Қоғам • 03 Мамыр, 2023

Кесене іргесінің беріктігі маңызды

620 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы кезде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің «қабырғалары құзданып, тұзы шығып, бұзылып жатыр» деген ақпарат қызу талқыға түсіп жатыр. Оған кесененің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірген Мақсат Толықбай, Айдос Сарым, Ринат Заитов сияқты Мәжіліс депутаттарының сауалы да себеп болғаны мәлім. Дегенмен кесененің жайы бүгін ғана емес, кейінгі жылдары бірнеше рет көтерілген.

Кесене іргесінің беріктігі маңызды

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Түркістан облысына барған сапарында Қ.А.Ясауи кесенесінің жай-күйімен танысып, ескерт­кіш­тің сақталуын қатаң бақы­лауды тапсырды. Нәти­жесін­де, әр саланың білікті маман­дары­нан құралған жұмыс тобы техникалық жағдайын зерделеген.

Күні кеше Президенттің тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия шеңберінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтау және оның техникалық ахуалы жөнінде кеңес өткізді. Мемлекеттік органдар және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен бірге кесененің бүгінгі жай-күйімен танысып шықты. Іс-шараға Түркістан облысы әкімдігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның өкілдері, археология және тарихи-мәдени мұраға жататын ескерткіштері сақ­тау бағы­тындағы мамандар қатысты.

Осы кеңесте кесенені сақтау және дамыту бойынша кешенді жоспардың орындалуы, 2023 жылға жоспарланған жұмыстардың жобасы, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 45-сессиясына дайындық мәселелері қаралды. Мемлекеттік кеңесші ескерткішті дұрыс сақтау басты міндет екенін атап өтті. Осыған орай, мемлекеттік органдарға сарапшылар қауымдастығымен тығыз әрекет ете отырып, кесененің жағдайын үнемі бақылауда ұстау тапсырылды.

чсм

Иә, кесененің қабырғалардың құз­да­нып, тұздануына қатысты алаңдау­шы­лық танытқан тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа өткен жылы жазда өз пікірін жария еткен еді. «Ылғал болған соң, бетіне ағарып тұз шығады. Бұрын ондай нәрсе болмаған. Бұл алаң­дау­шылық тудыруы керек. Тұз деген қабырғадан шыққанда ескерткішке қиын соғады. Яғни дұрыс қарамаймыз, тасын дұрыс тексермеген. Жаңа нәрсе пайда болған кезде, айналасындағы өзгерістерден себеп іздейміз ғой. Бұ­рын­ғыдай көгалдандыру, суландыра­ды дегендей жұмыстар әсер еткен бол­уы керек. Мен бұл мәселені біраз бұ­рын талқылау кезінде де, тас төселіп жатқанда да айтқанмын. Министрлік методикалық кеңес өткізетін, сонда суландыруға болмайтынын айтып жүрдім. ЮНЕСКО ұйымымен келісіліп істелген күннің өзінде, халықаралық ұйым да кейде қателесуі мүмкін ғой. Кө­гал­дандыруға рұқсат бергенде осын­­дай болады деп ойламаған шы­ғар. Ең біріншіден, шығып жатқан нәр­се­лердің пайда болу себебін тауып, шешу керек. Әйтпесе ылғал жоғары көтеріліп, қабырғадағы кірпіш те үгітіле береді. Кесененің өзіне ғана емес, айналасындағы ғимараттарға да әсер етіп жатқаны рас. Жалпы, ол – тарихи орын, сондықтан төңірегін әсіре кө­галдандырып жіберу қисынсыз», деген еді тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа ақпарат құралдарына берген сұх­ба­тында.

Ғалым босқа алаңдаушылық танытпапты. Бүгінде кесененің негізгі есі­­гінен кірер тұсындағы оң қапталының ір­гесі тұзданған. Осы ара және Тай­қазан тұрған орталық Қазандық бөл­ме­сінің батыс бөлігі қызыл лентамен қоршалған. Музей-қорық мамандары төбенің сыланған қабаты тұз­да­нып, ақ қабыршақ түсіп жатқан соң, келушілерге зияны тимесін деп қоршап қойғанын айтады. Бөлмелердің күмбез астынан әктеліп, сыланған тұстары, әсіресе, құдықхана, асхана бөлмесінің төбесі жаңбыр суынан ылғалданып, бірнеше жерінен сылағы үгітіліп түс­кен. Үлкен Ақсарай да, кіші Ақсарай да, Көрханада да осындай көріністер.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік та­ри­хи-мәдени музей-қорығы меке­ме­сі баспасөз қызметінің хабарлауын­ша, былтыр кесененің жағдайы төңі­­регінде әлеуметтік желілерде мә­­се­ле­лер қозғалғандықтан, 24-25 маусым күндері Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сақталу жағ­дайы» атты екі күндік халықаралық ғылы­ми-тәжірибелік семинар өткізіл­ген. Еліміздің және Өзбекстан мен Әзербайжан мемлекеттерінен келген ғалымдар, мамандар кесененің сақ­талу жағдайымен танысып, мәсе­ле­лерді шешу жолдарын жан-жақ­ты талқылады. Кесене күмбезі мен қабырғаларындағы ылғалдану, тұзда­ну­ға қатысты ой-пікір­ле­рін ортаға салып, нақты себеп­те­рін анықтау үшін ауқымды және жан-жақты ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап көрсеткен. Сондай-ақ шетелдік мамандар Ясауи ке­сенесімен жасы шамалас Әзербайжан мен Өзбекстандағы ес­керт­кіштермен салыстырғанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қанағаттанарлық жағдайда екен­­дігін айтқан. Баспасөз қызметі хабарлағандай, сондай-ақ Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаеваның төрағалығымен «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағ­дайын бақылау және зерделеу жө­нін­дегі жұмыс тобы» құрылған. Ал қыркүйекте А.Балаеваның қатысуымен жұмыс тобының қорытынды кеңесі өтіп, Ясауи кесенесіне тұрақты мониторинг жүргізіп, оның сақталуына теріс әсер ететін жағдайлардың алдын алу үшін 2023 жылы кесененің техникалық жағдайына кешенді түрде ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданған. Яғни кесененің жағдайы – биліктің назарында.

