Өндіріс • 15 Мамыр, 2023

Мия зауыты қайта іске қосылды

238 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әу бастан күрішке, кейіннен мұнайға иек артып келген Қы­зы­лорда үшін өнім шыға­ра­тын кәсіпорынның орны ерекше. Осыдан болар, 2014 жылы Жалағаш ауданында мия тамырын өңдейтін зауыттың іске қосылғанына жұрт ерекше қуан­ды.

Мия зауыты қайта іске қосылды

Шикізатқа тәуелді аймақтың эко­но­микасын әртараптандыруға мүм­кіндік беретін жобаның ие­лері ал­ғаш­қы жылы мия та­мы­рын егіп, бір­қатар шаруа­шы­лықпен келісім де жасап қой­ған еді. Бірақ зауыт көп ұза­май іркіліске тап болды. Көп се­беп­тің бастысы – бағасы түскен ұнтаққа сұраныстың азайып, керісінше шығынның ұлғайып кетуі болатын. Осылайша әу бастағы жоба бойынша 156 адамды тұрақты және 500 адамды маусымдық жұмыспен қам­туы тиіс өндіріс орнының қақ­па­сына қара құлып ілінді. Осыдан 6 жыл бұрын «Бис Групп» ЖШС мен қытайлық «Борихунда» ком­пания­сы арасындағы келісім не­гізінде зауыт жұмысы қайта қолға алынып, алғашқы 20 тонна өнім Қытай еліне жол тартқанда жұрт тағы бір елеңдесіп қалған. Бірақ көп ұзамай зауыт жұмысы тағы да төбеге ұрғандай тоқтап қалды.

Жалағаштағы осы зауыт жа­қында қайта іске қосылып отыр. Әуелгіде тәжірибе ретінде тәулі­гі­не 350-700 кило мия тамырынан тәтті ұнтақ өндірген зауыт қазір өнім көлемін 1 тоннаға дейін ұлғайтты. Жұмысшылардың де­нін жергілікті азаматтар арасынан алған өндіріс орнындағы орташа жалақы көлемі де ойдан шығып тұр. Осыған дейін мазут отынын пайдаланып келген кәсіпорын өткен жылы толық газға көшірілді.

– Қымбат мазуттан арзан газға көшкеннен кейін шығынымыз едәуір азайды. Өнімнің нарық­та­ғы құнының көтерілгені де кө­ңілге демеу болып тұр. Қазір Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея­дан сұраныс көптеп түсіп жатыр. Осыған дейін дайындалған өнімімізді Қытайға экспорттаймыз. Одан бөлек алдағы уақытта сыртқа 600 тонна өнім шығару жоспарда бар, – дейді зауыт директоры Серік Көкенай.

Осы күні аудандағы ірі кәсіп­о­рын­­дардың бірі саналатын зауыт қоймасында 900 тонна шикізат қоры тұр. Бұл мия тамырлары негі­зінен Жаңа­қорған, Шиелі аудан­дарынан жет­кізілген.

Мұнда мия тамырын кептіріп, қай­на­тады. Одан алынған ұнтақ та әбден өңделеді. Қазір осындай жолмен 3,5 тонна мия тамыры 1 тонна дайын өнімге айналып отыр. Түрлі тағам өнімдері, тәтті сусындар, дәрі-дәрмек, те­мекі өндірісінде қолданылатын ұн­та­ғыңыз осылайша алынады. Айт­пақ­шы, осындай өндіріс ошағы Шиелі ауданында да болған еді. Бірақ ол да 8 жылдан бері жұ­мысын тоқ­та­тып тұр.

 Жалпы, Жалағашта соңғы жылдары айта қоярлықтай жа­ңа­лық көбе­йіп­ті. Әсіресе, кәсіп­керлік саласында тың серпін байқалады. Бүгінде тір­кел­ген 3 189 кәсіпорынның 96 пайы­зы жұмыс істеп тұр. Аудан әкі­мі Асқарбек Есжанов алдағы уа­қыт­та жұ­мысын тоқтатқан кә­сіп­орындарды қай­та жаңғыр­тып, жаңа өндіріс орындарын ашу бағытында бірқатар жоба қолға алынып жатқанын айтады. Осын­дай бас­­тама негізінде биыл құны 1 млрд 579 млн теңге болатын 21 жоба жұмы­сын бастамақ. Оның нәтижесінде 106 жаңа жұмыс орны ашылады деп кү­ті­луде.

– Өңір экономикасына сер­пін беретін негізгі сала болған­дық­тан біз кәсіпкерліктің дамуына басымдық береміз. Іс бас­тауға ниет қылған азаматқа қол­дау танытамыз. Жергілікті тұрғындардың кәсіпке бет бұрған талабына қуанамыз. Биыл ауданда бірқатар жобаны жүзеге асырып, 100-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға қол жеткіземіз. Осы мия тамырын өңдейтін зауытта 31 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылып отыр. Алдағы уақытта олардың қатары арта түсетіні анық. Осыған дейін өндіріс оша­ғы­нан жылына 6,5 млн теңге са­лық түссе, толық іске қосылған кә­сіпорыннан түсім көлемі алдағы уақытта ұлғаяры сөзсіз, – дейді Асқарбек Темірбекұлы.

Кәсіпорын басшысы Серік Көке­най­дың айтуынша қазір зауытпен ши­кі­зат жеткізу жөнінде келісім жасауға ниеттілер аз емес. Өнімге сұраныс беру­шілер де көбейіп отыр. Алда қор көле­мін ұлғайтып, сырт мемлекеттерге өнім экспорттауға әбден болады.

 

Қызылорда