Өндіріс • 16 Мамыр, 2023

Теріден неге табыс таппаймыз?

384 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түркістан облысында аяқкиім шығаратын шағын кә­сіпорындар бар. Бірақ олар қажетті теріні басқа елдерден тасымалдауға мәжбүр.

Теріден неге табыс таппаймыз?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мысалы, Арыс қаласында орналасқан ерлер мен әйелдерге арналған аяқкиім шығаратын фабрика 1991 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өндірісте шынайы былғары және экологиялық таза материалдар қолданатын кәсіпорын теріні Түркияның Ыстанбұл және Украинаның Запорожье, Ресейдің Дондағы Ростов қалаларынан алып келеді екен.

Біз айтып отырған «Арай» өндірістік кооперативінің өнім­дері Арыста, Шымкент, Тараз, Астана қалаларында сатылады. Иә, облыста ғана емес, елімізде тері мен жүн өңдеу саласы ақсап тұр. Мал терісін де, жүнін де пайдасына жарата білген қазақ халқы атакәсіптен қол үзіп қалған сыңайлы. Малмен күнелткен жұрт «теріні ешкім алмайды» деп аяққа таптап, қоқысқа тастап жатыр. Терең өңделген тері мен жүннен дайын өнім шығаратын шағын цехтары бар жеке кәсіпкерлер болмаса, қуаты жоғары зауыт немесе ірі фабрика жоқ. Бұл орайда ішкі нарық толықтай импорт­қа тәуелді. Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан елдері бұл салада бізден көш ілгері. Мысалы, ақпарат құралдарында жариялан­ған деректерге қарағанда, көрші Өзбекстан алдыңғы жылы 10 миллион долларға 115 миллион жұп былғары аяқкиім шығарған екен.

Ал елімізде тоқыма бұйым­да­рын шығаратын кластер құру немесе толық циклді аяқкиім фабрикасын ашу әзірге мүмкін болмай тұр. Мамандар оның себебі көп екенін айтуда. Мысалы, тері мен жүнді фермадан зауытқа жет­кізу тізбегі бұзылған, әсіре­се, шаруалар жүн өткізуге қызы­ғушылық танытпайды. Тері қа­былдайтын пункттер жұ­мыс­ істемейді. Деректерге жү­гін­­сек, бұл саладағы мыңнан аса компанияның басым бө­лігі шағын бизнес өкілдері екен. Бұл компаниялар елде өнді­рілетін шикізаттың небәрі 1 пайызын ғана өндіреді. Жеңіл өнеркәсіп саласына қатысты 2022 жылдың қорытындысын шығарған Ин­дус­трия және инфра­құ­ры­лым­дық даму министр­лі­гінің мәліметінше, былтыр былғары және оған қатысты өнімдердің өндіріс көлемі 3,7 пайызға артқан. Бүгінде елімізде 10 былғары кәсіпорын жұмыс істейді екен. Олар жылына 4 миллион тері өңдей алады. Былтыр қаңтар-қазан айларында 2,6 миллион тері, оның ішінде 1,8 миллион ірі қара малдың, 5,8 миллион ұсақ малдың терісі өндірілген. Бұл ретте отандық кәсіпорындар 465 мың ірі қара мал терісін өңдеген (26%). Осылайша, ірі қара мал терісінен былғары өндіру 24%-ға өсіп, 130,1 млн шаршы дециметрді құрапты. Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасы шеңберінде биыл жүн мен тері өңдеуге құйылатын инвестициялық жобалар Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан субсидияланбақ. Министр Ербол Қарашөкеев министрліктің алқа отырысында осы бағытты әрі қарай дамыту үшін кешенді іс-шаралар әзірленіп, оның ішінде алғашқы өңдеуді ғана емес, жүн мен теріні терең өңдеуге ба­­ғытталған инвестициялық жо­­ба­ларды субсидиялау жолдары қарастырылып жатқанын айт­қан болатын. Сондай-ақ был­тыр министрлік түріктің Iskefe Holding компаниясымен келісімшартқа отырып, ол компания 27 млн доллар көлемінде инвестиция құйып, ірі қара мал терісін өңдейтін және желатин өндіру зауытын салатын болып шешілген. Бұл жоба биыл іске қосылады деп жоспарланып отыр. Министрліктің деректеріне сенсек, аталған кәсіпорын 100-ден аса адамды жаңа жұмыс орнымен қамтып, жылына 7000 тонна желатин шығаратын болады. Яғни бұл салаға қаржы құйылып, жеңілдіктер берілмек, оның нәтижесін уақыт көрсетер.

