Қоғам • 04 Мамыр, 2023

Еңбегі еленген егіздер

1148 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтаудағы авиациялық базада Аман мен Есен есімді егіз офицер қызмет етеді. Екеуінің де әскери атағы – лейтенант. Аман техникалық пайдалану бөлімінің ұшақты регламенттеу және жөндеу тобының авиациялық аға технигі болса, Есен техникалық пайдалану бөлімінің авиациялық қозғалтқыштарды регламенттеу және жөндеу тобының авиациялық аға технигі.

Еңбегі еленген егіздер

Егіздер 2000 жылы Ақтөбе қала­сында дүниеге келген. Облыс орталығындағы авто­парк­тердің бірінде механик болып жұмыс істеген әкелері Сабыржан 2012 жылы дүние салған екен. Аналары Әсел есепші болып жұмыс істейді. Кішкентайынан еңбекқор болып өскен Аман мен Есен 2017 жылы Ақтөбедегі №40 орта мек­тепті тәмамдайды. Сол жылы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Тал­ғат Бигелдинов атындағы Әуе қорға­нысы күштерінің әскери институтына инженер мамандығы бойынша оқуға түсіп, курсант атанды. Бір кездері жарықтық әкелері ұшқыш болсам деген ниетпен осы оқу орнына түспекке бағын сынаған екен. Денсаулығына байланысты ол арманы орындалмапты. Әйтсе де әке арманын орындау ағайынды егіздерге бұйырыпты. Мектепте жақсы оқып, үлгілі тәртібімен үздік оқушы атанған Аман мен Есеннің анасы үшін бұл ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Кішкентайынан әже тәрбиесін көріп, үлкенді сыйлап, туған елдің тарихын танып, дәстүрін сақтауға талпынып өскен ұлдары үшін ерекше қуанған анасы ақсарбас айтқан.

Әскери тәртіпке мектептен дағ­ды­ланған екеуі институттың күн тәртібіне де жылдам бейімделіп кет­ті. Курсанттар арасында бедел­ге ие болды. Кез келген жерде доста­рына көмек беруге дайын тұра­тын. Бе­рілген тапсырманы бұлжытпай орындайды. Бала күнінен футболға құмар егіздердің спорттық, мәдени іс-шаралардан қалыс қалған кезі жоқ. Қазір де әскери бөлімнің футбол командасында жақсы өнер көрсетіп жүр. 2021 жылы жоғары әскери оқу орнын бітіріп, «лейтенант» атағын алған ағайын­ды Бисембайлар алғашқы күн­нен Ақтау гарнизонындағы 30153 әске­ри бөлімінде қызмет атқарып келеді.

«Біз үшін әскери мамандықты меңгеріп, Қарулы Күштер қатарында қызмет ету – үлкен абырой, – дейді Аман. – Әсіресе анамыз біздің бұл же­тіс­­тігімізге ерекше қуанды. Ең бас­­ты­сы, әскери өмір екеуімізге де ұнайды».

«Бір үйдің әлпештеген еркесі болсақ та, өмірдің белесіне бірге өрлеп келеміз, – дейді ағасының сө­зін жалғаған Есен. – Қуанышымыз да, қиын­шылығымыз да бір. Үйле­ну то­йымызды да бір күнде жасайтын шы­ғармыз. Әкемізден қалған қара шаңы­рақтың түтінін түтетіп, Ақтөбеде нағашы әжемізбен бірге тұрып жат­қан анамызды қолымызға алсақ деген арманымыз бар.

«Үйленіп, шаңырақ көтермек ойларың болса, сөз байласқан қыз­дарың бар шығар?» деген сауа­лы­мызға Аман: «Әрине. Олар да біз секіл­ді егіз. Студенттер. Ақтөбеде оқып жатыр. Әзірге аты-жөндері құ­пия бола тұрсын», деп жымия жа­уап берді. Әңгімеміз күн­делік­ті қызмет тақырыбына ауыс­қанда лейтенант Аман Бисем­бай: «Біз­дің мамандық аса жоғары жауап­керші­лікті талап етеді. Ұшақ­тан әуеде қан­дай да бір ақау шықса, оны қалпына келтіру мүмкін емес. Сол себепті әуе кемесі көкке көтеріл­мей тұрып, жерде жіті тексерілуге тиіс», деді.

Расында, қыр-сыры мол инженер-техниктер қызметінің жауапкершілігі ауқымды-ақ. Мәселен, бір ұшақтың әуеге көтерілуіне он шақты тех­ника­­лық құрамның мамандары қыз­­­мет көрсетеді екен. Сол себепті ұшақ­­тардың әуедегі қауіпсіздігіне бір­ден-бір жауапты – техник мамандар. Олар күнделікті ұшудың алдын­да бір күн бұрын ұшақтардың ұшуы­на дайындық өткізіп, ондағы авиа­ция­лық жабдықтар мен қару-жа­рақ жүйелерін жіті тексереді. Ұшар алдында жалпы тексеріс өткізі­ліп, сосын бақылау тексеріс жүргізіледі. Содан кейін ғана ұшуға рұқсат беріледі. Сондықтан мамандар аптасына бір рет инженерлік техникалық дайындықтан өтіп тұрады. Антына адал, сертіне берік ағайынды егіздер лейтенант Аман мен Есен Бисембайлар болашақ Отан қорғаушы жастарға үлгі болары анық.

 

Мұхарбек МАХАМБЕТ,

әскери журналист