Қызылорда облысында колхозшылар отбасында дүниеге келген ол ауыл мектебін экстернмен бітірді. Жосалы ауданының орталығында оқуын жалғастырып, 1940 жылы физика-математика бөлімін «өте жақсы» аяқтады. Алайда 1941 жылдың қазанында ол көптеген өзге қатарласы сияқты әскери киім киіп, жеке ұлттық атқыштар бригадасының 101-артиллериялық дивизионы взводының радиотелеграфисі болып қабылданды. 1942 жылғы қазанның соңында 101-бригада Калинин майданының 39-әскерінің құрамына берілді. Дәл осы майдан шебінде 1942 жылғы қарашадан 1943 жылғы қаңтарға дейін Оленино қаласының жанында шабуыл жүріп жатты. Мұнда кеңес әскерлері үлкен шығынға ұшырады, бірақ бұл біздің әскерді Сталинград маңында нығайтуға мүмкіндік берді. 101-бригаданың жауынгерлері және әскерлердің барлық буыны арасындағы байланысқа жауапты Е.Қайназаров Сталинград маңындағы кеңес әскерлерінің жетістіктеріне үлкен үлес қосты деп айтуға болады. 1943 жылы Е.Қайназаров көп жарақат алып, далалық ауруханаға түседі. Емделіп шыққаннан кейін оны Ростов өздігінен жүретін артиллерия мектебіне оқуға жібереді. Училищені үздік дипломмен бітіргеннен кейін Е.Қайназаров майданға танк-өздігінен жүретін взвод командирі ретінде жіберілді. Неміс-фашист басқыншыларымен күрестегі батылдығы, табандылығы мен қайсарлығы үшін Е.Қайназаров ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, Сталинград шайқасындағы «Жеңіс» белгісімен және «Жауынгерлік еңбегі» үшін медалімен марапатталды.
1946 жылдың маусымда Е.Қайназаров әскер қатарынан босатылып, Қармақшы аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, кейін партияның облыстық комитетінің мектептер мен жоғары оқу орындары бөлімінің нұсқаушысы болып жұмыс істеді. Бірақ 1951 жылы наурызда құқықтық тәртіп органдарының кадрларын нығайту мақсатында Е.Қайназаров облыстық милиция басқармасы бастығының саяси бөлім бойынша орынбасары, ал 1956 жылы шілдеде Алматы қаласындағы милиция орта мектебі бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.
1961 жылы қазанда Е.Қайназаров Алматы қаласының мемлекеттік автоинспекция бөлімшесі бастығының орынбасары, көп ұзамай осы бөлімшенің бастығы болады. Жамбыл облысында басшы кадрлар мектебінен өткен, жеке құраммен үлкен ұйымдастырушылық тәжірибесі бар бұрынғы майдангердің милиция басқармасы бастығының саяси істер жөніндегі орынбасары және Милиция мектебінде КСРО ІІМ мектебі бастығының саяси істер жөніндегі орынбасары болған тәжірибелі қызметкердің келуі жол милициясы бөлімшелері үшін елеулі серпіліс болды.
1963 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Косыгин Қазақстанға келеді. Сапары барысында ол Д.Қонаевпен ірі қалаларды аралап шығады. Осындай ұзақ шаршататын сапарлардан кейін демалу керек болады. Осы жерде Қонаевтың сөзін келтірген жөн болар. «Жексенбі күні біз қаладан алпыс шақырым жерде, Тянь-Шань сілемдерінде орналасқан Есік көліне бардық. Бұл 1963 жылдың 7 шілдесі болатын. Косыгин көл мен табиғатқа тәнті болды. Ол осы сапарға немересі Алексейді алды. Бұл кезде жөнсіз нәрсе көрдім: таулардан гуілдеп қоңыр ағын түсіп келе жатыр екен. Күмәнім болмады, бұл маған тым таныс нәрсе еді. Сел!». Бұл сапарда бірінші басшылармен бірге Алматы қаласының Көше қозғалысын реттеу бөлімінің бастығы Елеусін Қайназаров та болған. Бұл жайында ол өзі былай деп еске алған екен: «Маған дауыс зорайтқыш қондырғымен тар жолда көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысын реттеуге, «қорғалатын» тұлғаның көпірден шұғыл өтуін қамтамасыз етуге тура келді, өйткені әр секунд қымбат болды. «Чайка» көлігі өткеннен кейін көпір балшық тас ағынының қысымымен құлады. Мен әріптестеріммен бірге құтқару жұмыстарын ұйымдастыру үшін қалдым». Адамдарды, мемлекеттік мүлікті су тасқынынан құтқару, адамдарды қауіпсіз аудандарға эвакуациялауды ұйымдастыру бойынша жанқиярлық жұмысы үшін Е.Қайназаров 1963 жылы 27 тамызда КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының атынан «Қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша үздік қызметі үшін» медалімен марапатталды.
