Білім • 15 Мамыр, 2023

Техникалық мамандықтарға басымдық беріледі

312 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Түркістан облысындағы арнаулы оқу орындары мен колледждерге мемлекет тарапынан 15 300 грант бөлініп отыр. Ендігі кезекте осы гранттарды толық игеріп, түлектерді біліммен қамту керек. Бұл орайда оқушыларға мемлекеттік гранттар туралы ақпарат беру, насихаттау, түсіндіру маңызды.

Техникалық мамандықтарға басымдық беріледі

Өткен жылы облыс үшін арнаулы оқу орындарына 17 мың грант бөлінген. Бірақ оның біршама игерілмей, кері қайтарылыпты. Сондықтан өңірге биыл 15 300 грант ұсынылып отыр. Оның 650-ден астамы облыстық бюджеттен медициналық мамандарды даярлауға бағытталған. Колледжде грантқа түскен студенттерге арнаулы білім, 30 мың теңге шәкіртақы беріледі. Өңірде 52 колледж бар. Мемлекеттік тапсырысты білім стандарттарына әрі техникалық талаптарға сай оқу орындары ғана алады. Түркістан облысында биылғы оқу жылы 30 мыңға жуық оқушы мектепті бітірсе, 42 мың оқушы 9-сыныпты тәмамдайды. Демографиялық өсім, оқушылар саны, жұмыссыз және мамандық алмаған NEET санатындағы жас­тар саны бойынша да өңір алдыңғы қатарда. Сондықтан оларды мамандықпен қамтамасыз ету маңызды. Гранттар облыстың дамуына қажетті әрі еңбек нарығында сұранысқа сай жұмыс орны бар мамандықтарға ғана бөлінгені жөн. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрлыбаевтың айтуынша, бірнеше басқармадан ұсыныс жинақталып, 87 мамандық бойынша қажеттілік анықталған. Гранттарды бөлуде осы ұсыныстар да негізге алынбақ. Мектепті 3-4 жыл бұрын бітірсе де, білім алмаған жастардың да саны, тізімі жасақталып жатыр. Жалпы, биыл өндірісті дамыту мақсатында инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары үшін 8 375 грант, ауыл, орман, балық шаруашылықтары және ветеринария саласына – 700, қызмет көрсету кадрларын даярлауға 1 575 грант бөлу жоспарланған. Яғни техникалық мамандықтарға басымдық беріледі. Білім саласы мамандарын даярлауға – 1 100, өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 275, кәсіпкерлік басқару және құқық саласына – 375, цифрландыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы үшін 1 950 грант бөлу межеленіп отыр.

Сондай-ақ Түркістанда IT саласы мамандарын даярлайтын халықаралық университет филиалы ашылуы мүмкін. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен АҚШ-тың Penn state (Пенсильвания) университетінің Түлектер және халықаралық бағдарламалар жөніндегі деканы Стивен Барнстың кездесуінде университет филиалын ашу бастамасының алғышарттары талқыланып, әріптестікті нығайту жолдары қаралды. «Қазіргі дәуір цифрландыру дәуірі екенін ескеретін болсақ, өңір жастары үшін IT бағыты бойынша жоғары оқу орнын ашу қажеттілігі бар. Сондықтан Түркістан қаласында IT университетінің филиалын ашуды қарастыруды ұсынамын. Осы жоба аясында облыс әкімдігі тарапынан барлық қолдау көрсетіледі, тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге әзір екенімізді хабарлаймын. Тұрғындарымызға заманауи оқу ордасын ашып, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасауымыз керек», деді Д.Сатыбалды.

Ал Стивен Барнстің Түркістанға келу мақсаты – Үндістанның жетекші оқу ордаларының бірінің филиалын Түркістанда ашуға көмектесу екенін айтты. «Жол, ғимарат салу оңай, бірақ білімді ұрпақ тәрбиелеу, сапалы білім жүйесін дамыту өте қиын. Мен Түркістанда оқу ордасының филиалын қысқа уақытта ашу мүмкіндігі бар екенін көріп тұрмын. Арнайы ғимараты бөлінсе, университет өз филиалын ашуға, мамандарын уақытша жіберуге және қазақстандық оқытушылардың біліктілігін көтеруге дайын», деді Стивен Барнс. Университет өкілдері келіссөздерді жалғастыру мақсатында елімізге биыл маусым айында келеді деп жоспарланып отыр.

Айта кетелік, облыс тарихында алғаш рет қыздар лицейі де ашылмақ, жаңадан білім-инновация лицейі салынып жатыр. Кентау қаласында балабақша ғимаратында ашылған білім-инновация лицейі жаңа оқу жылынан бас­тап Түркістан қаласынан жаңадан салынған ғимаратқа көшеді. Жауапты мердігер компания құрылыстың 77%-ын аяқтаған. Сыртқы-ішкі әрлеу әрі техникалық базамен қамтамасыз ету жұмыстары қалып отыр. Биыл қыркүйекте ашылатын 700 орынды оқу ғимараты базасында 30 сынып, 15 зертхана, 23 қосымша кабинет бар. Ал асханада бір мезгілде 250 адам тамақтана алады. Оқу ғимаратына жапсарлас орналасқан 500 орынды жатақханасы да бар. Ұлдар мен қыздар бөлек оқып, бөлек жатақханада тұрады. Лицейге оқушылар 7-сыныптан бастап қабылданады.

 

Түркістан облысы