Пікір • 04 Мамыр, 2023

Ердің құны

761 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі заманның басты капиталы – адам. Табыс әкеле алатын нәрсенің бәрі капитал болып саналатынын ескерсек, адамнан құнды капитал жоқ. Сондықтан адам құны жете бағаланған, әрбір азаматтың қадірін білген заманда қоғамдық құндылықтардың негізі бекіп, ілгерілеушілік байқалады.

Кез келген нәрсенің қадірі жоқтығында білінетіні белгілі. Мұны қоғамның басты байлығы – адамға қатысты да қарастырып көруге болады. Яғни «темір өзекті пенде жоқ, өлмес адам елде жоқ» дегендей, қапыда көз жазып қалған адаммен бірге қаншама несібесі бірге кетеді, орны ойсырап қалады. Сөз басында келтірген капитал ұғымына салып қарасақ, жоғалтқан адаммен бірге оның отбасына, айналасына тигізетін пайдасы да жоғалатыны рас. Осыдан келіп біздің қоғамда адам құны қаншалықты бағаланып жүр деген ой туады. Мұндайда еңбек жағдайында жазым болып, қаза тапқандарға берілетін әлеуметтік төлем­дер, қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан бейбіт күннің батырларына берілетін атақ, олардың отбасына берілетін баспаналар еске түседі. Бірақ мұның барлығы адам құны­ның өлшемі бола алмайтынын біліп тұрамыз.

Адам құны дегенді бұрыннан келе жатқан қазақы түсінікпен айтсақ, ердің құны іспеттес деуге де болады. Өйткені ол заманда үйдің негізгі асыраушысы, табыс әкелетін әулетінің тірегі ер азаматтар болды. Қазіргі кезде де осы қалыптан қатты алыстай қоймаған шығармыз. Себебі заман өзгеріп, еңбекке араласатын айымдар көбейе түскенімен, бәрібір ер азаматтардың үлесі басым. Қалай дегенмен, ердің құны дегеніміз еңбек адамының құны дегенді білдіріп тұр. Яғни ердің құнын даулағанда, оның өмір сүруі мүмкін жасының ұзақтығына қарай табатын табысы да ескерілген. Ал енді бұрынғы қазақ қоғамында ердің құны қанша еді дегенге шамалы тоқталып өтсек.

Этнограф Зейнолла Сәніктің «Қазақтың ұлттық өлшемдері» еңбегінде құн заңының өлшемдері былай берілген: «Ердің құны – 100 қара, көздің құны ердің жарым басымен тең делініп, 50 қара бойынша кесілген. Төренің құны үш ердің құнымен барабар делініп, 300 қара есептелген». Хандардың заманында бұл өлшем арнайы заңмен де, шариғатпен де бекітілген. Яғни құныкердің беретін 100 жылқысы – қаза тапқан ердің тірі болғанда айналасына келтіруі мүмкін пайдасының өлшемі әрі өтемі.

Бірде достармен осы тақырыпта ортаға пікір салысқанымызда, ердің құнының қазіргі өлшемі қандай болуы керек деген сауалға жауап іздеп көрдік. Бұл сауалдың жауабы, айналып келгенде, қазақтың баяғы өлшеміне келіп тірелді. Тарқатып айтсақ, бұрын ердің құны болған 100 жылқы бүгін де бағасын жоғалта қоймаған екен. Яғни қазіргі заманда бір жылқының бағасын кем дегенде 500 мың теңгеге бағаласақ, 100 жылқың 50 млн теңге болады. Ал осы 50 млн теңгені аса ақылгөйсіп, ешқандай бизнеске салмай-ақ, құр депозитке құйып қойғанның өзінде ай сайын әр банктің пайызына қарай орташа есеппен 600-700 мың теңге кіріс кіргізеді екен. Бұл – бір азаматтың, яғни еңбек адамының тәп-тәуір айлық табысы іспеттес. Осынау пайымға қарап, ердің құны 100 жылқы деп баяғыда-ақ бекітіп қойған қазақтың даналығына тағы да қайран қалдық.

Кейіннен бұл ойымызды «Хабар 24» арнасының «Керек дерек» бағдарламасында келтірілген мәліметтер одан сайын нықтай түсті. Айталық, өткен ғасырдың 60-жылдары әлеуметтанушылар америкалық немесе британдық ауыр жүк көлігін жүргізетіндер өз өмірінің құнын өздері өмір бақи жұмыс істеп табатын ақшасынан 6 есе артық бағалайтынын анықтаған. Мамандар осы деректерге сүйене отырып, Люксембург тұрғынының өмірі – 5 млн доллар, АҚШ азаматының өмірі – 2,6 млн доллар, Ұлыбритания азаматынікі – 2,3 млн доллар, Португалия азаматынікі – 1 млн доллар, Ресей азаматынікі – 195 мың доллар, ал Қазақстан азаматының өмірі 136 мың доллар тұратынын есептеп шығарған. Осы 136 мың долларды теңгеге шаққанда, 61 млн теңгеден аса сома шығады. Яғни бұл өлшемді де жоғарыдағы біздің есеппен үйлесіп тұр деу­ге болады. Ал мұның түбі сонау замандағы «ердің құны – 100 жылқы» деген қазақтың пайымында жатыр.

Алайда бүгінде біздің қоғамда ердің құны осы өлшемге сәйкес бағаланып жатыр ма деген құмбыл ой қылаң береді. Қарапайым мысал келтірсек, елімізде асыраушысынан айырылған отбасының әрбір еңбекке жарамсыз мүшесінің санына қарай ең төменгі күнкөріс деңгейінде әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Бірақ бұл біз жоғарыда есептеп көрген өлшемнің бестен бір бөлігіне де маңайламайды. Сондай-ақ қызмет барысында бақилық болған бейбіт күннің батырларының отбасына баспана беріледі. Дегенмен әжептәуір құны бар баспана да біздің түсінігіміздегі ердің құнымен барабар бола алмайды екен.

Сөз соңын Шерхан Мұртазаның сөзімен түйіндесек, «Адам құны адал еңбекпен өспек. Біздің басты бақытымыз – тәуелсіздік адам құнымен өлшенеді. Осыны ұмытпаған ұтады».