Әскер • 04 Мамыр, 2023

Әскери жауапкершілік

256 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында орналасқан 6698-әс­кери бөлімінің жауынгерлері жүктелген міндетті әу бастан тиянақты орындап келеді. Жылына осы міндетке сай 500-ден аса жауынгерлік қызмет атқаратын сарбаз бен офицер қарауыл қызметіне дайындықты арнайы бекітілген алгоритмге сай бастайды.

Әскери жауапкершілік

 

Біз саптық алаңға, арнайы әскери қала­шықтарға нұсқаулық сабақтарға шыққан жеке құрамның арасынан сол күнгі жауынгерлік қызметке түсетін тәжірибесі де тәлімі де мол қарауыл бастығы, аға сержант Бекет Төлеуі­шовті әңгімеге тарттық.

«Мен жалпы әскери қызметті 2001 жылдан баста­дым. Ұлттық ұлан қатарында мерзімдік қызме­тімді аяқтаған соң араға бір-екі жыл салып келі­сімшарт бойынша әскери қызметке орналастым. Алғашында взвод сержанты болып қызмет атқардым. 2013 жылы 6698-әскери бөлімі құрылған соң қарауыл бастығы лауазымына тағайындалдым. Міне, сол уақыттан бері осы жауынгерлік қызметті атқарып келемін. Он жылға жуық қызмет барысында біраз тәжірибе жинақтадым. Бізге жүктелген жауапкершілік өте жоғары. Өйткені біз бір тәулік бойы қызмет атқаратын қарауылдың барлық жеке құрамының әрекетіне жауап береміз. Әр белгіленген уақыт сайын аймақты жіті қадағалап шығамыз. Үйрен­ген дайындалған жауынгерлік қызмет алгорит­мінен бөлек кез келген уақытта оқыс оқиға болуы мүмкін. Уақытында дұрыс шешім қабыл­дап, нақты әрекет ету – бізге артылған тапсыр­малардың бірі», дейді аға сержант қызметтері туралы.

Әскери қалашықтағы өткізіліп жатқан нұсқаулық сабақтарды аралап жүріп, сарбаздармен өткізіліп жатқан сабаққа назар аудардық. Взвод командирі сотталғандардың қашу әрекеті болған жағдайда сақшының іс-әрекеті тақырыбын сарбаздармен талдап, түсіндіріп жатты. Нұсқаулықты түсіндіріп жатқанда взвод командирінің сұрақ­тарына нақты әрі дұрыс жауап беріп, әрекет ету алгоритмін жатқа айтып тұрған жас сарбаз көзімізге түсті. Взвод командирі нұсқаулықты аяқтаған соң әлгі сарбаз туралы сұрағанымызда, жауынгерлік қызметте үлгілілердің бірі екенін айтып өтті. Реті келгенде сарбазбен де сөйлесіп үлгердік. Мысалы, 2-атқыштар ротасының сарбазы, қатардағы жауынгер Ернұр Келесбек Қызылорда қаласынан шақырылған екен.

«Мұнда келгелі әскердегі жауынгерлік қыз­меттің қыр-сырын күнделікті оқып үйре­нудемін. Қазіргі таңда №53 түзеу мекемесін күзету бойынша қарауыл құрамында қызмет атқарып келемін. Осы уақытқа дейін 80-ге жуық атқарылған жауынгерлік қызметтің құрамында болдым. Біздің сақшы ретінде басты міндетіміз – кез келген қимылды, дыбысты қалт жібермеу. Өйткені мүлт жіберген бір қимыл үлкен бір ағаттыққа алып келуі мүмкін. Өзінің пайдасы үшін не нәрсеге болса бас тігіп, қитұрқылықтың неше түрін ойлап табатын сотталғандардан бәрін күтуге болады. Түн ортасынан ауып, әрбірімізді ұйқы басқан уақытты күтіп әрекет еткісі келеді. Біздің сақшы ретінде осал тұстарымызды аңдиды, алайда оған жол бермейміз. Сол үшін командиріміз әрбір сабақта қызметке дайындаған сайын жүктелген жауапкершілікті түсініп, тапсырмаларды мұқият тыңдаймыз. Мұнарада тұрған бізге көп нәрсе байланысты, қырағылығымыз бен сақтығымыз арқылы артымызда тұрған барлық қарауыл құрамының жауынгерлері, яғни кинолог маман, 1 және 2-бекет, сонымен қатар қарауыл бастықтары әрекет етеді. Қызметімде көп заттың тыйым салған аймаққа өтіп кетпеуіне жол бермедім, тиісінше әрекет еттік. Бұл – менің қарауыл қызметіндегі басты міндетім», дейді сақшы жауынгер Е.Келесбек.

Жас сарбаз сөзінде әскерде өзін тек жақ­сы жағынан шыңдай бастағанын, уақыт пен жақындарының қадірін түсінгенін, ер-азамат ретінде Отан қорғаушы болуға шешім қабыл­дап, мерзімдік қызметін келісімшартпен жалғас­тыратынын айтып қалды.

 

Малика ШЫНЖІГІТОВА,

аға лейтенант

Шымкент