Бокс • 15 Мамыр, 2023

Қазақстанда бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өтеді

314 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін, 15 мамырда Ташкентте Халықаралық бокс қауымдастығының директорлар кеңесі жиын өткізді. Отырыс барысында келесі жылы өтетін әйелдер арасындағы әлем чемпионаты Астана қаласында өтетіні хабарланды, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өтеді

Халықаралық бокс қауымдастығының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Қазақстан бокс федерациясының жауапты тұлғалары 2024 жылғы әйелдер арасындағы әлем чемпионатын Астанада өткізуге ниет білдірген.

Осылайша, әлемнің үздік боксшы қыздары «Барыс Аренаның» шаршы алаңында қолғап түйістіреді.

«Қазақстан сияқты қуатты бокс елі IBA ірі турнирлерінің бірін өткізеді. Осыдан жеті жыл бұрын Астанада әлем чемпионаты өткен еді. Біз әйелдердің жүлде қорын көбейтеміз. Чемпиондар 200 000 АҚШ долларын алады, ал жалпы жүлде қоры 12 номинация бойынша 4,8 миллион долларды құрайды. Бұл соманың 10 пайызы ұлттық жаттықтырушыларға беріледі. Алдағы чемпионатты асыға күтемін және 2024 жылы боксшыларды Астана төрінде қарсы аламын», деді IBA басшысы Омар Кремлев.

Еске сала кетсек, 2016 жылдың жазында Қазақстан өз тарихында алғаш рет әйелдер арасындағы әлем чемпионатын өткізіп, онда бірінші командалық орынды жеңіп алған еді. Одан кейін боксшыларымыз төрт алтын, екі қола медаль жеңіп алса, Қытай екінші, АҚШ үшінші орынға табан тіреді.