15 Шілде, 2014

Жол айқын, мақсат біреу

270 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
интеграцияЕлбасы қойған басты талап – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену. Оның басым қағидаттарын Президент “Қазақстан -2050” Стратегиясында нақты белгілеп берді. Халықаралық сарапшылар Қазақстанды әлемнің ең жылдам өсетін экономикалар үштігіне енгізді. Шетелдік инвестициялардың көп көлемін тарта білетін 20 көшбасшы мемлекеттер сапына қосты. Осындай жоғары мақсаттарға өз үлесін қосуды мұрат тұтқан Мамлют ауданы тұрғындарының күш-жігері “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауының талаптарын орындауға жұмылдырылған. Осыған орай әлеуметтік мәселелерді шешу, агроөнеркәсіп кешенін жетілдіру, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, қолжетімді баспана салу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, индустриялық-инновациялық даму, жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын талдау мемлекеттік бағдарламаларды орындау бойынша кешенді шаралардың бәсеңдемегенін, керісінше, ширай түскенін көрсетеді. 2013 жылы қабылданған “Агробизнес- 2020” агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі бағдарлама бәсекеге қабілетті, ішкі нарық қажеттіліктерін өтеу, экспорт ресурстарын құрастыру үшін жеткілікті ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруді одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік берді. Ауыл шаруашылығын көтеруге бағытталған мемлекеттік саясаттың арқасында ауыл шаруашылық құрылымдарын техникалық қайта жарақтандыру, озық агротехниканы енгізу, минералдық тыңайтқыштар мен химиялық қорғану заттарын қолдану деңгейі айтарлықтай жақсарды. Егістік алқаптарының құрылымы әртараптандырылып, майлы және жемазық дақылдарын көптеп егуге бетбұрыс жасалды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 1,9 миллиард теңге инвестиция құйылып, агроөнеркәсіп кешеніне 255,6 миллион теңге субсидия бөлінді. Жоғары сапалы астық өндіруді қалыптастыру көптеген факторларға байланыс­ты екенін жылдағы тәжірибе анық байқатып жүр. Солардың бастыларына жер өңдеу сапасы мен егіншілік мәдениетін жатқызуға болады. Биыл ылғал үнемдеу технологиясы 137,8 мың алқапқа қолданылды. Бүгінгі күні аудан экономикасындағы ауыл шаруашылығының үлесі 60 пайызды қамтиды. Азық-түлік өндірумен 30 кәсіпорын айналысады. Негізгі өндірушілердің бірі саналатын Мамлют ұн үгу комбинаты бір жыл ішінде 18 мың тонна ұнды, ақшаға шаққанда 947 миллион теңгенің сапалы өнімін тұтынушыларға жеткізді. Мұнда зығырды, рапсты қабылдау, кептіру жұмыстары озық технологиялармен атқарылады. Агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бір буыны– мал шаруашылығы. Бұл саланы дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған стратегиясын жүзеге асыру малдың барлық түрлерін және бірінші кезекте азық-түлік тағамдарымен қамтамасыз ету мүмкіндігін ұлғайтты. “Сыбаға” бағдарламасы шеңберінде және жеке қаражат есебінен 340 миллион теңгеге 1030 бас әкелінді. Малдың етті тұқымының генетикалық әлеуетін жақсарту мақсатымен “Белое Агро” ЖШС-інде 300 басқа шақталған асыл тұқымды репродуктор іске қосылды. Америкадан ангус тұқымдас 300 бас ірі қара сатып алынды. “Житница” ЖШС асыл тұқымды ферма ашу үшін 100 бас ірі қара малын өсіруді жоспарлап отыр. Елбасы міндеттеген шаралардың бірі шағын және орта бизнесті қолдау, оларға барынша жағдай жасау болып табылады. Бүгінгі күні ауданда құрылған 1076 кәсіпкерлік субъектінің бөлшек тауар айналымы үш есе ұлғайды. “Талапкер” ауылдық несие серіктестігі екі жүз миллион теңгенің несиесін үлестірді. “Бизнестің Жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша төрт кәсіпкер 33 миллион теңге қаржылық қолдауға ие болды. 