Пікір • 05 Мамыр, 2023

Біз Қытайға емес, Қытай бізге керек

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Біз Қытайға емес, Қытай бізге керек

Елімізде 2 миллион адам Қытаймен сауда-саттық жасап жүр. Ол елден бізге киім-кешектен бастап құрылыс материалдарына дейінгі тауар түрлері импортталады. Сондықтан визасыз режім еліміздің кәсіпкерлері үшін үлкен жеңілдік болар еді.

Шындығына келгенде, Қытайға ке­дер­­гісіз жол ашу – біріншіден, бізге керек дүние. Себебі Қазақстан – мұхитқа шықпайтын ел. Ал Қытай – бізді мұхитпен жалғастыратын көршілеріміздің бірі. Ол бізсіз-ақ өзінің тауарларын Азия елдеріне, Аустралияға, одан әрі АҚШ пен Бра­зилияға экспорттай береді. Ви­за­сыз режім болмаса да, одан Қы­тай­­дың қылшығы қисаймайды. Ал Қытай арқылы мұхитқа шығып, одан арғы үлкен нарықтарға жол салу – біздің мүддеміз.

Қытай 5 мың жылдық тарихында ешкімді жаулап алмаған. Бізде қытайды негізінен кім жамандайды? Өмірінде сол елде болмаған адам жамандайды. Білместіктен. Бейжің мен Шанхайды айтпай-ақ қояйық, мына таудың арғы жағындағы Үрімшінің өзі дамып кеткен қала. Қытайдың экономикасы күннен-күнге төске өрлеп, өндіретін тауарлары тасып төгіліп жатыр. Сол себепті оларға үлкен нарық керек. Атап айтқанда, қытай кәсіпкерлерінің бар назары 300 миллион тұрғыны бар Америкада, 200 миллиондық Бразилияда, 130 миллиондық Жапонияда. Ал 20 мил­лионға жетер-жетпес тұрғыны бар Қа­зақстан нарығын қытайлар келіп жау­лап алады деген дақпырттың мүлдем негізі жоқ. Керісінше осы алпауыт елдің назарын біз өзімізге қарату үшін жұмыс жүргізуіміз керек. Өкінішке қарай, қоғамымызда осы игіліктің келешегін түсінбейтін керітартпа адамдардың негізсіз шу шығарып жатқаны көңілге кірбің түсіреді.

Визасыз режімнің тағы бір жақ­сы тұсы – Қытайда тұра­тын қандас­тарымыз енді кез келген уақытта ұшақ­қа билет алып, шекара асып тарихи отанына келе алады.

 

Самат НҰРТАЗА,

Мәжіліс депутаты