Аймақтар • 16 Мамыр, 2023

«Парктер шеруі» акциясы

460 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Наурыздың соңынан бері еліміздегі ерекше қорғалатын аумақтар – қорықтар мен ұлттық парктерде, резерваттарда өтіп жатқан «Парктер шеруі» экологиялық акциясына «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» РММ мамандары да қосылды.

«Парктер шеруі» акциясы

Жыл сайын 22 наурыз бен 5 мау­сым аралығында осы акцияны өт­кізуді дәстүрге айналдырған инс­пекторлар резерват аумағындағы жойылу қаупі бар өсімдіктер мен «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар жөнінде дәрістер өткізеді. Сондай-ақ жұртшылықты өзен-көл арналарын тазартып, тұрғын үйлер мен мемлекеттік мекеме аулаларына ағаштар мен бұталар, басқа да көпжылдық өсімдіктер егіп, көгалдандыру жұмыстарына шақырады.

Екі ғасырдан бері АҚШ пен Ба­тыс мемлекеттерінде ерте көк­темде тұрақты түрде өткізі­ле­тін «Парктер шеруі» акциясы­на Қазақстан 1997 жылы ғана қо­сылды. «Табиғатыңды таза ұста!» деген ұранмен басталған жал­­­пы­халықтық іс-шараның ауқы­мы ел аумағында ерекше қанат жа­йып, жыл сайын осы іс-шараға бел­сенді қатысатын азаматтар қа­тары көбейіп келеді.

Ең алғаш рет 1840 жылдың 22 сәуірінде АҚШ-та ағаш егу күні ретінде бастал­ған іс-шара 1882 жылы мемлекеттің ресми мерекелері санатына енді. Табиғат жанашырларының ба­сын біріктірген акция 1970 жылдан ­бастап «Жер күні» мерекесі бо­лып өзгерді. Адамзат өз үйі – Жер­дің бетін қоқыстардан арылтып, ағаш-бұта отырғызуды насихаттайтын 22 сәуір мерекесі 1990 жылы «Парктер шеруі» болып өзгерген күні әлемде бір мезгілде ұйымдастырылған ағаш отырғызу акциясына 141 мемлекеттен 200 млн адам қатысқан.

Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің бас маманы Әсемгүл Әбдірахманова 22 наурыздан бері «Парктер шеруі» акциясы арқылы мектеп оқушыларына экологиялық тәрбие беру жұмысы қарқынды жүргізіліп жатқанын айтады.

«Біздің мекеме инспекторлары мектеп оқушылары арасында «Өз елімді сүйемін, табиғатына бас иемін» тақырыбында сурет салу және еліміздің көрікті жер­лері туралы шығарма жазу, «Құс­тарға қамқор болайық» және «Құра­лай» қолөнер байқауларын ұйымдастырды. «Құстарға қамқор бо­ла­­йық» іс-шарасы сәуірдің со­ңын­да аяқталды. Осы конкурс шар­ты бойынша оқушылар өз қол­да­­рымен жасаған құс ұяшық­тарын ағаш-терек басына орналастырып, суретін әлеуметтік желі­ге са­луға тиіс болатын. Бірақ оның қо­ры­тындысы 5 маусымда шы­ға­рылады. Ал «Құралай» қол­өнер кон­курсының шарты бо­йынша оқу­шылар әртүрлі ма­те­риалдардан аң-құстың мүсінін жасап, оның ре­зерват мекемесіне әкеліп тапсы­руы керек. Киіктің бейнесін жасауға гипс, ағаш, саз балшық, түрлі жіптерді қолдануға болады. Осы төрт бағыт бо­йын­ша ұйымдастырылған конкурс қоры­тындысы 5 маусымда шығарылып, балаларға түрлі сыйлықтар тапсырылады», дейді Ә.Әбдірахманова.

Былтыр Ырғыз-Торғай мем­лекеттік табиғи резерваты қыз­меткерлері «Парктер шеруі» акциясы бойынша 78 іс-шара ұйым­дастырып, оған Ақтөбе облысынан 5 мың адам қатысқан. Та­би­ғатты ластамау, қоқыс тастамау, көгалдандыру жұмыста­рын тұрақты түрде жүргізу, өзен-көлдердің бойын таза ұстау, бала­ларға экологиялық тәрбие беру – осы ізгілікті жұмыстың бас­ты бағыттарының бірі.

 

Ақтөбе облысы