Ұлы суретшінің кіндік қаны тамған топырақтың адамдарында көркемөнерге деген құштарлық пен құрмет болуы заңды. Заман қанша құбылса да қылқаламның ұшын қатырмай, шебердің мұрасын шырақшыдай қорыған атажұрты бас суретші аманатын асқақтатпаса, аласартқан емес. Әрине, технологияға негізделген қоғамда рухани құндылықтардың репеті бұзылатыны анық, әйтсе де туған жердің әуені де әлемі де басқа. Бізге бұл әдемі әсерді сыйлаған Жаркент шаһарындағы «Әбілхан Қастеевтің көркемсурет галереясы».
Халық суретшісінің атын иемденген мәдени ордада жаркенттік қылқалам шеберлерінің өнерін өрістетуге барлық жағдай жасалған. Қазақ кәсіпқой көркемсурет өнерінің атасы атанған Әбілхан Қастеевтің 100 жылдық торқалы тойы ЮНЕСКО-ның қолдауымен 2004 жылы әлемдік деңгейде атап өтіліп, оның шапағаты қылқалам шеберінің туған жеріне де жеткен. Жерлестеріне тарту етілген бұл галерея бүгінде аудан халқының шаңырағы шуақты рухани ордасына айналды.
Осыдан 20 жыл бұрын ашылған сәтте галереяның барлық залына түгелдей халық суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ә.Қастеевтің төл туындылары қойылып, жерлестері мол мұраны тамашалау қуанышына кенелген. Алматыдағы Мемлекеттік мұражайдан әкелінген бұл картиналар 3 айға жуық галереяда тұрып, суретшінің туған жерінде өткен 100 жылдық тойына келген барша қауым, тоғыз жолдың торабында тұрған Жаркентке жолшыбай тоқтаған саяхатшылар да мұнда бас сұғып, көңіл-қошын тапқан. Сол тұста кейбір айтқыштар дүбірлі той өткен соң бұл галерея адам аяқ баспайтын орынға айналар деген. Бұл пікірдің жаңсақ екенін галерея ұжымы 20 жылдағы тынымсыз қарекеті арқылы дәлелдеді. Сол күннен бері мұнда 450-ден астам көрме өткізілді.
Бүгінде көне ғимарат жаркенттіктер үшін қасиетті шаңыраққа айналды. Осыдан 130-140 жыл бұрын жасалған көне үйлер қатарындағы бұл нысан туралы әңгімені әріден өрбітсек, 1880 жылы Кетпен тауынан тасып әкелінген ағаш бөренелерден салынған ғимарат 1928 жылға дейін ақ, қызыл уезд басшыларының кеңсесі болған. Одан кейінгі уақытта аудандық партия комитетінің, кейіннен комсомол, білім, пионер сияқты мемлекеттік, қоғамдық ұйымдарға кезегімен мұраға қалдырылып, соңғы жылдары иесіз тұрған. Өтпелі кезеңде тарихи ескерткіштер тізіміндегі көне ғимаратты ешкім жекешелендіре алмады. Мұнда түрлі қоғамдық ұйым, коммерциялық құрылым уақытша қоныстанды.
Ұжым бастамасымен галерея жұмыс істей бастаған алғашқы 5-6 жылда-ақ елімізге белгілі шеберлердің жеке көрмелері ұйымдастырыла бастады. Алғаш рет Оқу ағарту ісінің үздігі, суретші Дәуіт Тәжиев өзінің жеке сурет көрмесін қойды. Одан кейін Жаркент жұрты Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Камил Моллашевтің, Т.Жүргенов атындағы көркемсурет академиясының кескіндеме факультетінің профессоры Жұмақан Қайрамбаев пен Франция және Ресей көркемсурет академиялары «Алтын медалінің» иегері Дария Жұмақанның «Әке мен бала. Үндестік» атты, Суретшілер одағының мүшесі Хамит Файзулиннің, Ермақан Жүнісхан, Абай Бейсенбетов көрмелерін 45 күннен тамашалады.
