Соғыс ардагері, аға лейтенант, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздік қызметкері Іздей Мұхамбетжановтың жары Нұрғаным апай бірде маған ұстаздың жауынгерлік естелігін ұсынды. Күнделіктің сарғайған беттерін оқып отырып, «соғыс» атты суық сөздің ызғарын жан дүниеңмен сезініп, жүрек шымырлатар шындық көз алдыңа келеді.
Соғыстың ызғарлы желі әр үйдің қақпасын қаға бастаған кез. 1942 жылдың қараша айында Амангелді ауданынан ел қорғауға аттанған 369 жастың арасында Іздей Мұхамбетжанов та бар еді. Ат, түйеге жегілген арбадағы өрімдей жастарды аудан халқы жүректері езіле, егіле жылап 25-30 шақырымға дейін шығарып салған екен. Қостанайдан Сверловск қаласына жеткізілген жастар 167-атқыштар дивизиясында әскери дайындықтан өтеді. «-45 градус суықта 32 келі жүк арқалап, орман ішінде әбден шыныққан бізге командирлер атақты қолбасшы А.В.Суворовтың «Оқуда қиын болғанымен – соғыста жеңіл» деген сөзін жиі қайталайтын» дейді ол күнделігінде. Рафхат Кәрімов, Смағзам Асхатов, т.б. ауылдастарынан бөлінген Іздей Мұхамбетжанов ақпан айында кіші командирлер дайындайтын арнайы 167-батальонға курсант болып қабылданады. Ал 1942 жылдың маусымында 167-атқыштар дивизиясы оңтүстік-батыс майданының құрамында соғысқа кіреді. Дон өзенінің маңында, Задонск ауданында болған қиян-кескі ұрыста 18-20 жастағы боздақтар опат болып жатты. Амангелді ауданынан аттанған жастар – Смағзам Асхатов, Рафхат Кәрімов, Бөгетбай Иманов, Тұрған Ағатанов, ағайынды Досмурзиндер, Қазиндер, Омаровтар, Қазгелдин, Қазанғапов, т.б. қаза тауып, біразы ауыр жараланады. Бір ауданнан барған 369 боздақтың елге аман-сау оралғандары шамамен 50-60 шақты болса керек. Ұстаз күнделігіндегі жан беріп, жан алысқан жанталас жайлы оқи отырып, алапат өрт ортасында жүргендей күй кешесің.
«...Фашистер Сталинградты қоршауға бар күшін салды. Бірнеше күнгі қиян-кескі соғыстан кейін окоп қазып, орнығып жатқан кезіміз. 26 маусым күні таңғы сағат 4-тер кезінде жау басқыншылары үлкен бір танк әскерін алып келіп, біздің дивизияның шет жағына шабуылға шықты. Жыландай ысқырған оқ, ышқынған снаряд, гүрсілдеген мина. Қара тажалдай қаптаған, таптап кетердей екпіндеген танк. Дүниенің астан-кестеңі шығып жатқандай. Ауыр соғыс бір сәт толастамады. Танкіге қарсы рота тоқтамастан атып жатыр. Гранаталар мен жарылғыш бөтелкелер лақтырыла бастады. Фашист танкілері жақындап қалды. Полк командирі оққа ұшты. Ұзамай орынбасары қаза тапты. Бұл хабар жауынгерлердің жанұшыра айқайлаған дауысы арқылы тарап жатыр. Бір кезде қасыма взвод командирі Еволах жүгіріп келді. Украин жігіті еді. Қол автоматпен әр жерден адымдап атып жүр.
– Мені неміс мергені қайта-қайта көздеуде. Автомат дискасындағы оқ бітті. Сен мылтық атуды тоқтат та, менің бірнеше дискімді оқтап бер деді. Мен бұйрықты орындадым. Ол автоматымен бұрқылдатуда. Бір кезде сол жаққа қарай автоматтың екі оғы түсіп қалды. Мен екі оқты аламын деп еңкейе бергенде, оң қолыма оқ тиді. Еволах жалма-жан қалтамнан бинт алып, қолымды таңды. Ол байлап жатқан кезде рота командирі қаза тапты деген хабар жетті. Политрук қаза болды. Полк командирінен бір-бірлеп соғысып, кейін шегінуге рұқсат хабар келді. «Сен шегіне бер, мен сол қанаттағы жауынгерлерді тексерейін», деп командир жүгіре басып, еңкейіп кете бергенде мен де бұрылдым. Осы сәтте оң жақ балтырым дыз ете қалды. Қан судай ақты. Бар күшімді жинап, еңбектеп, кейін шегіне бастадым. Жау күші басым. Бізді осы айқаста аман сақтап қалған сол Задонск ауданындағы қалың өскен қара бидай сабағы еді. Шамамен 100 метрдей еңбектедім. Күн ыстық, жанталас. Әлден уақытта қолында носилкасы бар жауынгер Оразымбет Қоспақбаев кездесті. Оның қасында Әмірбек, Қанапия Молдахметов, Сейтқасым Боранқұлов бар. Бұлар да атыса жүріп шегініп келе жатыр екен. Носилканы жоғары көтеруге болмайды. Жау әр қимылды аңдып отырып, оқпен жайпап жатыр. Мен «Немістің танкісінің астына немесе тұтқынға түскенше мені осы жерде атып кетіңдер», дедім. Жерлестерім мені қимады. Әмірбек етбетінен жата қалды да «Арқама мін!» деді. Солардың көмегімен медсанбатқа жеткізілдім. Кейін 1946 жылы елге келсем, төртеуі де аман-есен оралыпты. Туған жерде қауыштық...».
