Іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Парламент және облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, өңір тұрғындары мен қонақтары қатысты. Облыс әкімі Жеңіс күні тарихи ескерткіштердің маңына жиналып, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерін еске алуға қатысқан, рухтарына тағзым еткен барша ақтөбеліктерге алғысын білдірді.
1941-1945 жылдардағы кеңес-герман соғысына Ақтөбе облысынан 122 мың адам әскерге шақырылып, олардың 36 мыңнан астамы майдан даласынан қайтпады, 30 мыңнан астамы із-түзсіз жоғалып кеткендер санатында. Сұрапыл қан майданда ерлік көрсеткен 35 ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры атанса, 9-ы «Даңқ» орденімен марапатталды.
Бүгінде Ақтөбе облысында үш майдангер ғана қалды. Олардың бірі – 103 жастағы Сатылған Бекмағамбетов. Ол 101-атқыштар бригадасының құрамында Ржев, Орел, Белгород, Курс шайқастарына қатысып, елге 1945 жылы оралған. Бірнеше рет жараланып, госпитальда жатып емделгеннен кейін қайтадан майдан даласына жіберілген. Соғыстан кейін Қобда ауданы Жиренқопа ауылында мал дәрігері болып жұмыс істеген ақсақал – бүгінде жеті баласынан немере-шөбере сүйіп отырған бақытты жан. Өңір басшысы Хромтау қаласында тұратын 99 жастағы майдангер Василий Грецкийді де арнайы барып құттықтады. Жүріп-тұруы қиындаған ақсақал Жеңіс күні үйінің ауласында үлкен концерт өткізілсе деген тілек айтқан екен. Василий ақсақал майдан әндері шырқалған үлкен концертті көріп, мәз-мейрам болды.
Айта кету керек, Ақтөбеде жасақталған 101-атқыштар бригадасы мен Алматыда жасақталған 100-дербес атқыштар бригадасы 1942 жылдың 25 қарашасында Ржев – Зубцов – Сычевка – Гжатск – Вязьма – Белый – Оленин аумағында өткен «Марс» операциясына қатысқан. Екі бригада Оленин ауданында шайқасты. 17 айдан кейін Ржев плацдармы азат етілгенде қос бригаданың 10 мыңнан астам жауынгерінен тек 1030-ы ғана тірі шыққан.
Ақтөбе облысы