Тарих • 14 Мамыр, 2023

Біржанның «Теміртасы»

462 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен күндері Ерлан Төлеутай шырқаған Біржан салдың атақты туындысы «Теміртасты» әлеуметтік желіден тыңдадым. «Абай» арна­сындағы бір бағдарламада арнайы шырқаған екен. Әншінің дауысынан атақты салдың қамырықты мұңы құлаққа келгендей әсерлендім. Ақынның терең мұңы шиыршық атқан шабыт күшімен асқақтап естілгені болмаса, аса қамырықты ән секілді сезілді. Зар, мұң, қамырықты қайғы қабаржып жатқанға ұқсайды түбінде. Осы жолы осылай сезіліп, әсер етті, бұған дейін бұл әнді қанша естісем де, әсерленбегеніме қайран қалдым. Екі-үш қайыра тыңдадым, аса қамырықты туынды. Көкейге осындай сөз орала берді.

Біржанның «Теміртасы»

Негізі, ән деген жан ғой, жанның сөзі, жүрек­тің сазы, өмірдің иісі ән деген. Сондықтан дауысы қалыпқа түс­кен орындаушылар әнді жоғары деңгейде орындап шыққанымен, жүрекке жеткізе алмауы әбден кә­дік. Қырналып-жонылған дауыс шыр­қап-ақ жөнеледі-ау. Мін жоқ. Алай­да бір нәрсе жетіспей-ақ тұрады. Оған бола оларды кінәлайын деп тұр­ған жоқпын. Ал неғұрлым табиғи, не­ғұрлым жабайы шыққан өмірсіңді дауыс болмысына қарай әрі-сәрі күй­ге салмай қоймайды.

Ерлан Төлеутайдың «Темір­тас­ты» салғандағы мына дауысы қай-қайдағыны қозғап, қабаржытып-ақ тастады. Даңғайыр Біржан мұңының шет-пұшпағын сезіндіргендей күйге бөлейді. Әнді тыңдай-тыңдай Бір­жан туралы ойлап кете берге­нім содан шығар. Көкейімді қаққылап қарасам, соңына мынандай туындылар қалдырып кеткен қазақ ұлты­ның біртуар перзенті туралы білерім шамалы-ақ екен. Бес-алты, он шақты әнін тыңдаған шығармын. Таласбек Әсемқұлов пен Досхан Жолжақсынов түсірген киносын көрген шығармын. Әр жылдары әр жерлерден үзінділер оқып білген шығармын. Басқа не? Айтпақшы Асқар Сүлейменовтің «Адас­қағынан» ептеп танысқаным бар сал өмірімен. Әуезовтің «Абай жолынан» ұшырастырғанмын. Сонда да Біржан өмі­рінің жалпы суреті­нен мақрұм сияқтымын. Жалғыз-ақ әніне осыншама қасірет сыйып тұрған жүрек иесінің қайғы-қасіретін танып-білу деген... «Камзолдай кел­те пішкен дөңгеленіп, дүние өте­рінде шыр айналды» деп адамзат бала­сына ғана тән өшпес өкініш пен қамырықты мұңды екі ауыз сөз­ге сыйдырып кеткен өнер иесінің тағ­дыры мен мұңын танытатын кино, шығармашылығын танытатын лекция-концерттер, тағысын тағылар бар ма? «Біржан сал» фильмі тақиямыз­­ға тар келіп тұрған жоқ. Десек те... Екі серияға, екі кітапқа, ол тұрмақ ен­дігі заманның ақылына сыймай­тын Біржанның бар қайғы-қасіреті осы «Теміртас» әніне сыйып тұрған жоқ па? Неткен аяулы, аянышты, азбас-тозбас рух пен се­­зім арқалап өтсе де, азап пен мех­­наттан көз ашпа­ған қасіретті тұлға. Білгенге Біржан өмірі қазақ тағдырының бүтін бір дәуірнамасы. Таласбек Әсемқұлов сценарийін жазған «Біржан сал» филь­мінде сал-серілер қуып келе жат­қан бөріні ақ патшаның жандайшаптары атып салады ғой. Осы тұстағы ас­тарлы емеурінді де сөзбен айтып жет­кізу мүмкін емес. Мына әнде де сон­дай сұмдық трагедия жа­тыр. Ән­шінің әншісі сала алатын қайғының қамырығы.

Қателеспесек, «Теміртас» – Бір­жан­­ның соң­ғы әні. Ақтық сөзі. Ат­тан ауып, тізгіні жат қолына өт­кен Алаш­тың азалы тағдыры да анық бай­қалады. Байғабыл Жыл­қыбаевтың орындауында жеткен бұл туындыға Ахмет Жұбанов та ке­ңінен тоқталған. «Біржан сал» кино­сында «Бұл менің қолыма түскен арқан емес», дейді сал. Қазақтың ер­кіндігіне, ақыл-ойы­­на салынған тұсаулы шынжыр. Ақыры қол-аяғы арқандалған дала­ның үнпаз ұлы сол кісен салған жа­раның кесірі­нен өлгені кімді де болса бейжай қал­дырмауға тиіс қой.

«Біржан қазақтың ондай «шы­лығын» ескермей, араз деген ауыл­дарға барып, ән салып, қыдырып қай­тады. Қайтып келген соң ағайын-тумалары оны ортаға алып сабап, басына зақым келтіреді. Әңгіменің басында айтылған Азнабайдың пош­табайының қамшысынан бастап, Біржанның басына тиген таяқтың осындай трагедиялық салдары болады. Оған дәлелдің бірі – Біржанның байлаулы жатқандағы бір шумақ өлеңі. Онда аурудың қалдығы анық айтылады.

«Арқаның түгел көрдім

кәрі-жасын,

Ұмытпас құрбы-құрдас

замандасым.

Ойланам, ауруымның түрі

жаман,

Біржанның кім ұстар деп

домбырасын», дейді.

Біржанның байлаулы кезінде ауру­дан қайтыс болғанын бір әңгі­месінде Теміртас та айтқан көрінеді.

...Өзі кеткелі жатса да, балала­ры­ның тілегін тілеп, солардың адам болуын ойлап, оның ішінде Теміртасты бөліп айтады. Солай өлең-әннен мар­жан тізген сал Біржан үш жылдай байлаулы жатады. Арқан кескен жердің жарасы ұлғайып, асқынып (гангрена болып), ақыры 64-ке келгенде, 1894 жылы қайтыс болады», деп жазады Ахмет Жұбанов.

«Ағаш үй от жаққаным

қобылан пеш,

Құдай-ау, ғапу етіп күнәмді кеш!

Теміртас, Асыл, Ақық –

қарақтарым,

Байлаулы арқандағы

қолымды шеш»,

деген асыл рухтың жаңғырығы санада дыңылдап әлі тұр.