Әзірге бұл салаға қатысты статис­тикалық мәліметтер көңіл көншітпейді. Елімізде жыл са­йын шикі терінің 10-20 пайызы ғана сатылады екен. Ал 3 млн-ға жуық мал терісі өңделмеген күйі далаға тасталады. Мамандар осының бәрін кәдеге жаратқанда шаруалар шамамен 14 млрд теңге табыс табар еді дейді. Өңделмеген тері қоқысқа тасталып жатса да, тері өңдейтін фабрикаларда шикізат тапшы. Тері қабылдаушылар мал шаруашылығымен айналы­са­тындар үй жағдайында мал сойғанда қажетті сапалы тері­ні ала алмайтынын айтады. Яғни терінің 80 пайызы жара­май қалады, нарықта сапалы тері тапшы. Тағы бір себеп – өң­дел­ме­ген теріні экспортқа немесе өңдеуге жеткізу үшін малдың сәйкестендіру нөмірі болмауы. Ауылдарда сойылған малдың көпшілігінде мұндай нөмірлер жоқ немесе деректер дұрыс ен­гі­зілмеген, сондықтан теріні жи­­науға болмайды. Осындай ма­ша­қаты көп болғандықтан, ауыл адамдары қоқысқа таста­ған­ды жөн көреді.

Статистика департаментінің мәліметі бойынша облыс көле­мін­де 1170,0 мың ірі қара мал, 5497,0 мың уақ мал, 420 мың жылқы, 38,3 мың бас түйе тір­кел­ген. Өңірде ауа райының қолайлы болуына байланысты ұсақ малдар жылына екі рет, яғни көктем мен күзде қырқылады. Орта есеппен әр қойдан 2-3 кило жүн алынғанда, жалпы облыс бойынша жылына 7,5-8,0 мың тоннаға жуық қой жүні және 254,0 мың дана ірі мал, 1100,0 мың дана уақ мал терісі алынады. Сонымен қатар өңірде ірі қара мал бордақылаумен айналысатын 22 кәсіпорынның өзінен жылына 478 мың тоннаға жуық мал терісі алынады екен. Бүгінде облыс бойынша жүн мен теріні өңдейтін 2 кәсіпорынның бірі ғана жұмысын жалғастыруда. Жұмыс істеп тұрған «Оңтүстік киіз» ЖШС жылдық қуаттылығы 10 тонна болғанымен, бүгінде 3 тонна киіз өңдеп шығаруда. Себебі кәсіпорындағы құрал-жаб­дық­тардың заман талабы­на сәйкес келмеуінен және техни­ка­лық мамандардың азды­ғы­нан бәсекеге қабілетті өнім шыға­ру­ға мүмкіншіліктері жоқ.

Облыс әкімдігі тарапынан бұл ба­ғытта инвесторлардың қы­зы­­ғу­шылығын арттыру үшін Ауыл шаруашылығы министр­лі­гіне инвес­тициялық субсидия ба­ғытымен тері, жүн өңдейтін кә­сіпорын­дарды салуға кеткен шы­­ғын­­дардың 50%-ын суб­си­­дия­лау бо­йынша бірнеше ұсы­ныс ен­гі­зіліпті. Сонымен қатар об­­лыс­тың агроөнеркәсіп ке­ше­нін дамытудың 2023-2027 жыл­­дарға арналған іс-шара­лар жос­парына сәйкес, биыл 6 тері-жүн өңдеу цехы мен кәсіп­орын­дарын ашу жоспарланып отыр. Ал 2027 жылға дейін 17 кәсіпорын ашу көзделген. Иә, алға қойылған жоспар орындалуымен құнды. Әзірге кеше тері илеп, тон тігіп, саптама етік киген қазақтың бүгінгі буыны былғарыны бағаламайтын халге жетіп отыр. Дегенмен мал шаруа­­шылығындағылар қор­да­лан­ған мәселе шешімін тауып, тері өн­дірісі аяққа тұра­ты­ны­нан үмітті.

 

Түркістан облысы