Іздей ағайдың қолжазбасында майданға бірге аттанған жерлестері Ғазез Әмірхамзин, Нұрахан Әлмағанбетов, Сыздық Сарғалдақов, Әбдіғамал Әшіров, Айдарбек Әуелбеков, Сәтжан Жұбатқанов, Әмір Өтеев, Әбдік Мақатов, т.б. жауынгерлердің есімін кездестірдім. Олардың бәрін де кейін көзіміз көрді. Қайсыбірінің балаларымен бір мектепте білім алдық. Ұстаз күнделігіндегі бір кітапқа арқау болар майдан оқиғасы жалғаса береді. Жоғарыдағысы – бір ғана сәт. Ауыр жараланған Іздей ағай Тамбов қаласындағы әскери госпитальға түседі. Жазылған соң Орынбор қаласындағы тоғыз айлық әскери училищеге жіберіліп, кіші лейтенант шенімен 2313-артиллерия полкына полк комсоргы болып тағайындалады. Қанды майдан сапарында Ресей, Украина, Словакия, Польша жерлерімен жүріп өтіп, 1946 жылдың тамыз айында кеудесі әскери марапаттарға толы аға лейтенант Іздей Мұхамбетжанов туған топырағына оралады.
Үш жылдай Амангелді ауданында бас агрономдықты абыроймен атқарған Іздей Мұхамбетжанов 1949 жылы Н.К.Крупская атындағы Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түседі. Жоғары білімді маман ол кездері ауадай қажет еді. 1953-1960 жылдары Алматы қаласындағы облыстық атқару комитетінің идеология бөлімінде, кейін Қаскелең ауданында екінші хатшы қызметін атқарған. Іскерлігі, шешім қабылдаудағы шеберлігі мен білімі оны өз ортасында сыйлы етті. Арнайы жолдамамен Қостанай облысының Арқалық қаласына келеді. Қалалық білім бөлімінің меңгерушісі, Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-интернатының директоры болып қызмет етіп, қаланы көгалдандыруға үлес қосқаны да бір әңгіме. Алайда туған жері – мөлдірей аққан тұнық Торғайы өзіне қарай тартады да тұрады. Елге жақындайын деген ішкі тілек-арманы ақыры жеңді. 1965 жылы Амангелді ауданына қоныс аударып, Үрпек ауылындағы Жаңауыл орта мектебінде мұғалімдік қызметін жалғастырады. Терең білімді ұстаз, көкірегі сыр сандық, домбырада шебер ойнайтын, даусы ерекше Іздей ағай ел тарихын, Торғай топырағынан шыққан тұлғалар туралы да көп зерттеген. 70-жылдардың басында ұлт-азаттық көтерілістің бас сардары, аты аңызға айналған Амангелді Иманов жайлы жазған «Торғай комиссары» атты деректі кітабы жарыққа шықты. Батыр тұлғасын ұрпақ санасына сіңіруде бұл еңбектің алар орны ерекше. Торғай өзенінің жағасындағы Амангелді Үдербайұлының соғыс штабы болған ескі үйді күрделі жөндеуден өткізіп, мұражай ашуды да сол жылы қолға алған еді. Сарбаздар жайлы мағлұматтарды, олардың қару-жарақтарын, батыр пайдаланған дүние-мүліктерді ел ішінен жинастыруда ұстазым көп жұмыс атқарды. Үрпек ауылындағы музей алдында орнатылған батырдың тас тұлғасы мен сарбаздар бейнеленген ескерткішті орнатуда да Іздей Мұхамбетжановтың еңбегі ұрпаққа үлгі. Патшаның жазалаушы жасағына қарсы жүргізілген Доғал-Үрпек соғысы, басқа да шайқастар өткен сегіз елді мекенге ескерткіш тақта орнатуға бар күш-жігерін жұмсағаны елге аян.
Жауынгер-ұстаз аяулы жары Нұрғаным Ғабдолғылымқызымен сегіз бала тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы. Балаларының бәрі де жоғары білімді, бірі – әке жолын қуған ұстаз, бірі – дәрігер, енді бірі – есеп қызметкері. Қай-қайсысы да әке абыройына дақ түсірмей, оған деген құрмет пен мақтанышқа марқайып жүрген жандар. Сұрапыл соғыста қан майданнан өтіп, бейбіт өмірде халқы үшін аянбай қызмет еткен, ауылдың көркеюі, тұлғалардың танылуы жолында тыным таппаған Іздей Мұхамбетжановтың ізгі істері ұрпақ санасында қалса деген тілек бар. Өнегелі өмір сүріп, биік парасат пен батылдықтың, нағыз адамгершіліктің үлгісін танытқан ұстаз есімін ұлықтау – парыз. Бір кездері өзі гүлденуіне көп үлес қосып, тарихи ескерткіш пен тас мүсіндер тұрғызған туған ауылы – Үрпектегі бір көшеге Іздей Мұхамбетжановтың есімін беру де бүгінгі ұрпақ мойнындағы міндет.
Базаркүл АХМЕТ,
Ақпарат саласының үздігі