Министрдің айтуынша, мемлекеттік бюджет шығысы 98,6%, республикалық бюджет шығысы 99,0%, жергілікті бюджеттер шығысы 98,6% атқарылған. Республикалық бюджеттің шығысы 7 трлн теңгені құрады. Ал атқарылмаған сома - 72 миллиард теңге. Оның ішінде 16 миллиард теңге үнемделді. Игерілмегені - 55 млрд теңге.
Сондай-ақ ол бюджет қаржысын игере алмаған министрліктерді атады.
«Мәдениет және спорт, ақпарат және қоғамдық даму, экология және табиғи ресурстар, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері бюджет қаржысын толық игермеген», деді Ерұлан Жамаубаев.
Оның айтуынша, бюджет қаржысы мемлекеттік сатып алу конкурстарының ұзақ өткізілуі, орындалған жұмыстардың актілері мен шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы сынды себептермен игерілмеген болуы мүмкін.
«Жергілікті бюджеттердің шығысы 3,3 трлн теңге болды. Атқарылмағаны - 47 млрд теңге. Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 мамырға 473 млрд теңге бөлінді. Оның 97%-ы игерілді. Ал игерілмегені – 14 млрд теңге. Бұл ретте Астана және Алматы қалалары, Атырау және Түркістан облыстары қаржыны толық игермеген», деді Қаржы министрі.