Одан кейін галерея ұжымы жергілікті халықтың өтініш-тілектерін ескеріп, Жаркент өңіріндегі ауылдық округтерде тұратын әуесқой суретшілерге жол берді. Екі-үштен бірігіп сурет, қолөнер бұйымдарының көрмелерін өткізген ауылдық округтердегі шеберлер бойындағы өнерін жұртқа жария етті. Дәркенбай Шоқпаров, Дінмұхамед Қонаев, Нұрмолда Алдабергенов, Шымкенттегі Ә. Қастеев атындағы көркемсурет колледжінің мұражайлары мен жинақтаған қорларынан көрме өткізілді.
Галерея ұжымы Әбілхан Қастеевтің аты аталатын өнер және білім ордаларымен тығыз байланыс орнатудың шараларын жасап келеді. Алматыдағы көркемсурет академиясы мен Суретшілер одағымен тығыз қарым-қатынас жасап, ауданнан, облыстан кәсіпқой суретшілер даярлау мен қылқалам құдіретін ел ішінде терең дәріптеуге мүмкіндік алды.
«Қазір галереяда халықаралық симпозиумда шеберлігімен танылған түрік, қазақ, қырғыз, өзбек суретшілерінің көрмесі өткізіліп жатыр. Бұл картиналарды Жетісу облыстық көркемөнер галереясының қорынан әкелінді», дейді галерея меңгерушісі Берік Әбілханов.
Оның айтуынша, халық суретшісінің 100 жылдық тойы қарсаңында облыс әкімінің шешімімен суретшінің туған жерінде көркемсурет галереясын ашу ұйғарылып, көне үйді уақыт талабына сай жөндеп, ретке келтіруге бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Сөйтіп, жаркенттіктердің көз қуанышына айналған руханият ошағы есігін айқара ашып, халыққа қызмет жасай бастаған.
Әбілхан Қастеев картиналары Алматыдағы мемлекеттік мұражайға қайтарылғаннан кейін, кезең-кезеңімен Қазақстандағы өткен ғасыр және қазіргі суретшілердің, аудандағы өнерлі талапкерлердің бейнелеу және қолданбалы өнер туындыларының көрмелері ұйымдастырылды. Жаркент өңіріндегі мектептерде еңбек ететін суретші ұстаздардың жұмыстары көрермен талғамынан шыққаны анық. Олардың арасында аудан тұрғындарына танымал, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, талантты суретші-мүсінші Ақан Оймауытовтың тарихи тақырыптағы, туған жер табиғатын бейнелеген картиналарының шоқтығы биік тұрды. Сонымен қатар сурет пәнінің мұғалімдері марқұм Батырхан Ниетбаев жазиралы Жаркент жерінің сұлулығын су бояумен түстердің үйлесімділігі арқылы шебер көрсете білсе, Ж.Қашқынбаевтың «Ә.Қастеев портреті», марқұм А.Атамбаевтың портреттік сериясы, М.Досымқұловтың «Жайлаудағы күз» және Б.Көшербаевтың портреттік жұмыстары көрермен көңілінен шыққан еді.
Өз кезегінде галерея ұжымы көрме мазмұнын құбылтуға әрекет жасады. Сол арқылы тұрақты көрермендерін жалықтырып алмай, керісінше соны үлгідегі жаңалықтармен өздеріне тарта білді. Бұл орайда «Ә. Қастеев көркемсурет галереясының» бұрынғы директоры, суретші Дәулет Әділовтің іскерлігі мен тапқырлығын ризашылықпен атап өткен орынды. Ұжым басшысы Берік Әбілханов, өнертанушы Жамила Талғарова, экспонаттарды таныстырушы Мұрат Шалғымбаев, қор сақтаушы Шолпан Заманбекова, қараушы Нұрғанат Жұмабеков, жұмысшы Серік Бекенов әр кез галереяға экспонаттарды ұтымды орналастырып, олардың мәнін, мазмұнын көрерменге жеткізе білуде тапқырлық танытып жүр.
Жалпы, «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында атқарылған жұмыстар жергілікті халықтың көңіл қуанышына айналды. Осындай жақсылықтар шалғайдағы ауыл мен шағын қалаларда тұратын өнерлі жандарды да шабыттандырған тәрізді. Мұны Жаркент өңірінде тұратын кәсіпқой, әуесқой суретшілердің шығармашылығын елге танытуға деген ұмтылысынан айқын аңғардық.
Жетісу облысы