Пікір • 06 Мамыр, 2023

Отыз күннің де олжасы бар

240 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Қытай азаматтары үшін өзара визасыз режім енгізілетіні туралы жаңалықты естідік. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі әзірлеген бұл қаулы іске асса, екі ел азаматтары төлқұжат арқылы саяхаттау, емделу, іскерлік кездесулер өткізу үшін көрші мемлекетке 30 күнге дейін визасыз кіре алады.

Отыз күннің де олжасы бар

Алайда ел ішінде бұған қатыс­ты әртүрлі пікір айтылып жатыр. Манипуляция жасап, халықтың көңіл күйімен ойнау, жалған ақпарат таратып, қоғамның үрейін үдету – кез келген­ сая­си,­ азаматтық жағдай үшін соңы жақсылықпен бітпейтіні бел­гі­лі. Біз бір сәт мұның тиімді тұс­та­рына неге үңіліп көрмейміз? Әсіресе сауда-саттық саласында екі ел арасындағы алыс-беріс бұрынғыдан гөрі ұлғаяды. Бұл­ – ел экономикасына едәуір тиім­­ді. Өзара барыс-келіс көбей­­се, туризм де жанданады. Мә­де­ни қарым-қатынастардың үл­кен­-кішілі жолдары ашылады. Келі­сімшарттардың жүрілуі жедел­дей­ді. Сондықтан бұл ең бірінші ел экономикасына қолайлы ше­шім­­ екенін ескергеніміз жөн.

Ал оның геосаяси-страте­гия­лық, ұлттық қауіпсіздік жағы ол басқа әңгіме. Ол біздің ішкі заң­да­рымыздың атқарылуына байланысты. Мәселен, Қытайдан келген әр өзге ұлт өкілі 30 күнге визасыз режіммен келгеннен кейін, тек жұмыс істеуге емес, туристік және эконимикалық бағытпен келіп-кетсе болды.

Қазір әлемге Қытайсыз күн жоқ. Қытай тек бізде емес, бүкіл әлемде бар. Қытай – ең әуелі эко­номика елі, екінші біздің құ­дайы көршіміз. Көршімен қалай есікті тарс­ жауып шыдап отыруға бола­ды? Есікті жауып қойсаң, тесік­тен­ кіреді. Одан гөрі «есікті» дип­­ло­матиялық жолман, заң ая­сында ашып, барыс-келістің тиім­ді жақтарын көздеген жөн. Қы­тайдың өзінің «Сен жақсы – мен­ жақсы» деген сөзі бар. Біз де­ осы саясатты ұстансақ, ұтыла қой­маймыз.

Бұдан бөлек, тағы бір мәселе бар. Қазір ол жақта өзіміздің қаракөз ағайындарымыз әлі көп. Визасыз кіру режімі сол ағайындарың келіп-кетуіне де септігін тигізер еді. Қазір қаншама қазақ осы жақтағы ағайын-туыстарына жете алмай қаңтарылып отыр. Мәселен, сол визасыз режіммен келген ағайынға ықтиярхат немесе азаматтық беріп үлгеретін мүмкіндіктер тудырсақ, тіпті жақсы болар еді. Қазір Қытайдағы ағайынның бері қарай келуі өте қиын, өйткені виза алуға тұрған кезектің жету мерзімі үш-төрт айға созылып кетеді. Осы мәселе жеңілдеп, алыс-беріс, барыс-келіс реттеліп, қалыпты жылдардағыдай тіршілік орнар еді.

 

Ербосын НҰРМҰХАН,

кәсіпкер, продюсер