1969 жылғы шілдеден бастап 1976 жылғы маусымға дейін Е.Қайназаров ІІБ Штабын басқарды. ІІБ жеке құрамы арасында ақпараттық-талдамалық жұмыстармен, бөлімшелердің жұмысын жоспарлаумен, инспекциялаумен, кезекші бөліммен және тәрбие жұмысымен айналысты. Құқық қорғау органдарындағы еңбегі мен тәжірибесін ескере отырып, 1976 жылы ол Қазақ КСР ІІМ Штабы бастығының орынбасары лауазымына жіберілді, ол жерден еңбек сіңірген демалысына шықты.
Е.Қайназаров «ешқашан қол қусырып отырмайтын еді». Ол үнемі жұмысбасты болатын, диссертация қорғады, оқу-әдістемелік құралдарды редакциялады, ІІО қызметкерлері мен ардагерлері туралы естелік жинақтар жазды, өзекті мақалалар, көркем пьесалар және ІІО-дағы, МАИ-дағы жұмысы туралы естеліктер жазды. Е.Қайназаров жас ұрпақты тәрбиелеу үшін көп іс тындырды. Оның кітаптары баршаға мәлім: тәуелсіз Қазақстан тарихының алғашқы оқулығы – «Қазақстан тарихы» (1992 ж.), «Алматы МАИ: өткені мен қазірі» (2000 ж.), «Алматы полициясы. Алматы қалалық полиция-милициясы туралы тарихи очерк 1960-2001 жж» (2002 ж.). Ол көптеген кітап пен оқулықтың құрастырушысы және редакторы болды. Мысалы, «Қазақстанның ІІО құрметті тұлғалары» (1998 ж). Жоғарыда айтылғандай, Ұлы Отан соғысы майдандарындағы жауынгерлік жетістіктері мен айбынды еңбегі үшін Е.Қ.Қайназаров II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша үздік қызметі үшін», «Мінсіз қызметі үшін» ІІІ дәрежелі медальдарымен және 13 басқа да медальмен марапатталды. 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай Президент Жарлығымен «Ерлігі үшін» және 2003 жылы «Маршал Жуков» медальдарымен марапатталды.
«Талантты адам барлық жағынан да талантты болады» деген сөз бар. Елеусін математиканы өте жақсы білетін, әрдайым өзінің барлық қадамын математикалық дәлдікпен есептейтін. Өзі өлең жазып, ән шығарды. Мен оның домбырамен төгілтіп күй шерткенін де өз құлағыммен естідім.
Мен 2000 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы академиясының бастығы лауазымына тағайындалғанда тәлімгеріміз Е.Қайназаровтың милиция орта мектебінің қабырғасында қалыптастырған игі дәстүрін бірден сезіндім. Ол бастықтың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ретінде эстетикалық тәрбиеге, мәдени дағдыларды қалыптастыруға, курсанттардың қоғамда, ұжымда және тіпті достар арасында, үстел басында өз-өзін ұстау әрекеттеріне үлкен мән беретін. Осы мақсатта көркемөнерпаздар үйірмелері құрылып, спорт секциялары, қызметкерлердің әдеп-эстетика сабақтары ұйымдастырылды.
Е.Қайназаровтың өмір жолы болашақта да ішкі істер органдары қызметкерлерінің жас буыны үшін бетке ұстар үлгі болары анық.
Талап ҚАБДЕНОВ,
ІІМ Алматы академиясы
Ардагерлер кеңесінің төрағасы, генерал-майор