2 нау­байхана, 4 дүкен, жарма өндіретін, дизельдік жанармай аппаратурасын жөндейтін және 2 ағаш өңдейтін цехтар ашылды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде “Кахолонг Казахстан” ЖШС Мамлютка қаласында 676 миллион теңгенің жемазық зауыты мен май кәсіпорнының құрылысын жүргізуді белгілеп отырғанын айта кеткен жөн. Жұртшылықты толғандыратын мәселелердің бірі ауызсу жайы екені аян. 42 елді мекеннің 24-і топтық су құбырларын және 13-і терең скважиналарды пайдаланады. Қалған ауылдарға тіршілік нәрі тасымалмен жеткізіледі. “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша Меңгесер ауылында 243 миллион теңгенің сумен қамту жүйесі жаңартылды. Щучье елді мекенінде жерасты суларын тазарту құрылысы аяқталды. Автомобиль жолдары жүйесін жақсарту мәселесіне де үлкен көңіл бөліп келеміз. Бұл салаға 276,8 миллион теңге бағытталса, аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеуге 46 миллион теңге жұмсалды. Воскресеновка-Леденово автожолына – 50 миллион, Мамлютка қаласының ішкі жолдарына 20 миллион теңге нысаналы трансферт бөлінді. Бұдан тысқары, Бексейіт және Меңгесер ауылдарының жолдарын қалпына келтіру үшін жобалау-сметалық құжаттар дайындалып, “Жұмыспен қамту Жол картасы-2020” бағдарламасына енгізілді. Елбасы тапсырмаларына сәйкес жұмыспен қамту бағдарламасы аясында әлеуметтік жұмыс орындарын құруға – 6,8 миллион, жастар тәжірибесіне 3,2 миллион теңге қарастырылды. 33 адам жұмысқа орналастырылды. 31 жұмыссыз кәсіптік қайта даярлықтан өтті. Барлығы 530 жаңа жұмыс орындары ұйымдастырылып, 212 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды. Дегенмен, орташа айлық жалақы мөлшері өскенімен, қазіргі жайы қанағаттандырмайды. Сол себепті оны көбейтудің мүмкіндіктерін жан-жақты іздестірудеміз. Елбасы Үкіметтен бастап, жергілікті әкімдерге дейінгі барлық мемлекеттік органдардың мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмысты күшейту, кедейлік деңгейін одан әрі төмендетіп, жұмыссыздықтың өсуін тежеу, масылдық пиғылдың өрістеуіне жол бермеу талабын қойғаны мәлім. Аз қамтылған азаматтарды қолдау мақсатымен 44 отбасыға және 18 жасқа дейін балалары бар 173 отбасыға жәрдемақы төленді. 142 мүгедек жанға арнайы техникалық жабдықтар әперілді. Сауықтыру орталықтарына – 20, санаторлық-курорттық емделуге 37 адам жіберілді. “Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы” Заң талаптарын орындау бойынша әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерімен бірлесе отырып, мүгедектер мен қарттарға үйде қолұшын беру шараларын жалғастыра беретін боламыз. Жолдауда “ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар” деп атап көрсетілді. Шынында да, саламатты өмір салтын ұстанған, ақыл-сезімі толысқан, оң-солын таныған, жақсылыққа үйір, қысылшаң сәтте көмек қолын созуға әзір ұрпақ тәрбиелей білсек, ертеңгі ел қорғанына лайық ізбасарлардың көптеп шығары даусыз. Бұл орайда мемлекеттің, жұмыс берушілердің және медицина қызметкерінің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігін ұмытпаған ләзім. Медициналық қызметтің басты қағидаттарының бірі спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу, осының бәрі, айналып келгенде, кез келген аурудың алдын алуға негіз салары анық. Ауданда орналасқан орталық ауруханада, 7 фельдшерлік-акушерлік және 27 медициналық пункттерде 24 дәрігер мен 136 мейірбике еңбек етеді. Уақытында диагностикалау және алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Бұл өлім деңгейін – 3,5, туберкулезді 19,5 пайызға төмендетуді қамтамасыз етті. Балалар мен жасөспірімдер арасында обыр кеселімен ауыратындар тіркелген жоқ. Тұтастай алғанда, денсаулық сақтау ұйымдарын ұстауға 418 миллион теңге бөлініп, қаржыландыру мөлшері артып келеді. Елбасының халықтың 30 пайызын спортпен айналысуға тарту жөніндегі тала­бы ұдайы назарымызда. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі спорт­шыларымыздың “Үміт” облыстық спартакиадасында төрт жыл қата­рынан бірінші орынды иеленіп жүргенін айтсақ та жеткілікті. Білім беру, мәдениет салаларында да табыстар жоқ емес. Еліміз әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық жаңғыртулардың жаңа беле­сіне аяқ басты. Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері Прези­денттерінің Еуразиялық эконо­микалық одақ құру туралы шартқа қол қоюы алдымыздағы ұлан-ғайыр міндеттерді айқындап берді. Мақсат айқын, ол – қуатты да өсіп-өркендеген Қазақстанға қызмет ету. Ерболат БЕКШЕНОВ, Мамлют ауданының әкімі. Солтүстік Қазақстан облысы.