Біз Қ.Мұхамедхановтың қарапайымдылығы мен бойында ешқандай тәкаппарлықтың жоқтығы туралы талай рет естіген едік. Осы жолы өзіміз де оның куәсі болдық. Ұстазымыз қарапайым студент үстелінің басына жайғасып отырып, біраз тағылымды әңгіменің басын қайырып еді. Сол кезде бізге хакім Абайға, оның төңірегіндегі белгілі адамдарға және жалпы қазақ тарихына, салты мен дәстүріне қатысты ешбір кітапта жоқ тағылымы мол көп әңгіме айтылған-тын. Соларды жазып алмағанымыз өкінішті-ақ.

Серік САТЫБАЛДИН,

«Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық

бірлестігі төрағасының орынбасары

ПАВЛОДАР

 

 

Сан қырлы тұлғаға – лайықты құрмет

Жақында Алаштың аяулы азаматтарының бірі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ішкі істер қызметінің ардагері генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаевтың 115 жылдығына орай «Генерал Шырақбек Қабылбаев – сан қырлы тұлға» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ол бұрынғы Семей облысының Қарқаралы округіне қарасты Абыралы өңіріндегі Қарашоқы тауының етегінде дүниеге келген.

Отаны мен халқына еткен қажырлы да адал еңбегі үшін Ш.Қа­былбаев «Ленин», «Қызыл жұлдыз», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, КСРО Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталды. Ел Үкіметінің №1287 қаулысымен Ішкі істер министрлігінің Қостанай академиясына Шырақбек Қабылбаевтың есімі берілді.

Былтыр күзде облысқа келген сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласындағы заңғар жазушы Мұхтар Әуезов оқыған білім ордасына арнайы бас сұғып, қасиетті шаңырақ төрінде ұстаздармен, белсенді оқушылармен кездесті. Кездесу кезінде Мемлекет басшысы ұлт тарихындағы біртуар тұлғаларымызды ұлықтау парыз екенін атап көрсетті. Сондай тұлғалардың бірі Ш.Қабылбаев еді. Ал мектептегі сөзінде Президент ашылған ескерткіштің Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық тойына тарту екеніне де тоқталды. Сондай-ақ «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн», деді Президент. Қасым-Жомарт Кемелұлының ой салар сөздері колледж ұстаздарының жадында. Осы бағытта қабылданған «Оқуға құштар колледж» жобасы аясында ай сайын дәстүрлі түрде іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.

Шолпан АЙКЕБАЕВА,

өлкетанушы

Абай облысы

 

 

Аспаннан алтын жаумайды

Бүгінгі шағын әңгімеміз Жетісай ауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияны ұзақ жыл басқарған, жергілікті халық «Алтын мектеп» атап кеткен танымал білім ордасының қалыптасуына зор үлес қосқан Өмірхан Қозыбақ туралы. Іс тетігін кадр шешетінін ескерген Омекең осыдан 35 жыл бұрын аталған білім ордасының тізгінін қолына алғанда ең алдымен айналасына мықты мамандарды шоғырландырды. Талапты күшейтіп, әр мұғалімнің сабағына қатысып, педагогтік қарым-қабілетін байқады. Осалдық танытқандарын қызметте жүрген көке-жәкелерінің ықпалына қарамай босатып жіберді. Оның орнына өз ісін жетік білетін мамандарды шақырды. Осылайша, кіл мықты мұғалімдерден құралған мектеп ұжымы араға бірер жыл салып үлкен нәтижелерге қол жеткізе бастады. Оқушылар өнер байқаулары мен пән олимпиадаларынан жүлдесіз қайтпайтын болды.

Нақты деректерге сүйенсек, ҰБТ жүйесі басталғалы мектеп-гимназияны 1 240 оқушы бітірсе, соның 444-і «Алтын белгі», 224-і «Үздік аттестат» иегері атаныпы. Атан түйеге жүк боларлықтай бұл алтындар мен жетістіктер өзінен өзі аспаннан жауа салған жоқ. Оның жолында білікті басшының білімі мен ұйымшыл ұжымның еңбегі жатыр. 2021 және 2022 жылдары мектеп бітірген түлектер 100 пайыз мемлекеттік грант арқылы жоғары оқу орындарына түсті. Ата-аналар арасында «баламыз Б.Момышұлы мектебін бітірсе, міндетті түрде грантқа ілігеді» деген сенім пайда болды.

Бірақ бұл өмір ғой, ата-аналардың өтінішімен, жергілікті биліктің ескеруімен зейнет жасынан асып кетсе де бірнеше жыл бойы келісімшартпен қызмет етіп келген Өмірхан Қозыбақ жақында еңбек демалысына шықты. Мектеп ұжымы мен ата-аналар оны зор құрметпен шығарып салды. Өмірхан Жүндібайұлының алған марапаттары да, елден көрген құрметі де аз емес. Ел ішінде «Еткен еңбегің рас болса, ең алдымен айналаңда жүрген адамдар бағаласын» деген сөз бар. Ал ол – бағаланған азамат. Сондықтан дәл осындай еңбек адамын өзгелерге үлгі етсек, одан біздің ұтарымыз да көп болмақ.

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,

журналист

Түркістан облысы