счми

Кесененің техникалық жай-күйін зерттеп, бақылап және қалпына кел­ті­ру жұмыстарына тікелей жауапты «Қазқайтажаңарту» РМК бас директоры Исабек Нұрмағамбетов те бү­гінде көтеріліп отырған мәселелердің бұрыннан белгілі және мамандардың жіті назарында екенін айтады. Бір­қатар проблеманың барын да жоққа шығармайды. «Қазандық бөлмесінің декоративті күмбезінің физикалық жай-күйі, кесененің жылу-ылғалдық режімі, сондай-ақ қабырға қалауының кейбір бөліктерінің, материалдарының ылғалдануы және тұздануы сияқты ше­шілмеген мәселелері бар, дейді бас директор. – Қазір Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес, ке­шенді жоспарлау бағдарламасы әзір­ле­нуде, оған отандық және шетел­дік ғылыми институттардың түрлі сала­лар­дағы сарапшылары шақы­рыл­ған. Ес­керт­кіш дәл қазір опырылып, құлайын деп тұрған жоқ. Ал көптеген таласты сұрақтың жауабы кешенді ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесімен шешімін табады».

Алайда кесененің жай-күйімен жақсы таныс ғалымдардың айтар өз пікірі бар. Мысалы, 40 жылдан астам уа­қыт жылу және температуралық өлшеу инженері болып жұмыс істеген Асан Мырзабек жақсы лаборатория ашу керек деп есептейді. Зейнеткер, жәдігер жанашыры Асан қария шешімін күткен мәселенің бүгін ғана емес, жылдар бойы жалғасып келе жатқанын айтады. «Бір жылдары жұмыс істеген түрік фирмасы кесененің негізін мықты етіп кетті. Қабырғалары өте жақсы, одан келер қауіп жоқ. Қауіптің ең қиыны – сталактитте, яғни үңгірлердің, кеніштердің төбесінде және жоғарғы қабырғаларында түзілетін минералдық тассүңгі тізілімдерде. Ол әк құрамды болады. Күмбез бен сталактиттің ортасы ашық. Бірақ күмбезден өткен ауаның ылғалын сталактит гипс өзіне ауадан тартып алады. Жауын қатты болғанда ауада қатты қысым көтерілген кезде іші суланып, өзінен өзі тартады. Бірақ жел болған уақытта ол өз өзінен кеуіп кетеді. Бұл – табиғи желдеткіш. Өзін өзі кептіріп тұрады. Күмбездің өзін өзі ұзақ жылдан бері сақтап келе жатқанының сыры осында, дейді қария. – Ирандық реставраторлардың сапалы, мықты жұмыс істейтіні туралы жиі естимін. Тіпті, бір жылдары олар кесенеге келгенде тілдескен де едім. Егер кесенені толыққанды сақтап қаламыз деп жанашырлықпен қарасақ, Иран шеберлерін шақырып, бұдан да сәулетті етуге болады».

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгеніне биыл 20 жыл толуына орай жақында Түркістанда «Әлемдік мә­дени мұраларды қорғау, сақтау және басқару» атты халықаралық ғы­лы­ми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды іс-шараға отандық және ше­тел­дік, атап айтқанда Түркия, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан елдерінің тарих, реставрация, сәулет өнері, мәдениеттану салалары бойын­ша маман-ғалымдары, тарихи-мәдени мұраларды қорғау өкілдері, қорық және тарихи-өлкетану музейлері мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының қыз­мет­керлері қатысты. Халықаралық жиында әлемдік мұра объектілеріндегі қал­пы­на келтіру және басқару, оқу орындарында реставраторларды даярлау, менеджмент жоспарды әзірлеу және қолдану, тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтауға ба­ғытталған озық технологияларды қолдану, диагностикалық-мо­ни­то­ринг­тік зерттеулер, соңғы заманауи цифр­лық құрылғыларды пайдалану, еліміздегі тарихи-мәдени мұ­­ра­ларды қорғау туралы тақырыптар аясында тал­қылаулар жүргізіліп, өзек­ті мәсе­ле­лер сараланды.

Алаш қайраткері, ағартушы Міржақып Дулатұлы осыдан 110 жыл бұ­­рын «Қазақ» газетінде «Хазірет Сұлтан» атты мақала жариялап, тарихи ескерткішті сақтап қалуды тө­мендегідей пікірмен аманаттаған еді: «Мешіттің тарихы бір белгі болып мәңгіге қалуын тілеушілер болса, оны түзетуді археологическое обществолардың біріне тапсырып, қайдан болса да жиылған ақшаның жарты тиынына қиянат болмайтын жолмен жиылып, инженерлерді сол общество өзі жалдап түзеттірсе ғана мақсат орындалар еді. Болмаса, енді біраз жылдарда бес-алты жүз жыл ғұмыр сүрген Қожа Ахмет Ясауи мешітінің орнында үюлі бір оба томпайып қалуы ғажап емес».

 

ТҮРКІСТАН