Шахмат • 03 Мамыр, 2023

Дин дегеніне жетті. Қытайлық шахматшы әлемнің 17-чемпионы атанды

182 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Спорт әлемінде тосын нәтижелер, ешкім күтпеген жеңістер жиі болмаса да, ара-тұра тіркеліп тұратынын жанкүйерлер жақсы біледі. Мәселен, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасындағы марқұм Бекзат Саттархановтың алтыны, 2019 жылғы бокстан әлем чемпионатында ешқандай атақ-даңқы жоқ Бекзат Нұрдәулетовтің бес дүркін әлем чемпионы кубалық Хулио Сесар ла Крусты нокдаунмен жеңуі, бірер ай бұрынғы футболдан Қазақстан құрамасының әлемнің азулы құрамасы Данияны қапы қалдыруы, сол Данияның өзі 1992 жылғы Еуропа чемпионатына ойда-жоқта қосылып, Кәрі құрлық додасының жеңімпазы атануы сияқты түрлі мысалдар жетіп артылады.

Дин дегеніне жетті. Қытайлық шахматшы әлемнің 17-чемпионы атанды

Бұл қатарға күні кеше елордада ұйым­дастырылған классикалық шахматтан 17-ші әлем чемпионы атанған қытайлық Дин Лижэньнің жеңісін де қосуға болады. Өйткені Лижэнь Астанадағы әлем чемпионаты былай тұрсын, былтыр Мадридте өткен үміткерлер арасындағы додаға қатысатыны тек соңғы сәтте бел­гілі болды.

Тарқатып айтар болсақ, әр екі жыл сайын ұйымдастырылатын шахматтан әлем чемпионатында екі жыл бұрынғы жеңімпаз бен үміткерлер турнирінде үздік шық­қан спортшылар бақ сынайды. Яғни екі жыл бұрынғы чемпион мен жаһандық доданың алдында ұйымдастырылатын үміткерлер турнирінде үздігі сынға түседі. Биыл 2021 жылғы чемпион нор­ве­гиялық Магнус Карлсен мен үміт­кер­лер бәсекесінің жеңімпазы ресейлік Ян Непомнящий сарапқа салуы керек еді. Бірақ былтыр жазда 10 жыл бойы чемпиондық атақты ешкімге бермей келген Карлсен өз атағын қорғаудан бас тартты. Сол себепті де чемпион­дық атақ үшін тартыс биыл өзге ойыншылар арасында, яғни үміт­керлер турнирінде бірінші және екінші орынға ие болған Ян Не­пом­нящий мен Дин Лижэнь арасында өтті.

Ал былтырғы үміткерлер тур­ниріне қатысатын сегіз шах­мат­шының тізімінде Дин Ли­жэньнің есімі жоқ еді. Бұл жа­­рыста Теймур Раджабов (Әзер­байжан), Хикару Накамура мен Фабиано Каруана (АҚШ), Ян-Кшиштоф Дуда (Польша), Ян Не­помнящий мен Сергей Карякин (Ресей), Алиреза Фирузджа (Франция) және Рихард Раппорт (Мажарстан) бақ сынауға тиіс еді. Алайда Қырымда туған шахматшы Сергей Карякин Ресейдің саясатын ашық қолдағаны үшін ФИДЕ тарапынан 6 айға шахматтан шеттетіліп, кейіннен оған Ресейдің туы астында емес, ФИДЕ туымен ойнауға мүмкіндік берілді. Бірақ Карякин турнирге қатысудан бас тартты. Сөйтіп оның орнына қытайлық Дин Лижэнь шақырылды.

Нәтижесінде, Пиреней түбе­гіндегі тартыс Ян Непомнящийдің жеңісімен аяқталып, ол чем­пиондық тәж үшін таласу мүм­кіндігіне ие болды. Ал Магнус Карлсен бәсекеге түсуден бас тарт­­қаннан кейін таңдау үміткер­лер турнирінде екінші орынды ол­жалаған Дин Лижэньге түсті. Міне, үміткерлер турниріне то­сын­нан қосылған Динь Лижэнь әлем чемпионатында тосын нәти­же тіркеп, Қытай шахмат тарихында әлем чемпионы атанған алғашқы шахматшы атанды.

Әлем чемпионатының алдында зер­делілер ойынының сарапшылары Ян Не­помнящийдің жеңісіне кү­мән келтір­мейтіндерін айтып, Ян мер­зімінен бұрын әлем чемпионы атанады деп болжаған еді. «Себебі мұндай турнирлерде тек ойы­ныңмен ғана емес, осыған дейін жи­наған тәжірибеңнің, шеберлігіңнің арқасында жеңіске жете аласың. Ал Непомнящий екі жыл бұрын Дубайда өткен әлем чемпионатына қатысып, жеңіліп қалса да тәжірибе жинап үлгерді. Ал Динь Ли­жэнь мұндай ірі додаға алғаш рет қатыс­пақ. Сондықтан бұл жерде ресейлік шах­мат­­шының жеңіске жету мүм­кіндігі көп болып тұр», деген пікірлер айтылған бо­латын.

