Қоғам • 02 Мамыр, 2023

2023: Жаһандық жұмсақ күш индексі

373 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл индексті құрастырған – 1996 жылы құрылған «Brand Finance» атты бренд пен стратегияны бағалайтын тәуелсіз консалтинг компаниясы. «Жаһандық жұмсақ күш индексі» 2020 жылдан бері шығарылып келеді. 2023 жылғы индекс 100 мемлекетте 110 мың адамнан алынған сауалдамаға және 121 ұлттық брендтің қабылдауына негізделеді. Жұмсақ күш – бір ұлттың халықаралық аренада түрлі субъектілердің қалауы мен әрекетіне мәжбүрлеп емес, тарту мен сендіру (attraction or persuasion) арқылы ықпал ету дегенді білдіреді.

2023: Жаһандық жұмсақ күш индексі

«Жұмсақ күш» (soft power) терминін алғаш рет өткен ғасырдың 80-жылдары ғылыми айна­лымға енгізген америкалық саясат­та­ну­шы Джозеф Най болатын. Кейінгі жылдары жұмсақ күш туралы ғылыми ортада жиі айтылып, бұл ұғым жан-жақты талданып келеді.

2023 жылғы жаhандық жұмсақ күш индексінің рейтинг басында әдеттегідей АҚШ (100-ден 74,8 ұпай), Ұлыбритания (67.3 ұпай) және Германия (65.8 ұпай) елдері көш басында тұр. Ресейдің рейтингі 9-дан 13-орынға төмендеген. Ресейдің индекстегі «Репутация» (23-тен 105-орынға) және «Адам және құндылық» (119-орын) компоненттері бойынша орны төмендегенін байқауға болады.

ст

АҚШ индекстің көп бөліктері бо­йын­ша көшбасында, бірақ кейінгі жыл­дары жиілеген қарулы қылмыс пен полицияның зорлық-зомбылығы «Қа­уіп­­сіздік» (2020 жылғы 21-ден 2023 жылы 62-орынға) және тұрғындардың «Қонақжай» (2020 жылғы 5-ден 2023 жылы 103-орынға) компоненті бойынша төменгі орында тұр.

Жаһандық индексте Қытай 4-тен 5-орын­ға төмендеді, оның басты себебі – «нөлдік COVID» саясаты. Қы­тай­дың «Адам және құндылық» (57-ден 95-орынға), «Медиа және ком­муни­кация» (12-ден 24-орынға) ком­по­нент­теріндегі рейтингі төмендеді. Де­генмен көп сала бойынша Қытай әлем­де алғашқы орында келеді. Әсіресе «Кәсіп жа­сауға қолайлы» және «Өсу по­тен­циа­лы» компоненттері бойынша бұл ел 1-орынды сақтап қалды. Халық­аралық валюта қоры Қытай 2023 жылы 5,2% өсім көрсетеді деп болжап отыр.

Жаһандық жұмсақ күші бойынша 28-орынға (1 позиция) көтерілген Үндістан «жұмсақ күштің үлкен дер­жавасына» айналуы мүмкін. «Ре­пу­тация», «Адам және құндылық», «Басқару» және «Тұрақты болашақ» компоненттері бойынша төмен болса да, «Өнер мен көңіл көтерудегі ықпалы» (5-орын), «Бай мәдени мұра» (7-орын) және «Әлем сүйетін тамақ» (8-орын) бойынша алдыңғы қатарда. Үндістан индекске жақында қосылған «Ғарышты игеруге инвестиция» атрибутында 9-орынға ие.

Қазақстан индексте 36.5 ұпаймен 79-орынға орналасқан, 2022 жылы 88-орында болды. Ұлттық бренд бір жылда 6.4 ұпайға артып, 2023 жылы құны $218 млрд (2022 жылы $184 млрд) құрады. Қазақстанның «Репутация» (5.5 ұпай), «Тұрақтылық» (4.4 ұпай) және «Танымалдық» (3.9 ұпай) компоненттері жоғары. Есепте Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегіге қажеттілікті жойып, «жасыл» экономикаға басымдық беру жоспары бары көрсетілген.

мси

Қорытындылай айтсақ, XXI ғасырда экономика, мәдениет, өнер сынды жан-жақты салаларда мемлекеттер арасын­дағы өзара қарым-қатынас деңгейі мен байланысы артып келеді. Ал­да­ғы уа­қыт­та әлемдік дамудың бары­сын, жұм­сақ күш үрдістерін ғы­лыми тұрғыда са­раптап, талдап, қоры­тын­ды­лап отыру да зерттеуші ғалымдар үшін өзекті та­қы­рып болып қала бермек.

 

Бауыржан СЕРІКБАЕВ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы