Жазушының Алматыдағы музей-үйінің жұмыс кабинетіндегі кітап сөресінде келушілердің назарын ерекше аударатын бір жәдігер «Қара Мадонна» фото-картинасының көшірмесі тұр. Ұзындығы 47 см, ені 34/3. Фото-көшірменің тарихы да қызық. Бұл фото-картина – чех фото-тілшісі Карел Гаектің «Қара Мадонна» атты туындысы. Чикагода өткен фото-сурет көрмесінде алтын медаль иеленген. Ғ.Мүсірепов 1963 жылы Алжирге барған сапарында осыны қатты ұнатып, алып келіп, өзінің жұмыс кабинетіндегі кітап сөресінің ең биік тұсына қойған. Фото-картинада баласын құшағына қысып, еміреніп тұрған қара нәсілді ананың жүзінен сәбиіне деген ғажап мейірімді, сүйіспеншілікті көреміз. Суреткер үшін ана бейнесі нәсілге, ұлтқа бөлінбейді. Ана әрқашанда ана болып қалады. Ғабең де осы картинаға қарап отырып ерекше шабыт алған шығар. Өйткені жазушының Баян сұлу («Қозы көрпеш – Баян сұлу»), Жібек («Қыз Жібек»), Ақтоқты («Ақан сері – Ақтоқты»), Бану («Амангелді»), Торғын («Болашаққа аманат»), Ақбота («Қазақ солдаты»), Назыкеш, Күнзила, Елизавета, Көпей, Күңше, Жұбай («Оянған өлке»), Ақлима («Кездеспей кеткен бір бейне»), «Ер ана», «Ақлима» «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы», «Ұлпан», «Майра» атты шығармалары – бүкіләлемдік аналар галереясына қосылған үлес.
Ғабит Мүсірепов: «Ана сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді», деген. Ананың мейірімділігінде шек жоқ. Ананың жүзі нұр шашып, жан-жағына өз шуағын төгеді.
Анар КӨШЕРБАЕВА,
Алматыдағы С.Мұқанов пен
Ғ.Мүсірепов әдеби-мемориалдық музей-кешенінің кіші ғылыми қызметкері