Ал самбоның тарихына зер салар болсақ, негізі ең алғаш КСРО-да қаланғанын байқаймыз. Сондай-ақ бұл спорт салыстырмалы түрде барлық жекпе-жек өнеріне жататын сайыстардың ішіндегі ең жасы саналады. Сөйтіп, халықаралық спорт ұйымы самбоны 1938 жылдың 16 қарашасында ресми бекітті. Түптеп келгенде, самбоның мағынасы «өзіңді қарусыз қорғау» дегенді білдіреді.
Елімізде бұл спорт 1950-60 жылдардан бастап дами бастады. Аз уақыттың ішінде самбо күресінен қазақ балуандары ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізе бастады. Тіпті, қыздарымыз да жақсы көрсеткіштерге жете бастады.
Осындай жекпе-жек түрін кәсіп етіп, талай белестерді бағындырған қазақ қыздарының арасында лейтенант Гүлжан Төкенқызының шоқтығы биік. Әскерге 2010 жылдың қарашасында келген Гүлжан бастапқыда қызметкер ретінде жұмыс істеп, өзінің кәсіби біліктілігін көрсеткен соң, Алматы гарнизонындағы әскери полиция басқармасына 2012 жылы әскери қызметке шақырылады.
Спортқа келу себебін бала кездегі арманымен ұштастырған офицер жекпе-жек өнерінің қыр-сырына 14 жасында қаныға бастаған. Алғашында самбо спортын қыз балаға жат деп қабылдаған әкесі Гүлжанның жекпе-жек түрімен айналысуына қарсы болған. Дегенмен кейіннен қызы жетістікке жете бастаған соң, әкесі оның табандылығын мойындап, «әрқашан жолың ашық болсын», деп ақ батасын беріпті.
Гүлжан спортқа кеш келсе де, аз уақыттың ішінде үздіктер қатарынан көрініп, үлкен жетістіктерге қол жеткізе бастаған. 2002 жылы спортқа келген кейіпкеріміз төрт жылдан соң Қазақстан ұлттық құрама командасының қатарына алынып, әлемдік жарыстарда да ел намысын қорғай бастады. 2006 жылы самбодан ел чемпионы атанып, сол жылы Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар Мәскеуде өткен әлем чемпионатында үздіктер қатарынан көрініп, қола жүлдені қоржынға салды. Осылайша, санаулы жылдың ішінде «Самбодан спорт шебері» деген абыройлы атаққа ие болды.
Отбасында әкесінен, ағасынан батылдықты, анасынан мейірімділікті бойына сіңіріп өскен жүректі қыз мұнымен тоқтамай, әскерде де талай жарысқа қатысып, жетістіктерге жетіп жүр.
Әңгіме барысында Гүлжан атасының Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, «Қызыл Жұлдыз» орденін иеленгенін айтты. Аға сержант әскери шенінде соғысқан атасын мақтан тұтатынын, үйде көп медалі бар екенін тілге тиек ете келе: «Отан қорғау кәсібін таңдауым да атамнан, ағамнан дарыған болса керек», деді ол.
Гүлжан – екі қыз бен бір ұлдың анасы. Жолдасы да – әскери қызметші. Әдеттегі әскерилер сияқты бұл отбасы да гарнизоннан гарнизонға талай рет көшкенін айтады. «Әскери қызмет сонысымен де қызықты», дейді кейіпкеріміз.
Саламатты өмір салтын ұстанып, жарыстардан озып, үздік деп танылып жүрген Гүлжан – бүгінде Әскери полицияның беткеұстар офицері.
«Әскери қызметші болған соң әскери қызмет жарғысында жазылғандай, саламатты өмір салтын ұстанып, саптық тұрғыда жинақы болуың керек, – деп Гүлжан жарыстардағы жетістіктеріне тоқтала кетті. – Шаңғы тебу, жүзу, ату сынды сайыстарда жетістіктерге жеттім. Әскери полиция бас басқармасы менің спорттық жеңісімді жоғары бағалап, жақында алғашқы офицерлік шен – «лейтенант» атағын берді. Әскери полиция басқармасына сол үшін алғысымды айтамын».
Әскери қызмет – мемлекеттік қызметтің ерекше түрі. Жолдасы екеуі де әскери қызметші болған соң, таңның атысы, күннің батысы жұмыста. Мұндайда енесінің көмегі ерекше екенін атап, ризашылығын білдірген спортшымыз өзінің де спортпен айналысып, әскерде жарыстарға қатысып жүргені сол кісінің арқасы деді.
«Кешегі спортшы немесе бүгінгі спортшы» деген түсінік жоқ екенін мысалға келтірген балуан жүзуден, атудан, шаңғы тебуден өтетін жарыстарға қатысып жүргенін мінезден деп түсіндіреді. «Мінезсіз спортшы жеңіске жете алмайды. Әйтпесе бұл спорт түрлерінің бәрін әскерге келіп үйрендім» дейді.
Жекпе-жек спортынан қазақ елінің атынан шығып, Көк туымызды желбіретіп жүргендердің әрбіріне жанкүйер Гүлжан әлі де спорттың самбо, дзюдо, күрес сынды түрлерін жиі қадағалап отыратынын айтты.
Айтпақшы, ол джиу-джитсу аралас жекпе-жегінен де татамиге шығып, 2008 жылы ел чемпионы атанған. Сол жылы Бішкек қаласында өткен Азия біріншілігінде үшінші орын еншілепті.
Жуырда ғана Қарулы Күштер арасында өткен XIII спартакиадада жүзуден бірінші орын алып, әскери полиция қоржынын алтын медальмен толықтырған.