Тарих • 06 Мамыр, 2023

Куолисма топырағында дамылдаған қазақ

236 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осы мақаланы жазуға себепші болған азамат Зүлкәрім Кәрсұлтанұлы – Екінші дүниежүзілік соғыста жат жерде қаза тапқан қазақ жауынгерінің бірі. Ол туралы көп жылдар бойы іздестіру салғанда ешбір дерек табылмаған. Тек 2018 жылы ғана «Халық жадында» деген сайттан біраз мәліметтер кездескен.

Куолисма топырағында дамылдаған қазақ

Зүлкәрім аға ұзын бойлы, алып тұлғалы, келбетті жігіт болған. Алтайда, орыстар арасында ержеткендіктен, орыс тілін жақсы меңгерген. Ол мінезі ашық-жарқын, ортасында беделі бар, балалайкада шебер ойнайтын жігіттің сұлтаны болыпты. Енді ғана ел шетіне жетіп, отбасын құрмақшы болып жүрген жерінен бүкіл арман-мақсатының тас талқанын шығарып, алдымен әскерге, содан кейін соғысқа алып кетеді. Бұл кеңес-фин соғысы еді. Зүлкәрім аға Карелиядағы 1046-атқыш­тар полкінің 289-атқыштар дивизиясының қатарында финдерге қарсы майданға тап болады. Бұл орманды, батпақты өлкеде қаншама қанды майдан болғаны туралы мұрағатта сақталған «Боевой путь» деген анықтамадан көруге болады. Анықтамада көрсетілгендей, Зүлкәрім Кәрсұлтанұлы сол 289-дивизия қатарында 1941 жылдың 26 маусымынан бастап, 1944 жылдың 7 шіл­десіне дейін барлық шайқаста болып, ерлік көрсеткен. Осындай шайқастар арасында жүріп Зүлкәрім Кәрсұлтанұлы кеңес одағы қырып-жойған байдың баласы болса да, сол елдің Үкіметі үшін жанын аямай жауынгерлік, азаматтық борышын адал өте­ді. Күш-жігерінің және тіл білгендігінің арқа­сында әскери басшылар оны бірінші пулемет ротасының командирі етіп қояды.

Интернетте ағамыздың жерленген жері нақты көрсетілмеген. Іздестіру барысында Зүлкәрім ағамыздың соңғы шайқастарының бірі Куолисма деген ауыл маңында бол­ған­дығы белгілі болды. Осы ақпарат шыққаннан кейін туысқан бауырымыз Ринат Асхатұлы арнайы іздеушілер мен жергілікті әскери комиссариат арқылы атасының зираты Ресей мен Финляндияның арасындағы бейтарап аумақта екенін анықтайды. «Мен көп адамнан сұрастырып жүріп, ерікті іздестірушілерге шықтым. Олар бар мән-жайды айтып, ешбір мемлекеттің, не Ресейдің, не Финляндияның шекаралық заңын бұзбай, бұрынғы әскери іздермен қалай жүру керек екендігін түсіндіріп берді», дейді Ринат. Бауырластар зиратына апаратын жергілікті жол іздеуші Михаил деген фин жігіті де табыла кетеді. Бұл жігіттің өзі де чешен соғысына қатысқан адам екен. Михаил бауырластар зиратының орналасқан жерін, онда қанша жауынгер жерленгенін, олардың ішінде командир Зүлкәрім Кәрсұлтанұлының есімі бар екенін анықтап, ағаның зиратына өзі бастап апаратынына сендірді.

Тұғырға қадалған табақшада әртүрлі ұлттан 30 ердің аты-жөні жазылған екен. Бәрі дерлік 1899-1927 жылдары туған азаматтар. Бұл – 1944 жылы шілде мен тамыз айында қаза болған 289-атқыштар дивизиясының жауынгерлері мен командирлерінің тізімі. Зүлкәрім ағаның есімінің қарсы алдында «1920-29.07.44» деген жазу тұр. Бар-жоғы 24-ақ жаста болған екен...

Ең өкініштісі, қазақ жауынгері үш жарым жыл қанды қырғыннан аман шығып, соғыстың аяқталуына алты айдай ғана уақыт қалғанда қаза тапқан. Сүйгеніне қосыла алмай, арманда кетті, артында ұрпақ қалмады. Ел қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан осындай батырларымыздың есімін мәңгілік ел жүрегінде сақтау мақсатында ең болмаса туған өлкесі – Семей қаласының бір көшесіне Зүлкәрім Кәрсұлтанұлының аты берілсе, өшкеніміз жанғандай болар еді...

 

Мария ЖҰМАҚАНҚЫЗЫ,

педагогика ғылымдарының

кандидаты