Алайда 14 партияға жалғасқан негізгі кезеңде Дин Лижэнь қар­сыласынан шеберлік жағынан кем түспейтінін бай­қатып, Непом­ня­щийдің есепте алға ұзап кетуіне еш мүмкіндік берген жоқ. Ал бә­секе тағдыры тай-брейкте анық­талатыны белгілі болғанда, көп­шілік Дин Лижэньнің жеңісіне сене бастады. Өйткені жылдам шахматта Янға қарағанда қытайлық шахматшының бәсі жоғары еді. Өйткені Дин Лижэнь жылдам шахмат бойынша әлемдік рейтингте Магнус Карлсеннен кейінгі екінші орынға жайғасқан болса, Ян Непомнящий нәбәрі жетінші сатыға орналасқан. Ал бірақ екеуінің жеке кездесуіндегі нәти­желерін есепке алса, қарсы­ластардың күштері тең түсіп тұр­ды. Яғни бұған дейін екі шах­мат­шы рапид бойынша 21 матч өткізіп, соның сегізінде Дин же­ңіс­ке жеткен болса, жетеуінде Ян­­ның мерейі үстем болған екен. Ал алты бәсеке тең есеппен аяқ­тал­ған.

Үш аптаға жалғасқан әлем чем­пио­натының соңғы күнінде The St. Regis Astana қонақүйіне жи­налған жан­күйерлердің қарасы қа­лың болды. Бар­лығы 17-әлем чемпионының есімін білуге асығып, ойыншылардың әр жү­рісін мұқият бақылап отырды. Ше­шуші бәсекеге Ян бірінші рет пиджаксыз көк жейдемен келді. Кейде спортшылар көп нәрсені жайдан-жай жасамайды. Бәлкім, Ян көк жейдеден сәттілік іздеген болар. Ал үнемі ойын залына бірінші болып келіп алатын Дин ойын залына Непомнящийден кейін кірді. Сонымен қатар 14 пар­тиядан кейін алғаш рет залға жеңімпазға берілетін кубок кір­гізілді.

Сөйтіп 25 минут және әр жүріске 10 секундтан берілетін рапид бойынша төрт партияның алғашқысында Дин ақ тастармен ойнаса да, тең нәтиже тір­келді. Екінші турда Непомнящий ис­па­ниялық партияны таңдап, ба­сымдық танытқанымен, бұл партияда да жеңімпаз анық­талмады. Лижень бұл жолы да ақ тастармен басымдық та­ныт­қанымен, Ян шабуылда сауатты ой­нады. Қарсыластар тағы да тең түсті. Төр­тінші партияда Ян тағы да испаниялық пар­тияны таңдады. 46-жүріске келгенде матчты жүргізіп отырған комментаторлар бұл партия да тең аяқталады деп есептеп, екі шахматшының блицтегі ойындарын бол­жай бастайды. Сөйтіп тұрғанда Дин қайталама жүрісін тоқтатып, тә­уекелге бел буды. Жанкүйерлер чем­пио­нат барысында Диннің бір­неше мәр­те тәуекел жа­сағанын жақсы біледі. Және оның көбі сәт­ті аяқталған еді. Бұл жолы да қы­­тайлық шахматшының тәуекелі оған әлем чемпионы атағын алып берді. Төртінші партияның 68-жүрі­сінен кейін Непомнящий же­ңі­лісін мойындауға мәжбүр бол­ды.

Ойын біткен соң Непомнящий дереу орнынан тұрып, ойын залынан шығып кетуге асықты. Ал Дин өз жеңісіне сенер-сенбесін біл­мей, екі қолмен бетін жауып ұзақ отырып қалды. Бірер минуттан соң ойын тақтасына қарап, өзінің әлем чемпионы атанғанын түсіне бастады.

Ойыннан кейінгі баспасөз мәслиха­тында Дин Лижень бұл жеңісін достарына, ата-әжесіне арнайтынын айтты. «Мен шахмат ойнауды төрт жасымда үйрендім. 26 жыл бойы шахмат ойнап, әр ойынымды зерттеп, зерделеп бар қырымды жақсартуға тырыстым. Меніңше, осы уақыт аралығында әлем чемпионы атануым үшін бәрін істеген сияқ­тымын. Кейде мен шахматқа тәуел­ді болып қалғанымды бай­қай­тынмын. Өйткені турнирлерге шақырту алмағанда өзімді ба­қытсыз сезінетін едім. Сондай сәттерде өзімді бақытты ететін бас­қа да хоббилерді таба алмай қи­налдым», деп ағынан жарылды су жаңа әлем чемпионы.

Жарыстың ресми жабылу сал­тана­тында жеңімпазға алтын медаль мен салмағы 4,5 кг болатын көк таспен безен­дірілген кубок берілді. Сонымен қа­тар ұй­ымдастырушылар қаза­қы дәс­түр бойын­ша екі шахмат­шы­ның иығына шапан жапты. Клас­си­калық шахматтан келесі әлем чем­пионаты 2025 жылы ұйым­дас­тырылады.